Жас ана мен сәбиіне өмір сыйлаған
Курс валют в Актау
на 25/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
25 Апреля, 21:01
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Жас ана мен сәбиіне өмір сыйлаған

7 Мая 2014 (03:21) | 5994 | Автор: Редакция

 

Адам жанының арашасы болуды мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзіне үлкен мақсат қылған Гүлназ қызығынан гөрі қиындығы басым дәрігер мамандығын меңгеріп, өз арманына жетті,  әрі ата-анасының үкілі үмітін ақтады.

 

Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің онколог-химиотерапевт дәрігері Гүлназ Ғабиденқызының басынан өткен поездағы оқиғасы туралы әңгіме құлағымызға жеткеннен-ақ, өз аузынан естуді мақсат етіп, жұмыс орнына бардық.

 

Онколог-мамандардың Алматы қаласында өткен республикалық съезінен кеше ғана оралған дәрігерді бір көргеннен оның ойына алғанын іске асырмай қоймайтын қайсар, жігерлі, өзіне деген сенімі күшті, мықты жан әрі білікті маман екенін аңғардық. Поезда жол жүріп келе жатқан сапарында толғақ қысқан жас ананың аман-есен жеңілденіп, сәбидің жарық дүние есігін амандықпен ашуына зор еңбек сіңірген ақжелеңді абзал жан Гүлназ Ғабиденқызының әрекеті шын мәніндегі ерлік десек, мұнымыз артық айтпағанымыз.

 

Оқиға былай болған. 2013 жылдың шілде айының аяғында дәрігер Гүлназ Ислямғалиева Ақтөбе-Маңғыстау бағытындағы поездбен 4 жастағы ұлымен бірге студенттік шағы өткен қаладан келе жатады.

 

Поезд Бейнеу станциясынан асқан кезде купеге вагоннан-вагонға зыр жүгіріп, гинеколог-дәрігерді іздеген жолсерік келеді. Қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп жүрген Гүлназ Ғабиденқызының кешкі ауыз ашудан кейін тамақтанып бола берген кезі еді. Ол сәлден соң көрші вагонға барады, ойы «дәрігердің көмегіне зәру болған жанның жағдайын білу». Келсе, мұнда жас келіншек толғатып жатыр екен. Жанында тұрған екі дәрігердің бірі мен гинеколог емеспін-терапевтпін десе, екіншісі-мен дәрігер-реаниматологпын деп жөндеріне кете барған.

 

Өзінің дәрігерлік міндетін адалдықпен атқаруға үйренген Гүлназ Ғабиденқызының  ойына толғақ қысып жатқан жас ананы тастап кету мүлдем келмеген. Келе салып, жас келіншектің жағдайын көрісімен қарап тұрмай, бірден дәрігерлік борышын атқаруға кірісіп кетеді.

 

Қасында егде жастағы енесі бар, Әйгерім есімді жас келіншекті Бейнеуден дәрігерлер: «іштегі баланың салмағы үлкен, анасының қаны аз» деген себептермен облыстық перинаталдық Орталыққа жібереді. Әртүрлі жайларға байланысты үйде тағы 1-2 күн аялдап қалған жас келіншек Ақтауды бетке алып, жолға шығады. Таңертеңнен басталған толғақ белгілеріне де жастықпен мән бермеген ол, ақыры үлкен жол үстінде қиналысқа түседі.

 

«Сай-Өтес» станциясынан поездға шақыртумен келіп отырған фельдшер болса, тәжірибесінің аздығын айтып, дәрігер Гүлназ Ғабиденқызының біліктілігіне арқа сүйеумен болады.

 

Медициналық институтты хирург-дәрігер мамандығы бойынша тамамдаған Гүлназ Ислямғалиева оқуы кезінде босануды көргенінен, теориялық білім ретінде оқығандарын дереу еске түсіруге тырысады. Сөйтеді де, жас ананы аман босандырудың өзіне таныс барлық тәсілін қолданып көреді. Жағдайдың сонша қолайсыз болуына қарамастан, бар күшін салып, мұндай жағдайды басынан алғаш рет өткізіп отырған жас келіншекті аман-есен босандырып алуды ойлайды.

 

Біраз қиналыстан соң сәби дүниеге келеді, алайда оның жарық дүниеге енгенінен хабар беретін «іңгәсі» естілмейді. Дәрігер үйреншікті әдісті қолданғанмен, сәбидің жылаған дауысы шыға қоймайды. Сонда Гүлназ Ғабиденқызы шақалақтың аузын екі қолымен тазартуға кіріседі. Сол-ақ екен, баланың «іңгәлаған» тәтті үні вагон ішін жаңғыртады. Оны естіген вагонның барлық жолаушылары қуанғаннан дүркіретіп қол соғады, олардың барлығы өз купелерінен шығып, дәлізде қуанышты хабарды тосып тұр екен. Сол кезде сағат түнгі он бірден ауып бара жатқан кез болса керек. «Сай Өтес» пен «Шетпенің» аралығы 4 сағаттай уақытқа созылатыны белгілі.

 

Сәбиді жанындағы фельдшерге тапсырған дәрігер Гүлназ Ғабиденқызының ендігі бар ойы жас ананың бұдан әрі жағдайы қалай болатынын ойлауға ойысады. Баланың жолдасын аман түсіріп, ананың қан кетуден әлсіреуін болдырмауға бар күшін салған ол, жатыр мойынан кетіп жатқан қанды байқаған соң, қиылған екі тамырды тауып, олардан қан кетуді тоқтатады. Сөйтіп, поезд таңғы үш жарымда «Шетпе» станциясына келіп тоқтағанда, поездға жетіп үлгерген дәрігерлер бригадасына ана мен баланы аман-есен тапсырады.

 

Өмір есігін ашқан сәбидің есімін Гүлназ деп атауды өтінген дәрігер Ақтауға дейін сапарын жалғастырады. Төрт жасар ұлы болса, анасын күтіп, купесінде ұйықтап қалған еді. Әріптестері жайбырақат кете барғанда, Гүлназ Ғабиденқызы кете алмады, өзінің дәрігерлік антына адалдық танытып, ең соңына дейін міндетін атқарып, жас ана мен сәбиге адам үшін ең құнды-өмірді сыйлады.

 

Бір кезде жастық шақтарында өздері де дәрігер болуға ұмтылған, бірақ ол армандарына жете алмаған өз ата-анасының ақ армандарын орындап, өз мақсатына жеткен қыздары Гүлназ, Орал қаласындағы ауылшаруашылық институтын тамамдаған әкесі Ғабиден мен анасы Злиханың үкілеген үмітін ақтады.

 

Бүгінгі таңда химиотерапевт-онколог дәрігер болып еңбек етіп жүрген біздің кейіпкеріміз Гүлназ Ғабиденқызы өз мамандығының қыр-сырына терең үңілетін білікті маман. Онкология саласында қызмет ете жүріп, науқастардың күрделі сырқатпен күресуіне жәрдем беріп, осы жолда бар жігерімен аянбай, адал еңбектенуде.

 

Өзінің поездағы оқиғаға қатысты жасаған әрекетін ешбір ерлік деп ойламайтынын, бар мақсаты-ананың өмірін сақтап қалу болғанын айтып, өз ойымен бөлісті. Қызығынан гөрі қиындығы басым дәрігерлік мамандықты өзінен кейінгі сіңлісі таңдаса қарсы болатынын білдірді, «мен-өз мінезіммен, ерік-жігеріммен дәрігер бола аламын, ал шығармашылыққа бейім сіңлім осы салаға бет бұрғаны дұрыс деп ойлаймын. Қазір 5 жастағы ұлым тіс дәрігері болам дейді кейде, мен оған қарсы болмас едім, себебі ол ұл ғой, оған өте қиын болмауы мүмкін»,-деп жауап берді біздің сауалымызға.

 

Гүлназ Ғабиденқызының өмір сыйлаған сәбиі-кішкентай қыз бала шілденің аяғында 1 жасқа толады. Өмірге аман келуіне себепші болған оның кіндік шешесі сәбиді көргісі келетінін жасырмады.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему