Ақын қызымен қауышты
2 Апреля 2017 (21:37) | 2496 | Автор: Нурганым Имашева
Жуырда Маңғыстау ауданы, Онды ауылының мәдениет үйінде осы ауылдың тумасы, өлкемізге танымал ақын-журналист Гүлнәр Науыршаның шығармашылығына арналған «Сағыныш саздары» атты әдеби-сазды кеші болып өтті.
Шығармашылық кешке ақынның балалық шағында құлын тайдай тебісіп, бірге өскен, мектеп қабырғасында бірге оқыған бір топ сыныптас жолдастары мен ауылдастары, мектеп оқушылары қатысты. Ондыдан түлеп ұшқан- ақын қыздарын құшақ жая қарсы алған ауылдастары қаламгер қыздарына ерекше ықылас танытты. Гүлнәр апаның анасы Жібек Қорғанова Онды ауылдық кеңесінің төрайымы болған, соғыстан кейінгі ауылшаруашылығын қалпына келтіру жылдарында белсене еңбек еткен аяулы аналардың бірі еді. Кеш барысында ол кісінің көзін көрген адамдар елге сіңірген ерен еңбегі туралы ризашылықпен еске алды. Ақын қыздарымен кездесуге келген жұртшылыққа қалам иесінің өмір жолы мен еңбек жолында шығармашылыққа бет бұру тәрізді баспалдақтарынан мағлұмат беріліп, сөз өнерін меңгерудің қыр-сыры, ақындық қабілетті шыңдау туралы біршама сауалдар қойылып, ақын қыз оларға жауап берді.
Әдеби-сазды кешке бүгінгі таңда өлкемізге танымал өнерпаздар, аудандық, облыстық, республикалық жыршы-термешілер байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы -Ниязтұрлы Бектұров, сазгерлер Марат Ордабаев, Самат Шауқаров, әнші-ұстаз Мейрамгүл Шоғықызы қатысып, Гүлнәр Науыршаның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Ауылдағы Ә. Кекілбайұлы атындағы орта мектептің бір топ оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, шығармашылық кештің ажарын аша түсті.
Сөз кезегі ұсынылғанда өз ілтипатын білдіріп, жерлестеріне ыстық сезімдерін жолдап, жүректі тербеген өлеңдерін оқыған Гүлнәр ақынды жерлестері зор ықыласпен тыңдады. Поэзияға сусап қалған ауыл тұрғындары ақынның нәзік, сыршыл лирикаға толы туған жер, ауылдың сұлу табиғаты, жанына жылу сыйлаған, өзінің балалық шағының куәсі болған ауылдастары туралы сағынышқа толы жырларын тыңдап, бір жасап қалды. Әдеби-сазды кештің соңында сахна төріне көтерілген Гүлнәр апаға бірге өскен қатар-құрбылары Әліпбай Қайырмағамбетов, Орынша Жүсіпова, мәдениет үйінің директоры Құндыз Бердібекова, мектеп директоры Тоғжан Бисекенова, Темірәлі Аманқалиев, Қараша мен Ризай апайлары жылы лебіздерін ақтарып, кеш иесінің иығына қамзол бешпент жапты, құшақ-құшақ гүл шоқтарын сыйлады. Ауыл әкімдігінің бас маманы Есей Манашов, «Наурыз мейрамы қарсаңында ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған, халқымыздың мақтанышы, ақын қызымыз Гүлнар Науыршаға ауыл тұрғындары атынан зор алғыс жариялаймын!»,-деп қаламгерге Алғыс хат тапсырды.
Кешке қатысқан танымал сатирик- жазушы, сазгер, ақын Ерекен Қорабаев әріптесі туралы өз пікірін былай білдірді:
-Жазу-сызуды мектеп қабырғасынан бастаған Гүлнар Науырша, мен өзім хат танып баспасөз жағалай бастаға кезімнен байқағаным, журналистік дәуірін біраз жыл еңбекке араласа жүріп бастады. Ол кезде таңдап жүріп оқитын газеттер саны онша көп емес, мен оның атағын Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінен жиі көретінмін. Шағын әңгіме, новеллалары, еңбек адамдары туралы мақалалары осы газетке шығып, біздің өлкеде танымалдардың бірі болып беделі ерте еселене өсті. Менің Гүлнарды алғашқы көргенім, жаңылыспасам, 90-жылдардың басында Шайырда өткен жеті қайқының бірі - Медет Жылкелдінің мерейтойында болды. Ән додасына жан-жақтан келген әншілермен қатар баспасөз өкілдерінің бірі талдырмаш қызды маған бір танысым «Гүлнар Науыршаева деген ақын қыз осы!» деп иегімен меңзеп көрсетті. Ол кезде ол Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында қызмет етеді екен. Белгілі журналист Бірғали Байекеевтен сұхбат алып отырғаны күні кешегідей әлі көз алдымда. Кейін өзім қалаға көшіп келген соң арагідік ұшырасып, жақын танысып аралас-құралас болып кеттік. Қолымыз тисе кездесіп, тимей жатырса телефон арқылы ойларымызбен бөлісіп жатамыз. Мазасыздау тілшілік қызметте еркін көсіліп әңгіме айтып отыруға сірә мұрса жоқ. Адамдар әжүк-күжік шүйіркелесіп, бір-біріне көңіл бөлуге бес минут уақыт
табылмайтындық, жалпы, қазіргінің үйреншігіне айналған заманда да арасын тауып хал сұрасып қаламыз. Таяу күндердің бірінде Гүлнар маған телефон шалып, өзінің туған жері Онды ауылының адамдарының шақыруымен әдеби кешін өткізгелі жатқандығын айтып, бірге барып қайтуға қолқа салған-ды. Наурыз айының соңы болса да, қыстың ызғары әлі мүлдем кете қоймаған, айтулы күні міне, бүгін, дәм айдап Ондыға келдік. Елдің поэзияға сусап қалғанын көрдік, әсіресе тобыр-тобырымен шығып өлең оқыған ауыл жастарын көріп бір марқайып қалдым. Қазақтың сөз өнерінің өміршеңдігіне, сөз иесі - өз ауылынан шыққан ақын қыздары Гүлнар Науыршаға жасалып жатырған құрметті көргендеоған тағы бір көзім жетті.
Шығармашылық кештен алған әсерімен бөлісуді сұрағанымда белгілі қоғам белсендісі Жәнібек Қожық:
-Бүгін міне, Онды ауылынан түлеп ұшқан Гүлнәр апайымыздың шығармашылық кеші өтіп жатыр. Онды ауылы өте киелі, елге аты танымал азаматтар шыққан жер: Әбіш Кекілбаев, Мұрат Өскінбаев сынды айтулы тұлғалар шыққан ел. Бұл жердің табиғаты да ерекше. Гүлнәр апай осы жерде дүниеге келіп, балалық балғын шағын да осы жерде өткізген. Біз Гүлнәр апайымыздың шығармашылығын жақсы білеміз, құрметтейміз, өлеңдерін жаттап өстік. Апамыздың бүгінгі шығармашылық кеші тамаша өтті. Апамыздың осы жерде дүниеге келгенін көрген Қалам есімді қарт апай бар, жасы үлкен апалар бар, Гүлнәр апайдың мектепте бірге оқыған құрдастары, сыныптастары, құлын-тайдай бірге өсіп, балалық шақты бірге кешкен достары бар, бір-бірін 45-46 жылға жуық кездестірмеген олар, бүгін осы жерде бас қосып, мәре-сәре боп жатыр. Ол - үлкен оқиға, үлкен құрмет. Гүлнәр апайымызға мықты денсаулық, шаңырағына шаттық, творчестволық табыс, барлық жақсылықтарды тілеймін. Апайымызды осылай қолпаштап келіп жатқан барша ағайынға, ауылдастарға, шексіз ризашылығымызды білдіреміз , - деді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему