Әкенің жолын жалғаған...
9 Февраля 2017 (15:56) | 3240 | Автор: Нурганым Имашева
«Әке көрген - оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Бұл - өмірдің өзінен ойып алынған, еш қоспасыз пәлсапалық ұғым екені айдан анық. Ұлды - әке, қызды – ана тәрбиелесе, одан ешкім ұтылмасы сөзсіз.
ҚАМҚОР ӘКЕ
Бүгінгі мақаланың кейіпкері Бердіхан Ордабаев қазір өз балаларына әрі – асқар таудай әке болып, әрі – анасының орнын жоқтатпай қамқоршы болып, бағып-қағып, өсіріп, тәрбиелеп отырған азамат.
Сонау 1995 жылдан бастап, Төтенше жағдайлар саласына қызметке орналасып, өрт сөндіру бөлімінде аға прапорщик шенінде жүргізуші болып еңбек жолын бастаған ол, аталған салада тапжылмай 20 жылдан аса қызмет етті. Былтыр – 2016 жылдың сәуір айында 45 жасқа толуына орай қызметтестері Бердіханды құрметпен зейнеткерлікке шығарып салды. №13 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне (басшысы – Утениязов Махамбет) өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болып қызметке тұрған ол аталған бөлімде 9 жыл бойы абыройлы еңбек еткен.
Өртсөндіру көлігінің жүргізушісі деген мамандық бір қарағанда қарапайым шофер кәсібінің иесі сияқты болып көрінгенмен, оның атқарар міндеттерінің жауапты әрі күрделі екені жайлы біреу білсе, бірі біле бермесі анық. Оның қызметі - «тілсіз жаумен» шайқасқа түсуге асыққан құтқарушы сарбаздарды оқиға орнына тез әрі аман жеткізуден бөлек, шұғыл әрі батыл қимылдау нәтижесінде өртке оранған ғимараттағы от жалынмен арпалысып, қызметтік көлікті дұрыс басқару арқылы қажетті қимыл-әрекеттерді орындап, шапшаң өртті сөндірумен қатар, адамдарды қауіптен аман алып қалуға бағытталған әрекеттерді жасау сияқты толып жатқан міндеттерді атқарудан тұрады. Сондықтан да осындай қызығынан гөрі қиындығы басым мамандыққа баруға екінің бірінің жүрегі дауаламасы белгілі.
2004 жылдан бастап ТЖ кезінде шұғыл әрекеттер жасауға арналған УАЗ көлігіне жүргізуші болып ауысқан біздің кейіпкеріміз №9 өрт сөндіру бөлімінің құрамында (бастығы – Маматов Хамит) 2016 жылы зейнеткерлікке шыққанша қызмет етті. Осы жылдар аралығында мінсіз қызметінің нәтижесінде өрт сөндіру көлігін жүргізудің аға нұсқаушысы лауазымына көтерілді. Өзінен кейінгі жастарға үлгі болып, ұзақ жылғы тәжірибесімен бөлісті.
Сонау 1992 жылы отбасын құрған Бердіхан Ордабаев жары Мереке Далуқызы екеуі 2 қыз, 3 ұлды өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған тату-тәтті отбасы болатын. Алайда 2006 жылы кенеттен келген ауыр сырқатқа шалдыққан жары Мереке 2012 жылы өмірден озды. Шиеттей бес баланы асырап, өсіру тауқыметі өзінің иығына түскенде тағдырдың басына салған сынағына мойымаған азамат Бердіхан бүгінде арада 5 жыл өткенде бауыр еті балаларын бір өзі бағып-қағып отыр. Үлкен қызы Жазираны ұзатып, өрісін кеңітсе, одан кіші ұлы Жәнібек әке жолын қуып, өртсөндіруші-құтқарушы мамандығын таңдаған.
Үшінші перзенті – қызы Айнұр туылғаннан есту қабілеті төмен болғандықтан, ІІІ топтағы мүгедектік тағайындалып, Ақтау қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын мектепті бітірген соң Ақтөбе қаласындағы (есту қабілеті бұзылған балаларға арналған, түзету бағытындағы) Облыстық мамандандырылған мектеп-интернет-колледжіне түсіп, қазір сол оқу орнында білім алуда. Ал кіші ұлдары Нұрлан мен Нұрбол №21 орта мектепте оқиды. Қамқор әкелерінің арқасында балалары алаңсыз өсіп жетілуде.
ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕ ЖЕМІСІ
Әке жолын жалғастырған үлкен ұлы Жәнібекпен кездесіп, сұхбаттасқанымызда оның асқар таудай әкесін өзіне үлгі тұтатынын, намысшыл, ер мінезді, қайсар жігіт екені байқалды. Әңгімелесу барысында бала кезінен әкесінің атқарған қызметіне қызығушылық танытып, кейін әскерден келген соң өртсөндіру қызметіне жұмысқа орналасқан жас жігіт қазір кіші сержант шеніндегі №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушысы. Орал қаласындағы Қазақ Инженерлік-техникалық университетінің І курсында сырттай оқып жүр, жоғары білім алып, болашақта инженер мамандығын меңгеруге талпынуда.
-Мен өртсөндіруші-құтқарушы мамандығын таңдаған себебім, әкем қызмет еткен салада еңбек етіп, елдің, халқымның амандығын сақтауға өз үлесімді қосуды мақсат еттім.
Бір жарым жылдан бері осы қызметтемін. Әкемнің жолын қуып, осы саланы таңдадым. Халқыма қызмет етіп, адам өмірін құтқаруды – өзімнің басты міндетім санаймын. Қызметте өзіме үлгі тұтатын басшыларымыз бар. Олар: өздерінің білімдерімен, тәжірибелерімен бөліскен Ақтау қаласы №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Жалғасбаев Нұрсұлтан Ерсінбайұлы. Сосын өзімнің 2-ші қарауылда болғандағы Тілепиев Ерлан есімді қарауыл бастығы болған командирім, сосын қазіргі командирім Аманов Нұржан атты азаматтардан үйреніп, тәжірибе жинаудамын. Олардың сабырлылығы мен алғырлығын өзіме үлгі тұтамын, -дейді жас сарбаз Жәнібек Жұмалы.
«Алғаш рет өрт сөндіру кезінде қорқыныш сезімі болды ма?» - деген сауалға кіші сержант Жәнібек Бердіханұлы: «Менде қорқыныш, үрей сезімі деген болған жоқ, керісінше, құтқарушылық қызметке деген зор қызығушылық болды бойымда, адамдарды тезірек өрттен құтқарып, отты ауыздықтауға асықтым. Тез-тез қимылдап, шұғыл әрекеттер жасап, белгілі бір уақытпен жұмыс жасадық», - деді. Өзінің ізінен ерген інілеріне, мектеп бітіруші жас түлектерге еш қорықпастан өртсөндіруші-құтқарушы мамандығын таңдауға кеңес беретіні жайлы айтқан Жәнібек, «Ел үшін қызмет ету – ер азаматтың қасиетті борышы деп білем, сондықтан адамдарды қауіптен құтқару арқылы сауапты істерді атқарып, халқымызға қорған болуымыз қажет», деген пікірін білдірді.
Әкесі Бердіхан болса, ТЖ саласында өзі қызмет еткен жылдары, ұлының таңдауы туралы ойымен бөлісе отырып,
-Өзімнің осы ТЖ саласында ұзақ жыл қызмет еткеніме ешбір өкінген емеспін, қайта оны мақтан тұтамын. Қазір ұлым Жәнібек те осы салада қызмет етуде. Менің жолымды қуып, баламның өртсөндіруші-құтқарушы мамандығын таңдағаны үшін, осы салада қызмет етіп жатқанына қуаныштымын, - дейді әкелік ризашылығын білдіріп, көңілі марқайып.
Жас құтқарушы Жәнібектің бойында өлең жазуға деген құштарлығы бар екен. Оны қызметтестері, басшылары айтқан соң, бір ауыз өлеңіңді оқып берші деп қолқаладық. Сонда жас сарбаз әкесіне арнап жазған мына өлеңін оқып берді:
Әкешім, ақылшым кемеңгерім,
Әкені мен бәйтерекке теңер едім.
Жаратқан жұмақ кілтін сыйлар болса,
Ойланбастан әкешіме берер едім.
Әкешім болмағанда егер менің
Бұл жалғанда кімге мен сенер едім?
Әкешім болмағанда егер менің
Бұл жарық дүниені көрер ме едім?!
Жас өртсөндіруші-құтқарушының басшыларымен кездескен сәтте сарбазға мінездеме беруін өтіндік. Ақтау қаласы №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Жалғасбаев Нұрсұлтан Ерсінбайұлы:
-Жұмалы Жәнібек Бердіханұлы - 1 жыл жарымдай болды Ақтау қаласы №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушы лауазымына қабылданып, қазіргі уақытта азаматтық қорғау кіші сержанты атағы берілді.
Әкесі Бердіхан Ордабаев ТЖ саласында ұзақ жыл қызмет етіп, №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіру көлігінің аға нұсқаушысы лауазымында болып, зейнеткерлікке шыққан болатын. Осы салаға 22 жыл еселі еңбек етіп, зор үлесін қосты, былтыр ол кісіні зейнеткерлікке шығарып салдық.
Енді оның баласы Жәнібек бізде қызмет атқаруда. Қазір Оралдағы ЖОО-да оқып жатыр, келешекте инженер мамандығын алып, ТЖ саласының үздік маманы болады деген сенімдеміз. Болашақта офицер - басшы құрамның қатарында қызмет етіп, ел амандығын, қауіпсіздігін қорғайтын үлгілі маман болады деп үміттенеміз.
Тәртібі жақсы, өзін тек үлгілі жағынан көрсетуде. Қоғамдық іс-шараларға белсене араласады, бойында ақындыққа жақын қасиеті де бар. Өлең жазумен айналысады. Шығармашылық қабілеті бар. Әкесінің жолын қуған сарбазымыздың отбасындағы алған өнегелі тәрбиесі өзгелерге де үлгі боларлықтай, - деген пікірін білдірді.
Расында, ұлдың нағыз ер азаматқа тән өр мінезді қайсар, батыл, намысшыл, елжанды болып ержетуі үшін әкенің үлгісінің, өнегелі тәрбиесінің ролі зор екені сөзсіз. Әсіресе, ел қауіпсіздігін қорғайтын ТЖ саласында нағыз ердің ері атқаратын өртсөндіруші-құтқарушы мамандығы бойынша еліне қызмет етуге бел буған азаматтардың арқасында ұрпақ сабақтастығының жалғасуы - құптарлық құбылыс.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему