Ғасыр тажалымен күрес
27 Ноября 2016 (09:09) | 1922 | Автор: Нурганым Имашева
Отыз жылдан бері әлемге қауіп-қатер төндіріп, адамзатты алаңдатқан АИТВ/ЖИТС вирусын жұқтырғандар қатары жыл санап артып келе жатқаны белгілі. ЖИТС (СПИД) жұқпалы ауруы жөнінде алғашқы хабарлар АҚШ басылымдарында 1981 жылдары жарық көре бастады. Жуықта белгілі болған бұл қауіпті дерт, дәрігерлердің дәлелдеуі бойынша, адамның иммундық жүйесін зақымдап, қорғаныс қабілетінің күрт төмендеуіне әкеліп соқтырады.
1 желтоқсан – ЖИТС-ке қарсы күрес күні. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінің аймақтық алаңында ЖИТС – тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының директоры Нұрғалиев Қабылжан Қабижанұлының қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
ЖИТС ауруы пайда болғаннан бері адам баласы қорқынышты жағдайды басынан кешіруде. Өйткені ЖИТС – өте қауіпті індет, онымен науқастанған және вирусты жұқтырған адамдарды толыктай емдейтін тиімді дәрі-дәрмек жоқ, жақын арада бұл дертке қарсы қолданылатын вакцина мен дәрілерді шығару мүмкіндігі де белгісіз болып отыр. Сонымен қатар ЖИТС вирусының адамның бойында бірден белгі бермеуі де қорқынышты күшейте түсуде. Бұл вирус иммундық жүйені зақымдап, көптеген басқа жұқпалы аурулардың бас көтеруіне жағдай жасайды. Сондықтан АИТВ-жұқпасымен ауырған адамдар, ерте болсын, кеш болсын, түбінде мерт болатыны анық. Бұл ауру пайда болғаннан бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, одан емделіп, мүлдем айығып кеткен бірде бір адам жоқ.
БАҚ өкілдерінің түрлі сауалдарына жауап берген Орталық директоры өзі басшылық ететін мекеменің бұл бағыттағы атқарып отырған алдын алу шараларына кеңінен тоқталды. Қабылжан Қабижанұлының мәлімдеуінше, «Биылғы жылдың өткен 10 айы ішінде Орталық аймақтың 54498 тұрғынын қамтыған 1309 алдын алу және эпидемияға қарсы бағытталған шараны ұйымдастырған. ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының негізгі жұмыстары мына бағытта жүргізіледі:
I) АИТВ инфекциясы және ЖИТС профилактикасы, диагностикалау және емдеу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және үйлестіру;
II) эпидемиологиялық қадағалаумен індетке қарсы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
III) АИТВ инфекциясын және ЖИТС үйлескен ауруларды зертханалық диагностикалауды ұйымдастыру және жүргізу;
IV) АИТВ инфекциясын емдеуге және жүргізілген зерттеулерге мониторинг;
V) диспансерлеу және АИТВ жұқтырған адамдарға медициналық көмек көрсету, жанасудан кейінгі антиретровирустық алдын алуды өткізу;
VI) АИТВ инфекциясы мен ЖИТС профилактикасы, диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша медициналық қызметкерлерді даярлықтан өткізу болып табылады.
Орталықтың ашылғанына осы жылы 25 жыл толып отыр, бұл аралықта қөптеген жұмыстар атқарылды. Бірден бір жетістігіміз бұл - ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығымыздың арнайы бөлек бір ғимаратта орналасуы, орталығымыз толықтай жөндеу жұмыстарынан өткен, білікті, жоғарғы санатты мамандарымен қамтамасыз етілген, қызметкерлерге де келушілерге де барлық жағдай жасалған. АИТВ/ЖИТС – ке қарсы күрес жұмысын атқаратын арнайы лабораториямыз қарқынды жұмыс жасауда, қажетті медициналық құрылғылармен және апараттармен жабдықталған. Халықтың осал топтарын тексеріп, вирус жұқтырған адамдарды тауып, аурудың ошағын көлемдеп, дәрігерлік бақылауға алып, вирустың әрі қарай тарауына мүмкіндік бермеу жұмыстарын ұйымдастырып, атқарып отырған білікті мамандарымыз шетел елдерінде, онымен қатар Алматы, Астана қалаларында өз білімдерін жетілдіріп жоғарғы санатқа ие болып жатыр».
- Қазіргі таңда Маңғыстау облысында ең бірінші жағдай тіркелгеннен бері, яғни 1994 жылдан бастап күні бүгінге дейін АИТВ- жұқпасымен 220 адам тіркеліп отыр (Қазақстан азаматтары арасында– 158 жағдай, шетел азаматтары арасында – 59 жағдай, анонимды түрде тіркелген – 2 адам, азаматығы жоқ – 1 адам). Қазақстан азаматтары арасында тіркеліп отырған 220 жағдайдың 195 жағдайы - Ақтау қаласында, 4 жағдайы - Жаңаөзен қаласында, 18 жағдайы - Мұнайлы ауданында, 2 жағдайдан Бейнеу және Түпқараған ауданында 1 жагдай тіркелген.
Бұл тек қана Қазақстан азаматтары арасындағы тіркелу жағдайы, бұнымен қатар шетел азаматтары арасындада жаңа жағдайлар әр ай сайын тіркеліп жатыр. Қазақстан Республикасындағы АИТВ/ЖИТС бойынша қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуалға бағалау жүргізе отырып, соңғы уақытта жыныстық жолмен жұқтырылған адамдар санының едәуір өскендігі байқалып отырғандығын атап өткен жөн. Маңғыстау облысында да ахуал осындай.
Өсіңкі қорытындымен жұқтырудың 220 жағдайының 134(61%)жағдайы жыныстық қатынас арқылы жұқтыру үлесіне тиеді, ал 80(36,4%)жағдайы инъекциялық есірткі тұтыну кезіндегі берілудің жолын құрайды. Жыныстық жолмен берілу өсуде, бұл халықтың саламатты тобының арасында жұқпаның таралуы мен өсуін қөрсетеді. Сондықтан да жұптық өмірге адалдық – АИТВ инфекциясынан қорғанудың тамаша нұсқасы және кездейсоқ жыныстық қатынастан бас тарту - алдын алудың тиімді шарасы болып табылады. АИТВ-жұқпасы көбінесе жастар арасында кең таралған.
Маңғыстау облысында АИТВ-жұқтырылғандардың жалпы санының арасында 20-29 жастағылар тобында – 94 жағдай, 30-39 жастағыларда – 83 жағдай, 40 және одан үлкен жастағыларда – 33 жағдай орын алған, 1-19 жастағылар тобынан – 6 жағдай тіркелген, - деді журналистердің сауалдарына жауап берген Орталық директоры Қабылжан Нұрғалиев.
Басшының айтуынша, «Облыстық орталықпен қатар аудандарда сенім пункті жасайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының көмегімен штатқа мамандарды енгізіп, барлық аудандардан психоәлеуметтік кабинеттері қарастырып ашылды.
Арнайы дайындалған дәрігерлер сол жерде жұмыс жасап жатыр. Бұл дәрігерлер біздің сенімді координаторларымыз, біздерге де көмектеседі және сол аудан көлеміндегі АИТВ/ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі өз жұмыстарын бізбен бірге бірлесе отырып жүргізіп отыр.
Әрбір аудандағы сол кабинеттерге барып, қалаға келмей де, кеңес алып тексерістен өтуге мүмкіндік жасалынған. Сенім пункттері бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласында, Бейнеу, Мұнайлы аудандарында ашылды. Сенім пунктінің халыққа берер үлесі мол.
Профилактиканың басты міндеті АИТВ – жұқпасын тасымалдаушыларды анықтап, жұғу арнасын сенімді түрде жауып тастау. Бүгінде өткен 10 айдың қорытындысымен облыста 26 АИТВ-жұқпасы бар адам анықталған».
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему