Бейнеуден Өзбекстан шекарасына дейінгі тас жолды жаңарту жұмыстары басталды
8 Июля 2017 (09:21) | 2227 | Автор: Мира Ботабекова
Астана күніне орай Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмысы басталды. Аталмыш жол - аса маңызды көлік инфрақұрылым нысаны болып табылады. Ол Құрық портынан шет елдерге жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Жолдың ұзындығы - 85шақырым. Ол Өзбекстан шекарасынан басталып Бейнеу ауданынан өтеді.
«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолы - Маңғыстаудың ірі көлік күретамыры. Жоба құны 20 млрд теңгеге жуық. Қажетті қаржы мемлекет қазынасынан бөлінді. Автомобиль жолы Каспий көлік дәлізінде жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін маңызды нысан.
Ескі жолды қайта жаңғырту жұмыстарының басталуына әсіресе Бейнеу ауданының жұртшылығы қуанышты. Жүзге тарта жергілікті тұрғын құрылыс басында еңбек ететін болады. Құрылысқа қырыққа жуық техника тартылды.
Болат Досов, Бейнеу аудандық мәслихатының депутаты:
-Өзбекстанға жол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданы арқылы ғана бар екен. Енді міне, тағы бір ескі жол жаңартылып, тас жол, автомобиль жолы салынатын болса, іргелес жатқан, көршілес жатқан мемлекетпен ара қатынас, сауда-саттық, экономикалық байланыс дами түсетіні анық және біздің елді-мекенде көпшілігі осы көршілес мемлекеттен көшіп келгеніне байланысты өздерінің тума-туысқандарына, ағайындарына жол жақын болатын болды.
Екі елді жалғайтын күре жол құрылысы келер жылдың соңына таман аяқталады. Бұл дәліздің еліміздің экономикасын дамыта түсуде маңызы зор. Көрші мемлекеттер аталған тас жолмен Құрық порты арқылы жүк тасымалдайтын болады. Қазір Қазақстанның жаңа портынан Ақтауға дейін де автожол салынып жатыр. Құрылыс аяқталған соң Құрық портының мүмкіндігі екі есеге дейін артпақ.
Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:
-Айналамыздағы Иран сияқты мемлекеттерге, Ресей, бүкіл Кавказ елдеріне, Түркменстан мемлекеттеріне, Өзбекстанға тікелей бүгінде жолдар ашылып, Маңғыстау өңірі бүкіл дүниежүзінің қарым-қатынасының үлкен қақпасына айналды. Орта есеппен есептегенде 68 пайызға шейін Қытай мемлекетіне шығатын үлкен жолдың торабы бүгінде осы Ақтау, Маңғыстау жері арқылы өтіп жатыр. Оның бәрі Тәуелсіз Қазақстанның жеткен мүмкіндіктері.
Күре жолдың сауда-саттықты дамытуда маңызы зор. Айта кетсек, өткен жылдың соңынан бастап Өзбекстан Республикасымен қарым-қатынасымыз нығая түскен болатын. Нәтижесінде, жыл басынан бері екі ел арасындағы сауда айналымы 37 %-ға өсті.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему