Ақтауда жағалауда жатқан үңгірлер мұражайға айналады
Курс валют в Актау
на 16/11/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Суббота,
16 Ноября, 11:16
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Ақтауда жағалауда жатқан үңгірлер мұражайға айналады

15 Мая 2017 (20:22) | 3318 | Автор: Мира Ботабекова

 

 

Хан ордалы Сарайшық, Абай, Домалақ ана кесенелерін салған белгілі сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлы Ақтаудағы жағалауда жатқан үңгірлерді көне қазақ жазуларының мұражайына айналдыруды ұсынып отыр. Аталған мұражай болашақта аймаққа келген туристер тамашалайтын керемет орындардың біріне айналуы мүмкін. Қазақты әлемге танытатын жобаға өңір басшысы қызығушылық танытып, қолдау білдіруде.

 

* Сайын аға, жылдар бойы бос жатқан үңгірлерді мұражайға айналдыру идеясы қалай пайда болды?

* Киелі өңірдің әрбір тауы мен тасы, ой-қыры құпия мен сырға толы. Әрқайсысы өзінше ерекше. Шығармашылық адамы болған соң Маңғыстаудың осындай керемет жерлерін аралап, қарап жүремін. Бірнеше жыл бұрын жағалаудағы жартастарды, үңгірлерді аралап жүріп, ешбір жерде кездеспейтін айрықша үңгірлерді неге пайдаға асырмасқа, халыққа, Маңғыстауға келетін қонақтарға көрсетпеске деген ой келген. Еліміздің басқа аймақтарында жұмыстар басталып, үңгірге қатысты ойым со бойы қалып қойды. Маңғыстауға келген жаңа әкім Ералы Тоғжановтың басшылығымен өткен бір жиналысқа қатысып отырғанмын. Қаланы абаттандыру, көркейту, теңіз жағалауын ретке келтіру мәселесін көтерген әкім үңгірлерді абаттандыру қажет екенін айтты. Ол жерлерді туристерге көрсете алатын тамаша орынға айналдырсақ деген ойымен бөлісті. Содан бұл үңгірлерді қалайша пайдалы мақсатқа жұмсауға болады деп іздене бастадым.

* Расында да бұл үңгірді пайдаланбаса, қоқысқа толып, ластанып, қаңғыбастардың панасына айналып бара жатыр...

* Иә, үңгір қоқысқа толып бара жатыр. Бұл өкінішті. Жалпы, бұл үңгірді тарихи орынға жатқызуға болады. Себебі, үңгірдің тарихы тереңде жатыр. Алла Жерді жаратқан уақытта, бүкіл жер су астында жатқан дейді. Ғалымдардың пікірі бойынша, ерте заманда суы тайыздау ұлы Тетис мұхиты болған. Тетис мұхитыныың астынан ең алғаш болып көрінген Маңғыстаудың Қаратауы болса керек. Себебі, Францияның ғалымдары 1900-жылдары сүйінші сұрапты, біз әлемдегі ең алғашқы тауды таптық, ол Маңғыстаудағы Қаратау депті. Бұл жер миллиардтаған жыл бұрын мұхиттың астындағы жер болған. Ең терең жерлерінің бірі болған. Мұхит суы тартылып кеткен соң теңіздегі жәндіктердің, жануарлардың тірі ағзалардың барлығының қалдығы түбіне түседі де, жинала береді, жинала береді, сонымен биіктігі жүздеген метр осы арада ақ тастар пайда болған. Жұмсақ жерлерін мұхиттың суы шайып кетіп, бізге төртінші шағын ауданда теңіз жағасында тұрған ерекше үңгірлер қалған.

Жалпы үңгірді адам баласы сыйлайды. Қай уақытта да қасиет тұтады, кие тұтады. Себебі, үңгір – алғашқы адамдардың мекен еткен жері, панасы. Үңгірлер мыңдаған жыл адамдарға пана болды. Адамдардың санасы жетіп үй салып, тұрмыс түзегенше осындай үңгірлерді мекендеген. Сондықтан да жақын жердегі үңгірді пайдалану керек.

- Үңгірдегі мұражайдың жобасын жасадыңыз ба?

-Қазақ халқының мәдениеті үшін жаным ауыратын адамның бірімін. Себебі, қазақ күшті елдің боданында болып, өзінің бай тарихын, мәдениетін көрсете алмай келді. Тарихтан өз орнын ала алмай келді. Сондықтан қазақ халқының еңсесі басылды, көп заттар ұмытылды. Сондықтан да қазір қазақ өркениетіне, мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына жаны ашитын кісілер, зиялы қауым өкілдері Ұлы Абай айтқандай, қазақ мәдениетінің кірпіші болып қалануға тырысу керек. Сондықтан да мен үңгірден қазақ мәдениетін бүкіл әлемге паш ететін жоба жасағым келеді. Қазір зертету жасап, ойластырып жатырмын. Мен осы үңгірді қазақтың көне жазуларының мұражайына айналдырғым келеді. Сонау Шумер заманынан басталатын жазулардан бастап қойсақ деймін мұражайға.

-Біздің жазу өнеріміз сонау Шумер заманынан бастала ма сонда?

- Бұдан 5500 жыл бұрын қазіргі Ирактың жерінде қос өзеннің бойында, Тигр және Ефрат өзендерінің бойында Шумер халқы болған. Қазіргі күнге жеткен жазба деректер бойынша Шумерді — біздің заманымыздан бұрын 3-мыңжылдықтың соңында негізінен шумерлер және аздаған мөлшерде шығыс семиттер – аккадтар мекендеген. Аккадтар шамамен — біздің заманымыздан бұрын 2400 жылы Аккаде қаласының негізін қалады. Осы уақыттан бастап Шумердің солтүстік облысы Аккад деп атала бастады. Джемдет-Наср және одан да ертеректегі Урук пен эль-Обейд археологиялық мәдениеттеріне тән ескерткіштер шумерлердің бұл аймақты біздің заманымыздан бұрын 5 – 4-мыңжылдықта мекендей бастағанын дәлелдейді. Шамамен біздің заманымыздан бұрын 3-мыңжылдықта Шумерде алғашқы мемлекеттік құрылым қалыптаса бастады. Зерттеушілер сына жазуы пайда болып, орныққан б.з.б. 2700 – 2300 жылы аралығын ерте әулеттік кезеңге жатқызады. Ол кезде бұл аймақта сыртында үлкен отбасылық қауымдар өмір сүрген көптеген қала-мемлекеттер құрылды. Ондағы негізгі халық толық құқық-ты қауым мүшелері мен оларға тәуелді қалалық ғибадатхана тұрғындары еді. Қалаларда дәулетті қауымдық ақсүйектер пайда болды. Шаруашылық жүргізу өзен суы және су қоймаларына жиналған жауын-шашын суын пайдаланып, егіншілікпен айналысуға негізделді.

Шумерлердің Гильгамеш деген патшасы болған. Урук деген қала болған. Гильгамеш қала, көше салып, су жүргізген, жазу жазған, алғашқы қоғамның заңдарын жазған. Сол жазулардың барлығы сол уақытта сазбалшыққа жазылып, күйдіріліп, кітап қылып сақталған. Жерорта теңізі маңайындағы көптеген елдер әрқайсысы өзінше «Гильгамеш дастанын» біздің бай мұрамыз деп ойлаған. Ливиялықтар, сириялықтар, мысырлықтар,сол маңдағы басқа да елдер шумер біздің мәдениет деп өз тілдерінде насихаттап жүрген. Бірақ ешқайсысы дастанды анық оқи алмайды.

Бірде археолотар Урук қаласын зерттеу үшін қазба жұмыстарын жүргізеді. Қазба жұмыстары кезінде 25 мың беттей сазбалшықтан жасалған кітаптардың беті табылған болатын. Ол «Гильгамеш туралы дастан» еді. Бұл дастан қазіргі ғылымға белгілі әдеби шығармалардың ең көнесі. «Гильгамеш туралы дастан» – ежелгі шығыс әдебиетінің ғажайып туындысы. Тым бағзы өркениеттердің бірінен саналатын шығыстың бұл ұлы поэтикалық мұрасы бүгінгі оқырманды өзінің көркем- пәлсапалық ойының аса биік деңгейімен ғана емес, бізге белгілі көлемді поэмалардың ішіндегі ең бағзылығымен де қызықтырады. Ол еуропалықтардың ең ескі дүниесі «Илиададан» 2500 жылдан астам, ал орыстардың «Игорь жасағы туралы жырынан» 4000 жыл көне. Осы Гильгамеш туралы дастанда шумер ақындары отан қорғау (Гильгамеш және Акка), дүниенің фәнилігі, адамдарды бәрібір өлімнің теңестіретіні, достық, қанағатшылық, дүние-байлыққа беріліп қанағатты ұмытқан адамдарды құдайлардың жазалауы, мәңгілік өмірді іздеу секілді

(«Гильгамеш және тірілер тауы», «Гилгамеш және аспан бұқасы», «Гилгамеш және мәжнүнтал») ойлар пәлсапалық тұрғыдан өте әсем тұжырымдалған.

Ғалымдар, тарихшылар сол табылған дастан беттерін ұзақ жылдар оқыды. «Гильгамеш дастанын» меншіктеп жүрген әр ел оқуға тырысты, бірақ ешбіріне ондағы таңбалар, жазулар таныс болмағандықтан оқи алмады.

Сөйтіп жүргенде әлгі кітаптағы жазулар көне түркі тілінде болып шықты. Ондағы көптеген сөздер қазақ тілінде бар сөздерге ұқсайды. Бұл әлем мәдениетінде қуанарлық, мақтанарлық жағдай болды. Себебі ең көне жазуларды, әріптерді түркі халықтары ойлап тапқан. Мен «Гельгамеш дастанын» орысшадан қазақшаға аудардым. Гильгамешті қазақшалап Күл Көмеш деп атадым. 5500 жыл бұрын дүниеде алғашқылардың бірі болып жазу жазған, алғашқылардың бірі болып қала салған халық екенімізді ұрпақ біліп, мақтанып өссінші деп аудардым бұл дастанды.

-Көне қазақ жазуларының мұражайына шумер жазуларынан басқа тағы қандай жазу, таңбалар қойылады?

- Қағанат заманындағы Құлтегін, Тоныкөк, Орхон-Енисей жазулары, Қаратау, Іле бойы мен Маңғыстаудағы тастарда жатқан таңбаларды жинақтам қойсақ деген ойым бар. Қазақтың көне жазулары туралы қазақ және ағылшын тілінде ақпарат жазылса. Шумер жазуларынан бастап, қазақ жазу мәдениетінің біздің эрамыздан 2700 жыл бұрын басталғандығын анықтап, бірнеше тілде жазып қойсақ, келген туристер, өзіміздің балаларымыз соны оқып, біздің қаншалықты мәдениеті бай, тым тереңде жатқан тарихы бар, білімді халық екенімізді білетін болады.

-Көне жазулар мен таңбалар үңгір ішіндегі жарға жазыла ма?

-Жоқ, мұндағы жарларға жазуға болмайды. Біріншіден, бұл үңгірдің табиғи қалпын сақтау керек. Екіншіден, үңгірдің ішкі беті, қабырғасы жұмсақ, 100-200 жылда жазылған жазу кетіп қалуы мүмкін, еңбек зая кетуі мүмкін. Сондықтан да үңгір ішіне 12 қанатты киіз үй тұрғызуымыз керек. Ағаш үй емес, киіз үй тастан өріледі. Киіз үй формасында тастан үй тұрғызамыз. Соның қабырғасына жоғарыда айтылған жазу мен таңбаларды түсіреміз. Біздің Жаңаөзен жақта керемет тастар бар. Сол тастардан киіз үйді тұрғызуға болады. Мен ол тастарды Хан ордалы Сарайшық, Абай, Домалақ ана кесенелерін салуға қолданған болатынмын. Сапасы өте жақсы.

Ал, киіз үйдің сыртына бүкіл әлемдегі түркілердің мәдениетімен байланысты не бар, соны жазсақ деп ойлап отырмыз. Мысалы, жапондардың ДНК-ы, яғни тектік тарихы қазақтармен сәйкес келеді. Осындай ұқсастық, ерекшеліктерді жазсақ. Бұл келер ұрпаққа білім береді, ал туристерге қазақты танытады.

Мәдениет бірінші сөйлеуден басталады, екінші жазудан. Сонда біздің сөзіміз 5500 жыл бұрын өмір сүрген шумерлердің тілінде жүрсе, біздің жазуымыз сол заманнан бері қарай жалғасып келе жатса, қазақ халқынан ұлы халық бар ма? Жоқ! Ең ұлы халықтардың біреуіміз. Соны жастардың жүрегіне сіңіру керек. Елбасы айтып отыр ғой Мәңгілік ел боламыз деп. Мәңгілік елдің белгілері осы!

-Әңгімеңізге рахмет! Жобаның сәтті жүзеге асуына тілектеспін!

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему