Отандық сот жүйесі халықаралық талаптар мен стандарттар қағидаларына сай
30 Июня 2017 (17:30) | 2499 | Автор: Мира Ботабекова
Елбасымыз егемендіктің ақ таңы атқан сәттен бастап-ақ сот жүйесінің дамуына ерекше қамқорлық танытып, тәуелсіз сот жүйесін құру туралы бастама көтергенін жақсы білеміз. Ата заңымызда мемлекетіміз Президент басқаруында үш билік тармағынан құралып, оның бір тармағы тәуелсіз сот билігі болып бекітіліп, азаматтардың заң мен сот алдында теңдігі және олардың кінәлі болып табылуы тек қана сот шешімімен белгіленетіні көрсетілді. Сондай-ақ, мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаны дамыту туралы» бағдарламасы еліміздің сот құрылысы мен сот өндірісін дамытуда ерекше маңызға ие.
Аталған реформа сот саласының өн бойына нәр жүгіртіп, тың жаңашылдықтарға жол ашты. Елімізде судьяларды кәсібилендіру қолға алынып, 2002 жылы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, 2004 жылы мамандандырылған әкімшілік соттар, 2010 жылы қылмыстық істер жөніндегі, ал 2012 жылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар бой көтерді. Мамандандырылған соттардың құрылуы жүктеменің азаюына, жеке категориядағы істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда, тұрғындарға ашық және қол жетімді етуге, заңды мүдделерi мен құқықтарын қалпына келтіру үшін сотқа жүгінген азаматтар мен заңды тұлғаларға тиісті жағдай орнатуға айтарлықтай ықпал етті десем артық айтқандық емес.
2010 жылы Қазақ елі Европа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етті. Алайда, төрағалық етуге өтініш білдірген елімізге сеніммен емес, күмәнмен қарағандардың қатары көп болды. Ұйым өкілдері демократиялық принциптерді тексеріп, мониторинг жүргізу нәтижесінде еліміздің сот жүйесі адам құқығын қорғауда Европалық стандарттарға сәйкес деп танылып, бізге төрағалық ету бұйырды. Ал, Қазақстан Судьялар Одағының Халықаралық Судьялар Қауымдастығы Ассоциациясына толық мүше болып қабылдануы сот жүйесінің абыройын одан әрі асқақ ете түсті. Бұл мемлекетіміздегі сот жүйесінің халықаралық талаптар мен стандарттар қағидаларына сай екендігінің нақты дәлелі деп ойлаймын. Сондай-ақ, елімізде «Медиация туралы» Заңның және жаңа Азаматтық процестік кодекстің қабылдануы дауларды баламалы тәсілдермен шешу мүмкіндігіне жол ашты. Істерді оңайлатылған, қысқартылған өндірісте қараудың заңмен реттелген процессуалдық мүмкіндіктері, бітімгершілік, медиация, партиспативтік рәсімдердің сотта жиі қолданылуы оң нәтижелерге жол бастады. Сот сатыларын оңтайландырудың да дер кезінде қолға алынуы істердің қаралу мерзімін барынша қысқаруға бағытталғанын айтып кеткен жөн. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қабылдануы отандық сот жүйесінің алдына бірнеше міндеттер қойды. Бүгінде ол міндеттердің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ауызбіршілікпен тыңғылықты түрде орындалғанын мақтанышпен айта аламыз.
Қорыта айтқанда, сот ісін жүргізу саласын реформалау, сот органдарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан әрбір шараның түпкі мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру. Сондықтан, сот жүйесін реформалау тоқтап қалатын құбылыс емес. Әрбір сәт Отандық сот жүйесін одан әрі қарай жетілдіру, соттардың рөлін арттыру, судьялардың тәуелсіздігін жоғарылату басты назарда.
Алтай Конусов, Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему