Зорлық-зомбылық көргендер үшін уақытша баспана ашылды
29 Ноября 2016 (18:47) | 4288 | Автор: Мира Ботабекова
Кеше Ақтауда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер уақытша паналайтын баспана ашылды. Қиын жағдайға тап болған жанға қол ұшын беретін дағдарыс орталығы – өңірде тұңғыш рет қолға алынған жоба.
«Үміт үйі» 14 шағын аудандағы мамандандырылған балалар үйі ғимаратында орналасқан. Мұнда өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған. 20 адамға арналған «Үміт үйінде» тәжірибелі психологтар кеңес береді. Орталық сондай-ақ балаларға арналған бөлмелер ойын құралдарымен жабдықталған. Таяу күндері мұндағы әйелдер үшін киім пішу, шаштараз және аспаздық өнерге баулитын курстар ашылмақ. Бұл жапа шеккен әйелдер үшін бос уақытты тиімді пайдаланып, пайдалы іспен айналысуына мүмкіндік береді.
Дағдарыс орталығында тәулік бойы сенім телефоны қосулы. (7292) 42-00-60 нөміріне хабарласқан әрбір азаматқа арнайы мамандар жауап бере алады. Деректерге сүйенсек, соңғы айларда облыста тұрмыстық зорлық көрген әйелдер саны 868-ге жеткен.
Райхан Бекманова, өңірлік дағдарыс орталығының жетекшісі:
- Орталық жұмысы белгіленген ереже бойынша жүргізіледі. Осыған сәйкес, балалы әйелдер бір жетіден алты ай мерзімге қала алады. Көмекке зәру адамның мәселесі оң шешілгенше бұл уақыт ұзаруы да мүмкін.
Лима Диас, Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі:
- Еліміз бойынша Маңғыстау және Қызылорда облыстары мұндай орталықпен қамтылмаған еді. Облыс басшылығымен бірлесе Ақтауда уақытша баспана ашылды. Жанұяда жапа шеккен жанға мұнда есік ашық. Орталық мамандары тұрмыстық зомбылықтың алдын алуға да жәрдемдеседі.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему