«Түркия азаматтарымен тұрмыс құрған қаракөздер көп...»
Курс валют в Актау
на 26/11/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Вторник,
26 Ноября, 03:52
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

«Түркия азаматтарымен тұрмыс құрған қаракөздер көп...»

11 Декабря 2016 (14:25) | 1955 | Автор: Мира Ботабекова

 

«Жанартау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Шамшадиновамен сұхбат

 

 

 

-Анар Амангелдіқызы, өзіңіз бастаған «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің мүшелері Түркия, Әзірбайжан және Ресейдегі қазақтармен жүздесіп қайтты. Сұхбатымызды осы сапардың мақсатынан бастасақ...

- Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл. Мәртебелі мереке қарсаңында «Шетелде тұратын қазақ диаспорасымен әлеуметтік және мәдени байланыстарды дамыту» жобасын қолға алдық. Бұл облыстық ішкі саясат басқармасының жаңа жобасы. Басты мақсат – Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі жатқан қазақ елінің жетістіктерін паш ету және атамекеннен алыста жүрген қаракөз бауырлардың тыныс-тіршілігімен етене танысып, қал-жағдайын білу. Сондай-ақ бірлестік мүшелері дарынды жастарды іздестіріп, анықтап, олардың шығармашылығын дамытуға ықпал етуді көздейді. Талантты қандастарымызды Қазақстанға таныстырғымыз келеді. Осылайша шеттегі қазақтармен өзара байланысты нығайту ойда бар.

-Маңғыстаулық делегацияның сапары қай елден басталды?

- Көрші Ресейден бастадық. Білім, мәдениет салаларының өкілдері мен «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлерінен құралған делегация Мәскеуде 3 күн болып, орыс жерін мекен еткен қандастармен жүздесіп, бірқатар шараларға қатысты.

Алдымен, Мәскеудегі Кеңестер Одағының батыры, қазақтың қайсар қызы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепке бас сұқтық. 1982 жылы салынған мектеп кешенінде 1 мыңнан астам оқушы білім алады екен. 2002 жылы Әлия Молдағұлованың ерлігін паш ететін мұражай ашылған. Жастайынан жетімдік көріп, есін біле сала, қан майданға аттанған батыр қыздың қысқа да мәңгілік өмірі туралы көп деректер жинақталған. Әлияның соғыста киген жейдесі, жазған хаттары сақтаулы тұр. Ал, мектеп мұғалімдері Маңғыстаудан келген делегацияның құрметіне ашық сабақ өткізді. «Ата-ана мейірімінен ерте айырылған қазақ қызы соғысқа өзі сұранып аттанады. Бірде майданда әскери басшылардың бірі оған картоп тазалауды тапсырады. Сонда Әлия «Мен майданға картоп аршу үшін емес, соғысу үшін келдім» деп ұрысқа шығуға рұқсат етуін сұрайды. Жүрегі елім, жерім деп соққан патриот қыз неміс басқыншыларымен батырлықпен шайқаса білді. Әттең, балалықтың бақытын көре алмаған ол жалындаған 19 жасында жер құшты. Біз мектебіміздің Әлия Молдағұлованың атын иеленгенін мақтан тұтамыз. Мектеп кешені осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Республикасының қолдауымен спорт, акт залдарына қажетті құрал-жабдық, жиһаз, компьютерлер, интерактивті тақталармен жаңартылды,-деп Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-кешенінің 4 «Г» сыныбының мұғалімі Е.Пастушок қазақтың батыр қызы туралы әңгімеледі. Оқушылар болса қазақтың қайсар қызының ерлігін асқан мақтанышпен, жарыса әңгімеледі. Мектеп мұражайымен танысып, ашық сабаққа қатысқан соң Әлия Молдағұлова ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық.

-Ресейде неше қазақ тұрады екен? Бауырларымыз негізінен қай салада еңбек етіп жүр?

- Статистикалық мәліметтер бойынша, Ресей Федерациясында 1 300 000-дай қазақ тұрады. Олардың көпшілігі Қазақстанмен шекаралас Алтай өлкесі, Самара, Орынбор, Омбы, Астраханьда өмір сүріп жатыр. «Астана» қорының басшысы Жарқын Қоңырбайқызының айтуынша, мұндағы қандастарымыздың басым көпшілігі ақыл-ой еңбегімен айналысады екен. Көбісі ұстаздық етіп, бизнес саласында табыс тауып жүр. Біз қазақ диаспорасының өкілдерімен Қазақстан елшілігінде кездестік. Мәскеуді мекен еткен қандастарымыз елшілік үйіне көп жиналды. Атамекеннің амандығын тілеп, жеткен жетістіктеріне қуанатын олар кездесуде жүрекжарды сырларымен бөлісті. «Туған жер дегенде жүрек шіркін жібіп, жылып қоя береді. Ел дегенде елжіреп кетесің», дейді олар. Солардың бірі – мәскеулік Талап Мақашов. Орал өңірінің тумасы орыстың бас қаласында 55 жылдан бері тұрады екен. Мәскеудің автомобиль институтына оқуға түскен жас жігіт өзінің терең білімділігі мен алғырлығының арқасында көзге түсіп, осында қызметке араласады. Абыройлы еңбек ете білген Талап Құбашұлы зейнеткерлікке шықса да, күні бүгінде ұстаздықтан қол үзбеген. «Отандас деген тәтті сөз, жылы сөз. Бұл – жүрегіміз бір деген сөз. «Жеріңе, үйіңе жақсы адам келсе, нұр төгіледі» деуші еді қазақ. Мәскеуге маңғыстаулықтар келген күні алғашқы қар жауды. Елден, туған жерден жарты ғасырдан астам уақыттан бері жырақ жүрсек те, салт-дәстүріміз бен ана тілімізді еш ұмытқан жоқпыз. Ең қиыны, қазақ мектептері болмағандықтан, жастар туған тілдерін білмейді. Туған жерді сағынып, 2-3 жыл сайын барып тұрамыз. Елден еш қол үзбейміз, үзгіміз де келмейді. Демалысымның барлығы тек Қазақстанда өтеді. Ауасын жұтып, жерін бір көрудің өзі – бір ғанибет, бір бақыт!-деп Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілі Т.Мақашов туған жерге деген сезімін білдірді.

Ташкентте туып өскен Болат Өнерұлы да Мәскеуде талай жылдардан бері тұрады екен. Оны көпшілік «Алтын күз» Мәскеу жастарының арасындағы қазақ әндерінен конкурс-фестивалін ұйымдастырушы ретінде, қазақ өнерін насихаттаушы деп таниды. «Әрине, әркімнің өз отбасы, өз тұрмысы бар. Бірақ, бір нәрсе бәрімізге ортақ. Ол шыққан тегіміз. Оны ешқашан ұмытуға болмайды. Қазақстанмен араласып-құраласып, адами достық көпірін құрып, бірлескен шаралар өткізгіміз келеді. Абай оқулары өткізудегі мақсатымыз- қазақтың бар екенін паш ету, ана тіліміздің мәртебесін көтеру. Қазір қазақ жерін көріп, елге барғандай болып тұрмын. Осындай шаралар мен жылы кездесулер көп болғай, -деді Б. Өнерұлы.

Баянауылдық Серік Тойғамбаев жас кезінде орыс жеріне білім іздеп келіпті. Бүгінгі профессор Қазақстандағы жоғары білім жүйесіне қатысты бірқатар мәселелердің барын айтады. Ал, мәдениеттанушы Дәмелі Тасмағамбетова осындағы «Қазақ автономиясы» ұйымын басқарады екен. «Қазақтардың басы қосылып, жан-жақтан жинала қалсақ, қатты қуанамын. «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шара мәдениет пен рухтың мерекесі болды деуге болады. Экраннан берілген роликтен Маңғыстау табиғатын көріп, таң қалып отырмын. Қандай әдемі, қандай ғажап! Меніңше, қазақты әлемге танытуда бізде еш қиындық жоқ. Қазақ елі жасай берсін!-деді Д.Тасмағамбетова.

Мәскеудегі халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдаудың «Астана» қорының белсендісі, Н.Бауман атындағы мемлекеттік техникалық университетте декан, кафедра меңгерушісі Рақымбай Мыңжасаров еңбек жолын 1987 жылы Ақтау қаласында бастаған. Көп ұзамай жолдамамен Мәскеуге аттанады. Міне, содан бері 30 жыл уақыт өтіпті. Жамбыл облысында туып-өскен Рақымбай Исатайұлы орыс астанасында абыройлы еңбек етіп келеді.

-Ресейдегі қандастардың қазақшасы қалай екен? Ұлттың дәстүрді сақтай алып па?

- Үш күнге созылған Мәскеудегі іссапар барысында ана тілінде сөйлеп, салт-дәстүрін сақтап, шариғаттан аспаған қандастарымды көрдім. Қайта тарихи Отаннан алыста жүрген ағайынның ана тілге деген құрметі ерекше. Алғашқы қардың жауғанына елдің ыстық сәлемі мен ықыласы деп сенген олардың барлығы да өз істерінің мамандары, өз ұлттарының патриоттары екен. Орыс жеріндегі қазағымның ұл-қыздарының бауырмалдылығы мен адал көңілдеріне тәнті болдым. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіру және ақпараттандыру бойынша Мәскеуде тұратын қазақ диаспоралары өкілдерінің ішінен пул құрылып, «Астана» қоғамдық қорымен әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Тақырыпқа сай арнайы дайындалған кітапшалар мен ақпараттық бетшелер таратылды.

-Қазақ мектептерінде болдыңыздар ма?

- Бір өкініштісі, Ресейде қазақ мектептері аз екен. Есесіне, батырларымыздың есімдері берілген білім ордалары баршылық. Бұл көңіл қуантты. Маңғыстаулықтардың келесі аялдаған нысаны Бауыржан Момышұлы атындағы №19-12 мектеп кешені болды. Алғашқы түлегін сонау 1934 жылы ұшырған байырғы білім ордасына 2010 жылы Кеңестер Одағының батыры, қазақтың қаһарманы Бауыржан Момышұлының аты берілген. 1470 оқушы білім алатын кешендегі үш мұражайдың бірі батыр атамызға арналыпты. Қазақстандықтармен кездесуге мектеп мұғалімдері мен оқушылардан басқа тұрғындар да жиналыпты.

Мектеп оқушылары мұражайды бізге асқан жауапкершілікпен таныстырды. Батыр туралы тың деректерді айтып, қазақ ұлының мәртебесін көтерді. Бауыржан батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған соң делегация мүшелері Дон зираттар қауымында жатқан Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың бейітіне тәу етіп, құран бағыштады.

Келесі кездесу әйгілі Мәскеу мемлекеттік университетінде болып өтті. Онда делегация мүшелері қазақстандық студенттермен жүздесті. Алғашқы сөзді Азия және Африка елдері институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Жібек Сыздықова алды. «Өмір көрсеткендей, әлемде ешбір ел өзінше жеке дара күн кеше алмайды. Бірқатар елдердің бүгінгі жағдайы соны көрсетеді. Қазақстан елінің тәуелсіз болғанына 25 жыл. Бұл-қазақ халқының жеткен жетістігі, бостандық оңай келген жоқ. көптеген орыс ұлтының өкілдері қазақ еліне риза. Қиын-қыстау қазақ жұрты талай жанды құшағына басып, қолындағы нанымен бөлісті»,-деді түркітанушы Ж.Сыздықова.

Мәскеудің түрлі жоғары оқу орындарында 11 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды. Білім алған соң олардың 10 пайызы елге оралмайды. Студенттердің 30 пайызы бюджеттік бөлімде оқыса, қалғандары ақылы бөлімдерде. Дегенмен, Ресей мемлекетінің жыл сайынғы гранттарына жерлестеріміз де қол жеткізеді. «Меніңше, Қазақстанда орта білім жүйесі өте жақсы дамыған. Бірақ, жоғары білім беруде көптеген мәселелер деп ойлаймын. Мәскеудегі қазақ жастары өте алғырлығымен, қабілеттілігімен көзге түседі. Олар шама келгенше, бұл жақтан көп білім алып кетуге тырысады. Олардың талпыныстарын оқытушылар жоғары бағалайды»,-деді Мәскеудегі студенттер қауымдастығының басшысы, жоғары экономика мектебінің магистрі Қ.Төлебаев.

-Ресейден кейінгі сапар Әзірбайжан елінде жалғасыпты. Әзірбайжандық қазақтар туралы айтып берсеңіз.

- «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен делегация мүшелері Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында болып, бүкіләлемдік кеден ұйымы ғимаратында қазақ диаспорасы өкілдері мен қазақстандық студенттермен кездестік. Баку қаласында тұратын қандастарымыз көп емес. Отандастарымыздың көбісі Әзірбайжан астанасынан алшақта тұрады екен. Есесіне Бакуде білім алып жатқан қазақстандық студенттердің саны жыл санап артып барады. Солардың бірі – Нұрдәулет Серіков. Әзірбайжан теңіз академиясының 4 курс студенті шетелде алған білімді туған елдің игілігіне жұмсайтынын айтты. «Қазақстандық делегациялармен өткізілетін мұндай шараларға қуана-қуана келемін! Елімнің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құтты болып, Қазақстан әрқашан алға қарай қарыштай бергей! Әрине, елді сағынамын. Бірақ, мұнда алған білімді туған жерімнің болашағына арнайтынымды ойласам, білімге деген құштарлығым артады. Бізді іздеп алыстан келген маңғыстаулық «Жанартау» қоғамдық бірлестігіне сәттілік тілеймін»,-деді болашақ теңізші Н. Серіков.

Қазақстандық делегациямен кездесуге әзірбайжан ұлтының өкілдері де қатысты. Түбі бір түркі тілдес қос ұлттың азаматтары өз тілдерінде сөйлесе де, бір-бірімізді ықыласпен тыңдап аудармашысыз түсінесе алдық. Каспий теңізіндегі көршілер қазақ еліне деген сүйіспеншіліктерін жеткізді. «Түбі бір түркі халқымыз ғой! Бүгінде экономикасы қарқынды дамыған Қазақстанды өте құрмет тұтатынымды айтқым келеді. Екі ел бауыр, дос. Арамызды Каспий теңізі бөліп жатыр, бірақ, ол достыққа шекара емес, қайта ол алтын көпір. Қазақ халқымен жүзіміз бір, ниетіміз бір, бағытымыз бір. Қазақстан дамып, ұрпақтары өсе берсін! Әрқашан Алланың назарында болғай! Маңғыстаудан келген «Жанартау» қоғамдық ұйымына алғыс айтамын, қадамдарыңызға гүл біткей», деп Бакудағы шет тілдер университетінің оқытушысы, профессор М.Теймурұлы бізбен кездескеніне қуанышты екенін жеткізді.

Бұл кездесуге Әзірбайжандағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері де қатысты. Әзірбайжандағы ҚР Елшілігі консулдық бөлімінің меңгерушісі Н.Аймашев маңызы зор жобаны жүзеге асырып жатқан Маңғыстау облысының әкімдігіне алғысын білдірді. Бұл шараға бауырлас ел өкілдері қазақтар мен әзірбайжандар қатысып отыр. Сондықтан да болашақта Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы достық пен мәдени байланыстарды дамытуға өз үлесін қосады деп сенемін. «Жанартаудың» жаңа жобасына сәттілік тілеймін! Осындай ел мен елді, ұлт пен ұлысты біріктіретін бастамалар көп болғай!-деді Әзірбайжандағы ҚР Елшілігі консулдық бөлімінің меңгерушісі Н.Аймашев.

Көрші елмен Қазақстанның мәдени ғана емес, суда-экономикалық байланысы да жыл сайын артып келеді. Қазақстан мен Әзірбайжанның сыртқы саудасының жалпы көлемі 303 миллион АҚШ долларын құрайды. Елімізде Әзірбайжан Республикасымен бірлескен 34 кәсіпорын жұмыс істейді.

-Ал, Түркиядағы кездесулер несімен ерекшеленді?

-Тағдырдың жазуымен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып, атамекеннен алыста, шетелдерде қазақ атын жоғалтпай күн кешіп жатқан отандастар мен қандастарды іздеп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында елдің жеткен жетістіктерін баяндап, ыстық сәлемін жеткізуге жолға шыққан «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің арнайы делегациясын түрік қазақтары қорының басшылары мен Түркиядағы Қазақстан Республикасының консулдығының өкілдері Ататүрік әуежайынан күтіп алды.

Маңғыстаулықтардың Түркиядағы сапары Стамбулдың Зейтүнбурну ауданында орналасқан қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев атындағы орта білім беретін мектепте басталды. Мәрмәр теңізінің жағасындағы Зейтүнбурну ауданында қазақтар көп

шоғырланған. 2005 жылғы мәліметтер бойынша, онда 3 мыңдай қазақ отбасы тұратын. Бүгінде олардың саны арта түскен. Мектептің акт залына оқушылар мен ұстаздар жиналып, қазақстандық делегация өкілдерімен кездесті. Түрік қазақтары қоры директорының орынбасары Зафер Селви ата жұрттан арнайы келген бауырларға ризашылығын білдірді.

-Абай атамыздың есімін иеленген мектеп оқушылары қазақша біле ма екен?

-Екі мыңға жуық оқушы оқитын білім ордасы 1995 жылы қазақ ақынының атын алған. Діни бағыттағы орта мектеп балғындарының көбісі өздерінің қазақ екендіктерін бізге қуана айтқандарымен, ана тілінде сөйлей алмайтын болып шықты. Мысалы, біз тілдескен 11 жастағы Эсме Нұрозал қазақша сөйлей алмады. Өзінің ата-бабасының мекені Қазақстанға да мүлдем келмейді екен. 12 жастағы оқу үздігі Зехра Бшар да қазақтың қызы болғанымен, аты мен заты түрік дерсің. Түрікше мәнерлеп өлең оқудан талай сайыстарда жеңімпаз атанып жүрген ол қазақша бірде-бір тақпақ білмейді екен. Тағы бір өкініштісі, Абай жолы көшесінде орналасқан Абай атындағы мектептің оқушылары қазақтың біртуар ақыны жайлы ештеңе білмейтін болып шықты.

Ал, туған тілін ұмытпай, жат жерде қолданудан жалықпайтын балалар да бар екен. Солардың бірі – егіз қыздар Әлия, Әсем Кулус. Түрік жеріне Алматы облысының Қаскелең ауданынан ата-анасының қызметі бабымен қоныс аударған қос бүлдіршін қазақша емін-еркін сөйлеп тұр. «Қазақша сөйлегенді жақсы көреміз, өйткені, біз қазақпыз. Бірақ, қазақша тек отбасында ғана сөйлесеміз. Мектепте, көшеде тек түрік тілінде араласамыз. Көптеген қазақ балаларымен де түрікше сөйлесеміз. Олар өз тілдерін білмейді,-деп егіз қыздар ана тіліміздің жағдайын баяндады. 10 жастағы Имран Әли де қазақша сайрап тұр екен. Демалыс кездерінде Алматыға барғанды ұнататын ол өзінің қазақ екеніне мақтанатынын айтты. Харун Адай атты қазақтың қара баласы қазақша жақсы сөйлейді. Түркістанда тұратын әжесіне жиі баратын болуы керек, Қазақстанға деген жүрекжарды тілегін туған тілінде тамаша жеткізді.

Түркиядағы қазақ балаларының ана тілін білмейтіндіктерінің себебі – қазақша мектептің, жоғары оқу орнының жоқтығы. Туған тілін үйренуге ниет танытқандарды оқытатын латынша оқулықтар жоқ екен. Мұндағы этникалық қазақтар кириллицаны білмейді.

«Түркияда қазақ мектебін ашу туралы мәселе көтеріліп, Елбасы тапсырма берген деп естіген едік. Бірақ, бұл мәселе шешілмей тұр. Мұнда орыс, украин мектептері бар. Үлкендер жағы ана тілдерін сақтап қалды. Бірақ, бүгінгі ұрпақтың туған тілдерін ұмытып қалатын қаупі бар»,-деп түрік қазақтары қоры директорының орынбасары З.Селви ішкі уайымын жеткізді.

«Әрине, келешекте бұл мәселе шешіледі деп үміттенемін. Абай шығармашылығына, түрік әлеміне көңіл бөлінеді деп ойлаймын. 1986 жылы құрылған түрік қазақтары қоры қазақ диаспорасына қатысты мәселелермен айналысады. Қордың бастамасымен қазақ тілі, домбыра курстары ашылған. Бірақ, мемлекет тарапынан қаржылай еш көмек алмайтын қорға материалдық қолдау керек»,-деді Түркиядағы ҚР консулдығының өкілі Ғ.Ерімбетов.

Қазақ тілі мен домбыра үйірмелерінің ашылғанына көп уақыт болмаған. Дегенмен, 2 айдың ішінде қазақтың қара домбырасын үйреніп, сахнаға шығып үлгергендер де бар көрінеді. Түрік қазақтары қорының қызметкері А.Байжанова қазақтың ұл-қыздарының өнер-білімге деген құштарлығы зор екенін айтады. Стамбулдағы диаспора өте ұйымшыл екен. Жыл сайын құрылтай ұйымдастырылып, ұлттық мейрамымыз – Наурызды айрықша

атап өтеді. Атамекеннен алыста жүрсе де, ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарын сақтауға тырысатындарын жеткізді.

Қазақ балаларына, түрік әдебиеті кафедрасында оқитын студенттер мен бизнесмендерге қазақ тілін үйрететін мұғалім Г.Тоқтарова оқыту барысында оқулықтарға байланысты қиындықтар бар екенін айтты. «Мұндағылар кириллицаны білмейді, ал, латынша оқулықтар жоқ»,-дейді Мармара университеті докторантурасының дін-социология бөлімінің докторанты Г. Тоқтарова.

-Бұл елде неше қазақ бар екен?

-2005 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша, Түркия мемлекетінде 25 мың, ал, Стамбул қаласында 5-6 мың қазақ ұлтының өкілдері бар. Көбісі тарихтың талқыға түскен қысталаң кездерінде қоныс аударған. Бірқатары өткен ғасырдың 50-ші жылдары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан, сондай-ақ, ХХ ғасырдың 80-ші жылдары Ауғанстан мен Ираннан босқындыққа ұшырап, табаны түрік жеріне тигендер. 1970 жылдары түрік үкіметі қазақтарға құрылыс салу үшін жер беріп, бұл ауданды қандастарымыз «Қазақкент» атаған. Қазір бұл аудан «Гюнешли» деп аталады. Қазақтар шоғырланған мекеннің түрік тілінен аударғандағы атауы «Күн сәулелі». Түркиядағы қазақ диаспорасы өкілдерінің жергілікті халықпен және әкімшілікпен қарым-қатынасы жақсы. Жоғары білім алу өте қымбат болғандықтан, көптеген қазақ жастарының онда оқи алмайды. Ал, студенттер арасында қазақтың ұл-қыздары озат оқуымен көзге түседі екен. Соңғы жылдары түрік жерінде экономика, құрылыс, медицина және заң саласында білім алатын студенттердің саны 200-ден асқан. Дегенмен, этникалық қазақ отбасыларының ұл-қыздары тері өнімдерін өңдеу, тігу және сату бизнесімен айналысады екен. Статистикалық мәліметтерге сенсек, түрік жерінде тұратын қазақтардың көпшілігі ол жерден басқа аймаққа қоныс аударуға талпынбайды. Бұл туралы Стамбулдағы түрік әлемі орталығында өткен қазақ диаспорасымен кездесуде мәлім болды. Қазақстаннан делегация келгенін естіген отандастар орталыққа көп жиналды. Қазақстанның бүгінгі дамуы мен ертеңгі қадамдарын айқындайтын мемлекеттік бағдарламалардың барысы, қол жеткізген жетістіктер жәйі сөз болды. Түркиядағы ағайындар тарихи Отанының қазіргі тұрмысына сүйсініп, келешектегі келбетіне зор үмітпен қарайтындықтарын айтты.

-Түркия азаматтарымен тұрмыс құрған қаракөздер көп деп естуші едік. Кездестіре алдыңыз ба?

-Иә. Түркияда өз қазағынан бақыт таппай, түрік азаматымен бас қосып, тату-тәтті тұрмыс кешкен 1 мыңнан қаракөз қыздар бар екен. Солардың бірі – Гүлнар Гуляр. 3 баланың анасы, 2 немеренің әжесі Гүлнар Стамбулда 25 жылдан бері тұрады. Ол алғашында қиын болғанын айтты. Кейін үйренісіп кеткен. Қайынжұрты түріктер болғандықтан сол елдің салт-дәстүрін сақтауға тырысады. Дегенмен қазақ екенін мақтан тұтатытын айтты. Туристік компанияда жұмыс істейтін Гүлнар бос уақытында классикалық балет, сауықтыру гимнастикасы мен иогадан сабақ береді екен. Сондай-ақ, даун синдромына шалдыққан балаларды сауықтыру мақсатында жұмыс істейді. Ал, Ш.Жетпісбайқызы қызы түрік азаматымен шаңырақ көтерген соң қызыменбірге Қазақстаннан Стамбұлға көшіп келіпті. Мамандығы музыкант әйел қазір Түркияда тұратын қазақтың ұл-қыздарын домбыра, қобыз, сыбызғы тартуға үйретіп жүргенін айтты.

-Бірнеше елде қазақтармен кездесіп, тұрмыс-тіршілігімен таныстыңыздар. Олармен байланыс орнатып, Қазақстанның жетістігін паш еттіңіздер. Нәтиже күткендегідей болды ма?

- Сапар табысты болды. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіру және ақпараттандыру бойынша шетелде тұратын қазақ диаспоралары өкілдерінің ішінен пул құрылып, «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігі Ресейдің Мәскеу қаласындағы халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдаудың «Астана» қоры және Түркияның Стамбул қаласындағы түрік қазақтары қорымен өзара әріптестік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Шеттегі қандастарымызды көріп, олардың тұрмыс-тіршілігіне куә болып, сағыныш әнін бірге салып, отаншыл жырлар оқып, көзге жас алдық. Тұрымтай тұсына, балапан басына қашқанда атамекеннен жырақтап, «Елім-айлам» егіліп кеткен отандастарымыздың бүгінгі өмірі өзгелерге тең болмаса, кем емес екен. Тілін, ділін, салтын сақтауға ұмтылып, қазақ десе жүрегін жұлып беруге даяр екен. Қазақ деген атына кір келтірмей, абыройлы күн кешкен ағайындарға амандықтан тілеріміз, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

- Жоба аясындағы жұмыстар алда да жалғасын табатын болады. «Жанартау» болашақта шет елдерде тұратын қазақ диаспорасының жас та талантты өкілдерімен бірлескен шаралар өткізуді көздеп отыр.

-Сұхбатыңызға рахмет. Тәуелсіз Қазақстан үшін де, шетелдегі бауырларымыз үшін де маңызды жоба жемісті болсын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему