«Жастар керуені» Боранқұл ауылында
12 Ноября 2017 (16:09) | 3146 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қолдауымен ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру-Жастар керуені» 9 қарашада Маңғыстау ауданын аралап, 10 қарашада Бейнеу ауданындағы Боранқұл елді мекеніне келіп жетті.
Ауыл жастарымен кездескен керуеншілер бірден өз жұмыстарына кірісіп кетті. Еркін форматта ашық сұхбат алаңында ауыл тұрғындарымен кездескен «Жастар керуенінің» жұмысын Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Үміт Әділқызы Әмірханова және Маңғыстау облысы жастар мәселесі басқармасының басшысы Аманғали Сүлейменұлы Нұрдәулетов ауыл жастарына арнаған құттықтау сөздерімен бастады.
Ауыл жастарымен кездесуге келген бір топ спикерлерге ашық сұхбат алаңында сахна төрінен орын ұсынылды. Олардың қатарында «Жаңа серпін» орталығының маманы Майра Досниязова, «Рухани жаңғыру» облыстық офисінің сарапшысы Бақтыбай Жайлау, ережесіз жекпе-жектен 2016 жылғы спорт шебері Шыңғыс Қайранов, «Тұрғын үй жинақ банкінің» өкілдері Майланова Бәлияш, Қаратаев Ахметхан және Маңғыстау облыстық Дін істері басқармасының ақпараттық-түсіндіру бөлімінің маманы, дінтанушы Газимов Нұрлан, Қарақия кәсіптік колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Сәбиева мен ІТ саласының маманы, Бейнеу политехникалық колледжінің ұстазы Тұрлан Оспанов болды.
Жастармен кездесуге арнайы келген әр сала маманына сұхбат алаңында сөз кезегі ұсынылды. Олар өзі қызмет ететін саласындағы мемлекет тарапынан жастар үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер және мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды. «Тұрғын үй жинақ банкінің» өкілі Майланова Бәлияш тұрғын үймен қамту бойынша төмен пайызды бағдарламаның берер мүмкіндіктері жайлы пайдалы ақпаратпен бөліссе, «Маңғыстау облыстық Дін істері орталығының» маманы, дінтанушы Газимов Нұрлан жат діни ағымдардан сақтану жөнінде жастарға пайдалы кеңестерін ұсынды. Слайд көрсету арқылы жат діни ағымдардың қаупі туралы мол мағұлмат, пайдалы ақпаратпен бөлісті. Интернет-сайттар арқылы теріс пиғылды діни ағымдардың ақпаратын таратқаны үшін заңмен көзделген жауапкершілік жөнінде ескертіп өтті.
«Жаңа серпін» орталығының маманы Майра Досниязова жастарды жұмыспен қамту, жаңа мамандықтарға оқыту, біліктіліктерін арттыру және кәсіптік бағдар берудің Маңғыстау өңірінде ғана бар ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Қарақия кәсіптік колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Сәбиева жас өрендерге мамандық таңдау барысында тегін кәсіптік білім берудің мүмкіндіктері, оның грантпен оқудан айырмашылығы туралы түсіндіріп, тегін кәсіптік білім беру бағытында оқуға түскен жастардың мәліметтері жұмыспен қамту базасына енгізіліп, оқуын аяқтаған сәтте автоматты түрде жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар екенін айтты. Жұмысшы мамандықтарын таңдаудың артықшылықтарына тоқталды.
«Рухани жаңғыру» облыстық штабының сарапшысы Бақтыбай Жайлау замандастары-жастарды Маңғыстаудай киелі, қазыналы өлкенің тұнған тарихын зерттеп-зерделеуге үндеді. Өзінің бастамасымен қазіргі таңда түсірілімі жүріп жатқан «Құлшар» атты фильмнің тарихымен таныстырды. «Шах-қазақ» лақап атымен танымал, ережесіз жекпе-жектен 2016 жылғы спорт шебері Шыңғыс Қайранов өзінің спорттағы жетістікке жету сырымен бөлісіп, жас ұрпақты намысты, жігерлі болуға шақырды.
ІТ саласының маманы, Бейнеу политехникалық колледжінің ұстазы Тұрлан Оспанов жастарды жаңа технологияларды меңгеріп, Елбасы ұсынған цифрлы Қазақстан бағдарламасын елімізде енгізуге белсенді үлес қосуға үндеді.
Шара аяқталған соң мәдениет үйінің фойесінде керуен қатарында келген әртүрлі сала мамандары ауыл тұрғындарына кеңестер берді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему