Маңғыстау құрамасы жарыстың алғашқы күнінің жеңімпазы
25 Апреля 2017 (12:06) | 1952 | Автор: Нурганым Имашева
Облыс орталығында алғаш рет «Маңғыстау ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшылары, халық батырлары Иса-Досан» жүлдесіне арналған дзюдодан республикалық турнир өтті. Сенбі, жексенбі күндері «Каспий» спорт кешені дзюдо күресінің жанкүйерлеріне лық толы болды.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған байрақты бәсекеге еліміздің Астана мен Алматы қалаларынан және 14 облыстан жиналған 650 балуан қатысып, боз кілемде күш сынасты.
Сенбі күні «Каспий» спорт кешенінде өткен спорт бәсекесіне 2002-2004 жылы туған балуандар қатысты. Татамиде өткен бәсекелер аса тартысты өрбіді. Турнирдің алғашқы күні белдескен балуандардың арасынан 42 келі салмақта Маңғыстау ауданының балуаны Данияр Жолболдин екінші орынды иеленіп, қоржынға алғашқы күмісті салды.
-Алғашқы кездесуімде атыраулық, маңғыстаулық балуандарды айқын басымдылықпен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алдым. Шешуші сәтте шығыс қазақстандық балуанды «иппон» әдісімен жеңіп, финалға өттім. Өкінішке орай, финалда бұйырғаны күміс медаль болды. Жалпы, бұған дейін республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрмін. Дзюдоға 10 жасымнан бері қатысамын,-дейді Данияр Жолболдин.
Мұнан кейінгі белдесулерде облыс қоржынына алты алтын медальды 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы («Жас Батыр» спорт мектебі), 50 келі салмақта Азамат Ақылбаев («Жас Батыр» спорт мектебі), 60 келі салмақта Бексұлтан Қартбай («Толқын» спорт мектебі), 66 келі салмақта Бексұлтан Тұрғанбаев («Жас Батыр» спорт мектебі), 81 келі салмақта Жолдас Қартбаев (Маңғыстау ауданы), +81 келі салмақта Азамат Байниязов (Мұнайлы ауданы) салды.
Одан бөлек, 42 келі салмақта Данияр Жолболдин («Жас Батыр» спорт мектебі), 81 келі салмақта Аслан Ергешбай («Жас Батыр» спорт мектебі) күміс медальдің иесі атанса, 38 келі салмақта Ержігіт Тәжімұрат («Жас Батыр» спорт мектебі), 42 келі салмақта Талғат Климов («Жас Батыр» спорт мектебі), 46 келі салмақта Шыңғысхан Борамбаев (Жаңаөзен қаласы), 60 келі салмақта Төрекен Қобланов («Жас Батыр» спорт мектебі), 66 келі салмақта Мейірбек Қайрат («Толқын» спорт мектебі), 73 келі салмақта Ерлан Бакитов (Мұнайлы ауданы), 81 келі салмақта Қанатбек Аманжолов (Жыңғылды спорт интернаты), +81 келі салмақта Жандарбек Гукишов («Толқын» спорт мектебі) қола медальды қанағат тұтты.
Қыздар арасында жаңаөзендік арулар 57 келі салмақта Маржан Қаналиева мен 63 келі салмақта Мадина Теңелбаева алтын медальға қол жеткізсе, 44 келі салмақта Айгерім Еламанова («Жас Батыр» спорт мектебі), 52 келі салмақта Гүлжан Қаналиева (Жаңаөзен қаласы), 57 келі сламақта Альбина Мажитқызы (Жаңаөзен қаласы), 63 келі салмақта Нұрдана Сапарбай («Жас Батыр» спорт мектебі), 63 келі салмақта Әдемі Түзелбай (Шайыр ауылы) қоланы еншіледі.
Осылайша, жарыстың бірінші күні командалық есепте ұлдар арасында бірінші орыннан Маңғыстау облысының құрамасы көрінсе, екінші және үшінші орындарды Қарағанды облысы мен Құлсары қаласының құрамалары өзара бөлісті.
-1870 жылдың көктеміндегі халық батырлары Иса-Досан бастаған Маңғыстау ұлт азаттық көтерілісі-тарихи маңызы зор оқиғалардың бірі саналады. Батыр бабаларымыз бастаған бұл көтеріліс тарихта «Маңғыстау көтерілісі» деген атпен қалды. Осыған дейін аталарымызды ұрпақ есіне қалдыру үшін біраз шаруалар атқарылды. Бастарына кесенелер тұрғызылып, үлкен ас берілді. Аталарымыздың өмір жолы баяндалған кітап жинақтары жарық көрді.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында облыс орталығында кең көлемде спорт жарысын өткізу жөнінде былтыр шешім қабылдаған болатынбыз. Бұл бастаманы ата ұрпақтары, облыстық спорт басқармасы, облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығы қолдап, күнтізбелік жоспарға енгізді.
Елімізде дзюдо күресі қарқынды дамып келе жатқандықтан әрі Олимпиадалық спорт түріне жататындықтан жарысты осы спорт түрінен өткізуді таңдап алдық. Бұл салада отандық спортшылардың жеткен жетістіктері де ауқымды екенін айта кету керек. Алдағы уақытта батыр бабаларымыз Иса-Досан жүлдесіне арналған жарыстың беделін көтеріп, халықаралық деңгейде ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Биыл турнир алғаш рет өткізіліп отырғандығына қарамастан еліміздің барлық өңірінен 650 спортшы қатысқаны бізді қуантады. Алдағы жылдан бастап бұл жарыстың жеңімпаздарына «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ берілетін болады,-деді облыстық мәслихаттың депутаты, халық батырлары «Иса-Досан» ұрпағы әрі жарыстың демеушісі Нұрпейіс Сәрсенбай.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему