Итбалықтардың жаппай қырылуы себебін алматылық ғалымдар анықтайды
26 Апреля 2017 (19:16) | 3756 |
Автор: Мира Ботабекова
Түпқараған ауданындағы жағалауда итбалықтардың жаппай қырылуына байланысты арнайы комиссия құрылды. Теңіз жағалауынан кешелі бері 250-ге жуық өлі итбалық табылған. Қазір құзырлы органдар күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Санитарлық жағдайды ушықтырмау үшін шіри бастаған өлекселер өртеліп жатыр. Сүтқоректілердің қырылу себебін анықтау үшін Алматыдан ұлттық ветеринария орталығының мамандары келді.
Өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мен коммуналдық қызметтің жұмысшылары 2 күннен бері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. 60-қа жуық адам күн түн демей жағалауды сүзіп, өлген итбалықтарды жинап жүр. Бұл жұмыстарға шетелдік компаниялардың еңбеккерлері де тартылған. Оншақты теxника жұмылдырылды.
Өлекселердің 90 пайызы шіріп, иістеніп кеткен. Олардан түрлі жұқпалы аурулардың таралуы мүмкін. Сондықтан да xалықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қала сыртындағы арнайы полигонда өлі итбалықтар өртеліп жатыр.
Алғаш рет осыдан екі күн бұрын 8 өлі итбалық табылған еді. Бүгін олардың саны 250-ге жетті. Сүтқоректілердің жаппай қырылуына байланысты Түпқараған ауданында арнайы комиссия құрылды.
Темірбек Асауов, Түпқараған ауданының әкімі:
-Санитарлық жағдайды ушықтырмау үшін біз түрлі шаралар қабылдадық. Итбалықтардың өлу себептерін анықтау мақсатында ветеринария және тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы, басқа да қызметтер шұғыл жұмыс жасап жатыр.
Жергілікті мамандар теңіз суы мен ауа құрамын зерттеп жатыр. Каспий жағалауының үш жерінен алынған сынама «Қазгидромет» орталығы, табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен экология департаментінің зертханаларында тексеріледі. Соңғысының сараптамасы дайын.
Бауыржан Әмірбеков, өңірлік экология департаменті басшысының орынбасары:
- Ауадан және судың қорытындысы бойынша ешқандай зиянды заттар табылмады. Сондықтан да біз мұны экологиялық апат деп санамаймыз. Себебі, су да таза, ауа да таза.
Итбалықтардың жаппай қырылу себебін жан-жақты зерттеумен ұлттық ветеринария орталығының мамандары айналыспақ. Алматылық ғалымдар бүгін Ақтауға ұшып келді.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему