Тарихын тасқа жазған шеберлер
Курс валют в Актау
на 29/11/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
29 Ноября, 12:21
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Тарихын тасқа жазған шеберлер

23 Октября 2017 (09:45) | 4002 | Автор: Нурганым Имашева

Тас дегенім тас емес, шежіремді,

Шежіремнің талайды көзі көрді.

Ашық аспан астында галерея

Галерея сөз алшы, өзің енді.

Есенғали Раушанов

 

 

«Шебердің қолы ортақ, өнердің тілі ортақ», - дейді халық. Cан ғасырлар сынынан өтіп шираған, қазақ халқының табиғи дарынымен  өзектес, сондай-ақ халық өмірімен, тұрмысымен бірге өсіп,  біте қайнасып келген сәулет өнерінің әсем үлгі нұсқалары, өнер байлығы біздің мақтанышымыз деп айта аламыз. Қай өлкеде болсын қазақ зираты  құрылысы мен архитектуралық үлгілері  өзінше бір қайталанбас құбылыс. Ертедегі тас шеберлерінің  іске асқан қиялдарының  ең тартымды нысаны құлпытастар, қойтастар, күмбезтам, сағанатамдар болды деп айта аламыз. Тастан өрнек  салған қазақтың  хас шеберлерінің  мұндай туындыларында  көне дәуірлердің ізі анық байқалады. Шеберлер өз ісінде келесі бір қайталауға  бой алдырмаған, сол себепті әрбір діни-ғұрыптық кешен Маңғыстаудың тарихы мен мәдениетінің бірегей туындысы.

 

Бұл өлкеде сондай-ақ еліміздегі ежелгі сәулет ескерткіштерінің ең үздік  туындылары сақталған. Сыры кетсе де сыны кетпеген, көрерге көз керек тастан түйін түйген маңғыстау шеберлерінің қолынан шыққан туындылар қаншама... Олардың бірқатары: Бесімбай мен Қамысбай қорымдарындағы күмбезтамдар, Омар-Тұр, Уәлі, Тәжіке, Дорал-Құлшық, Алданазар күмбезтамдары т.б. әрқайсысы қайталанбас, айшықты өнер туындысы. Маңғыстауда сәулет өнерінің халықтық мектептері қалыптасқан. Қырымқұл ауылының шеберлері  – Өмір мен Темір, Өмір ұлдары Назар, Базар,Нұрпеке, Әмір ұлдары Беркен, Шәдіман, Бекжанұлы Қази, Әлмен Бердиевсияқты атақты шеберлер өлке жерінде таңдай қақтырар талай-талай қойтас, құлпытас, күмбезтамдар мен сағанатамдар салған. ХІХ-ХХ ғасырдың бастапқы кезеңдерінен бері қарай сәулет өнері ескерткішінің негізін қалаушы Жылқыбай Дораұлы, Есентемір Дүтбай, Кедей Қапаш, Шаншар Енсиев т.б.

 

Солардың бірегейі, шебер-сәулетші Өмір Қараұлы. Бұл-Қырымқұл ауылының  атадан балаға жалғасқан ақындық, діни сауаттылық, билік ұстау сияқты асыл қасиетттерінің ішіндегі шоқтығы биігі. Бұл ауылда  Берді балалары тас кесіп, там салады.

 

Өмірдің баласы Назардың салған тамдары Маңғыстаудың  әр түкпірінде кездеседі. Көпшілігінің  міні  құрымаған. Олар туралы тұңғыш рет М.Меңдіқұлов 1956 жылы «Памятники народной архитектуры полуострова Мангышлак и Западного Устюрта» деген кітабында жазды. Бұл кезде Назар да, басқа да сәулетшілер тірі болатын. Әкелі-балалы сәулетшілердің қолынан шыққан сәулет ескерткіштері  толық анықталып, классификация  жасалмаған. Бұл мақсатта Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени  қорығының қызметкерлері жұмыстанып келеді. Солардың көмегімен  және ел аузындағы, ұрпақтарының  ауызша деректерін қорыта келе, шеберлердің салған ескерткіштерінің бірсыпырасын  анықтауға мүмкіндік алдық.

 

Тәжі (Тәжіке) сұлудың күмбез тамы. Тәжі сұлудың  күмбез тамы орналасқан Ақүйік қорымы Маңғыстау ауданының орталығы  Шетпе селосынан  17 шақырым шығыс бағытта орын тепкен.«Тәжі сұлу – руы қаржау Бүркіттің қызы,  байпақ Есенұлы Оразалының әйелі екен. Тәжінің қасында Оразалыдан туған Мақаш жерленген» деп көрсетеді Өмірдің ұрпақтары.

 

 

Өлкетанушы І.Шыртанов «Коммунистік жол»  газетіндегі «Ескерткіш жайлы бір әңгіме» атты  мақаласында Алшын, Алхам  шежірешілердің  әңгімесіне сүйеніп, «ескерткіштің шығыс бетін – тоқтамыс Өмірбай, батыс бетін – қырымқұл Өмір қалады, еңбегіне алты қара алды» деп жазады.  Сөзіне дәлел ретінде, ескерткіштің батыс бетіндегі қабырғада жазылған:

«Өмірбай, Өмірменен шеберлерің,

Таңқалтты ою-өрнек, бедерлерің.

Жазы ыстық, күзі суық болса дағы

Алаштан асып түсті  өнерлерің» - деген бір шумақ өлеңді алға тартады.

 

Бұл өлең халықтың шеберлерге ризашылығы, көңілдерінің біткені. Оны екінші тұлғаның атынан  Өмірдің өзі де жазуы мүмкін.

 

Тәжі (Тәжіке) сұлу күмбезтамы жоспарда төрт бұрышты, қабырғалары үш қабатты, екі жағынан ақ бор тастармен қиылып, қапталып, ортасы саз балшық араласқан шой тастармен толтырылған. Алдыңғы беті қалған жақтарына  қарағанда биіктеу, осы бетінде есік ретінде төрт бұрышты ойық ойылған.

 

1979 жылдың 24 мамырында ескерткішке зерттеу жүргізген сәулетші-реставратор М.Нұрқабаев «Фасадтары таза тондағы майлы бояулармен сырланған. Бояулары оңып кеткен. Орнаменттік жазба контурлық сызба әдісімен орындалған. Қабырғаларында киім-кешек, тұрмыстық заттардың және мешіттің суреті бар. Интерьердегі бояулар жақсы сақталған, олар негізінен қызыл, сары, көк және жасыл бояулар» деп көрсетеді.

 

Сонымен қатар Қырымқұл шеберлерінің туындылары мұнымен шектелмейді, олардың қатарына:

Алданазар қорымындағы Алданазар күмбезтамы (Өмір Қараұлы салған), Әлібай (Қалнияз)  қорымындағы  Таңатар Бәтікен сағанатамы (Назар Өмірұлы салған), Бекі қорымындағы Мақат күмбезтамы (Базар мен Назар салған), Қараман ата қорымындағы Сүгірәлі Шойынбай күмбезтамы (Темір мен Өмір салған), Жандайдағы руы күмісбай  Біләл болысқа арналған күмбез там (Өмір салған), Шеберлердің қолынан шыққан сәулет ескерткіштердің бас-аяғы бұл емес. Оларды анықтау жұмыстары алдағы  уақытта да жүргізіле  бермек.

 

Тас шебері Әлмен Бердиев 1888 жылы Маңғыстау облысы, Шетпе ауылында дүниеге келген. Әлмен – нағыз тас шеберінің иесі. Қойтас, құлпытас пен бестастарды жасаған. Оның  өзгелерден ерекшеленуі  тастарды талғаммен таңдап,Қосқат, Атжол,  Үштоған  жерлерінің  тастарынан  алатын, қайталанбас  елден ерекше оюлары мен таңбалардан жасап  шығаруы болған, ел ішінде«Шебер Әлмен» аталып кеткен. Шебердің қолынан шыққан туындылар Қарашажы қорымы, Ербосан қорымы, Есалы қорымы, Жандай қорымы және Сонабай қорымдарында кездеседі:

Сонабай қорымындағы руы Қосай-Сүйіндік Төлеуов Хамит Ожанұлының басына құлпытас қойған; Сонабай қорымындағы руы Бәйімбет-әтенбек Өтебердиев Жұбанның басына құлпытас қойған және кереге тамын салған; Жандай қорымындағы руы Бәйімбет-Байбоз Асарбай Жуасұлының басына бестас пен құлпытас қойған; Ербосан қорымындағы руы Бәйімбет Қырымқұл Сақауов Айтмағанбеттің басына құлпытас қойған.

 

Бұл ескерткіштердің қатары қазіргі таңдағы зерттеліп сіздерге айтылған легі ғана, яғни Маңғыстау шеберлерінің туындысы әлі де болса зерттеліп, зерделенуде, және олар салып қалдырған  ескерткіштердің шегі  таусылмас...

 

Сондай-ақ тарихын тасқа қашаған шеберлердің қолынан шыққан туындылар тек өлкеде ғана емес, ұлан байтақ қазақ даласында да кездесіп,  өздерінің айрықша біріне-бірі ұқсамайтын ерекше күмбезтамдарға архитектуралық төгілте салған өрнегі,  өлкемізде күні бүгінге дейін ежелгі сән-салтанатын жоғалтпай келіп жеткен сағанатамдары, қазақ жерінің басқа аймақтарына қарағанда өзінің жасалу, тасты ойып салу, өрнектерін қиыстыру, ішкі көріністеріндегі бояуларының қанықтығымен ерекшеленетін туындылары ұрпақтан-ұрпаққа еш мәнін жоғалтпай жетіп, самсап тұрған ескерткіштер даламызды ерекше сәнге бөлеп тұр. Тек кездесіп қана қоймай, осы бір тастан түйін түйген  өнердің Маңғыстау сынды киелі өлкеде, талайлардың таңдайын қақтырған асыл өнердің осы топырақта ерекше дамығанын мойындап, үздік туындыларына басымызды иеміз.

 

Халықтық  сәулет өнерінің өрлеу кезеңі ХХ ғасырдың 70-жылдарында басталды. Осы тұста күмбезтамдар салу,  ескілерін жаңғырту, тасты өрнектеу сияқты  жұмыстар жан-жақты  қолға алынып, шеберлердің бүгінгі таңдағы жолын жалғастырушы ретінде Сайын Назарбек, Мақсұт Нұрқабаев,Көпбол Демесін, Ермұхан Әлиев, Жеңісбек Құлымбаев, Көшер Байғазиевсынды белгілі азаматтарды атауға болады. Олардың халықты таң қалдырған ескерткіштер легін мақтанышпен айтуға болады:

Қырықкез қорымындағы Жырау Қашаған Күржіманұлы күмбезтамы (1991 жылы Мақсұт Нұрқабаев салған), Қаратөбе жерінде Абыл ақын (1777-1864), Досан батыр (1829-1874) күмбездері (1991-1992 жылдары Сайын Назарбек салған), Оңтүстік Қазақстан облысындағы Домалақ ана кесенесі (1997 жылы Сайын Назарбек салған), Қызандағы, Ақшұқырдағы Ұлы Отан соғысында  қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш-монумент (1982-1995 жылдары Көпбол Демесінов салған), Ата-баба өнерінің орта жолда үзіліп қалмай желісінің жалғасын тауып, олардың жаңарып, жасарып кетуін тілейік ағайын.

 

Маңғыстау төсінде  күні бүгінге дейін қатары сиремей самсап тұрған ескерткіштер – осы өлкені жайлағандардың  бағзыдан бергі  жасампаз еңбегінің, жарқын болашаққа, жақсы армандарға  деген берік сенімінің көнекөз куәлері, көл-көсір шежіресі. Міне, осындай  мәдени мұраны көне деп қарамай, оны байырғы  байлығымыз деп бағалап, халқымыздың  тұрмыс қажетін  өтеуге тиімді пайдалануымыз керек.

 

Мұнайлы өлкенің  келешегі өте зор. Көкейде көздеген ой-мақсаттар да көп. Бағы жанып келе жатқан бағзы  өлкеміздің  болашағын бірлескен  күш-жігер, жасампаз істермен ғана  баянды ете аламыз, ағайын.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему