Маңғыстаулық жеті дзюдошы жеңімпаз атанды
3 Мая 2017 (17:50) | 2359 | Автор: Нурганым Имашева
Павлодарда Теміршот Нүкеновті еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасында VІІІ халықаралық турнир мәресіне жетті.
Жарысқа Ресей мемлекеті мен еліміздің барлық облысынан жиналған 300-ге жуық балуан қатысты. Олардың арасынан облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балуандары 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы, 73 келі салмақта Салауат Тоқсанов, +73 келі салмақта Амир Алдабергенов алтыннан алқа тағып, турнир чемпионы деген атаққа ие болды.
Одан бөлек 50 келі салмақта Азамат Ақылбаев күміс медальға ие болса, 48 келі салмақта Айкүн Рахметова, 52 келі салмақта Гүлнұр Нұрғалиқызы, 60 келі салмақта Төрекен Қобыланов қола медальдың иесі атанды.
Қуанышты жаңалықпен балуандарды жарысқа дайындаған белгілі бапкер Жомарт Қобыланов бөлісті.
-Жарыс 29-30 сәуір аралығында Павлодарда өтті. Бұл жолы жарысқа 9 шәкіртімді алып келдім. Шәкірттерімнің қарқыны жақсы. 7 спортшым жеңіс тұғырынан көрінді. Үшеуі алтын, біреу күміс және үшеуі қола медальды еншіледі.
Енді біз мамыр айында облыс орталығында биыл тоғызыншы рет дзюдодан өтетін халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирге дайындаламыз,-дейді облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов.
Сайыстың шешуші күнінде 73 келі салмақта боз кілемге шыққан Салауат Тоқсанов қарсыласы павлодарлық балуанды «иппон» әдісімен ұтып, бапкерлер үмітін ақтады. Білекті балуан одан кейінгі кездесулерінде де қарағандылық, тараздық балуандардан басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды. Ақтық сында астаналық балуанды айқын басымдылықта 10:1 есебімен жеңіп, жарыс чемпионы атанды.
-Дзюдоға екі жылдан бері қатысамын. Бұған дейін сәуір айында Қызылорда қаласында қазақша күрестен өткен ҚР чемпионатынан және наурыз айында Тараз қаласында дзюдодан өткен республикалық турнирде, 2016 жылы «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирге үшінші орынға ие болдым.
Самбодан халықаралық жарыста екінші орыннан көріндім. Алғаш рет халықаралық жарыста алтын медальға ие болып отырмын. Бүгін мен үшін өте қуанышты күн.
Жарысқа дайындаған бапкеріме, қолдау көрсеткен ата-анама алғыс айтамын. Болашақта қазақ елінің мақтаныштары Елдос Сметов, жерлес ағаларым Сұңғат Жұбатқан, Бауыржан Сағынғалиұлы сияқты әлемдік жарыстарда топ жарсам деймін. Ол үшін күні-түні еңбектеніп, аянбай тер төгіп, спортты тастамай айналысатын боламын,-дейді Салауат Тоқсанов.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему