Көңілді спорттық жарыстар өтті
28 Апреля 2014 (04:31) | 13077
|
Автор: Редакция

Ақтау қаласының 6 шағынауданында орналасқан «Девианттық мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатында» тәрбиешілер, ұстаздар және балалардан құралған «Улыбка» және «Смелые» деп аталған екі команда арасында спорттық ойындардан көңілді жарыс ұйымдастырылды.
Мектеп-интернаттың директоры Амангүл Човдурбаеваның айтуынша: «Тәрбие мекемесінің педагогтары арнайы жасақталған іс-шаралар кестесіне сай балалар арасында осы сынды спорттық жарыстар мен түрлі тәрбиелік шараларды жиі өткізеді. Мұндағы мақсат-балаларды салауатты өмір салтын ұстануға, спортқа бейімдеу, пайдалы іспен шұғылдануға бағыттау арқылы теріс қылықтарға баруына мүмкіндік бермеу, қоғамға пайдалы істерге баулып, мінез-құлықтарының дұрысталуына ықпал ету, жасөспірімдерді өзімізге тарту.
Бүгінгі ұйымдастырылған спорттық ойындар жарысына интернаттың педагогикалық ұжымы-психологтар, тәрбиешілер мен ұстаздар қауымы түгел қатысуда. Олар балалармен бірге екі топқа бөлініп, ойындарға, жарыстарға белсенді қатысып жатыр. Мұндай шаралар педагогтар мен балалардың қарым-қатынасын жақсартып, ұжымды біріктіре түсетіні сөзсіз. Күн тәртібінде балалардың бос уақыты деген болмайды. Түрлі тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру арқылы педагогтар, психологтар жасөспірімдерді қоғамға пайдалы іспен айналысуға баулиды. Солардың нәтижесі шығар деп ойлаймын, балаларымыз бұрынғыдай үйден, отбасынан қашу деген сияқты теріс қылықтарынан арылып, түзелуге бет бұруда».
Спорттық жарыстардың қызығына батқан жас ұландар барын салып, әрқайсы өз тобының жеңіске жетуіне талпынды. Түрлі кедергілерді алғырлықпен жеңе отырып, шапшаңдық, жігерлілік, күштілік, ұйымшылдық танытып жеңіске ұмтылды.
Жарыстың қорытындысы бойынша «Смелые» командасы жеңіс тұғырына көтерілді. Марапаттау рәсімі кезінде интернаттың дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, психолог-маманы, директоры Амангүл Човдурбаева балалардың жетістіктерін, ұйымшылдықтарын атап өтті, командаларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Балалардың тәрбиесіне өздерінің жемісті еңбегімен зор үлестерін қосып жүрген үздік тәрбиешілерге интернат басшылығының мақтау қағаздары берілді.
Тәрбиеленуші Владислав Шевченко: «Бүгінгідей спорттық жарыстар маған қатты ұнайды. Оған тәрбиешілеріміз бен мұғалімдеріміздің бізбен бірге қатысқандары тіпті керемет болды. Мұндай жарыстардың жиі өткізілуін құптаймын», десе Берік Түгелбаев есімді жасөспірім: «Осындай жарыстар маған өте ұнайды. Бүгін «Смелые» командасы жеңіске жетті. Мұндай көңілді жарыстардың тағы да болғанын қалаймын»,-деген ойымен бөлісті.
«Девианттық мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының» директоры Амангүл Човдурбайқызы: «Интернатта 49 қызметкер жұмыс жасайды. Олардың 11-і тәрбиешілер. Мектеп-интернатта 11-18 жас аралығындағы кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленеді. Біздің мекемеде бүгінгі таңда 11 жасөспірім тәрбиеленуде. Олардың 9-ы ер бала болса, 2-уі қыз бала. Бізге келетін балалар ювеналдық полицияның шешімімен жыл бойына келеді, 1 жыл мерзімге. Олардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынас орнатамыз, балалардың туған-туыстары, әке-шешелері интернатқа келіп тұрады. Жасөспірімдер түске дейін мектеп бағдарламасы бойынша сабақтарын оқып, түстен кейін күн тәртібіндегі түрлі шараларға қатысады, сабақтарына дайындалады.
Тәртіптері түзелген соң балаларды өздері оқыған мектептеріне, ата-аналарының қолдарына тапсырамыз. Былтыр біздің 4 баламыз 9 сыныпты бітіріп, қаладағы колледждерге оқуға түссе, биыл тағы 3 баламыз 9 сыныпты тамамдайды, оларды оқуға орналастыру жайлы колледждерге сұраныс хаттарын жолдап жатырмыз.
Балаларды сонымен қатар өз туған жерлерін қадірлей білуге баулу мақсатында тәрбиешілері «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша облыстағы тарихи орындарға саяхатқа апарып тұрады. Жақында балалармен бірге интернат ауласында сенбілік ұйымдастырып, көгалдандыру, аумақты абаттандыру жұмыстарын жасадық. Тәрбиеленушілеріміз сенбілікке белсене қатысты»,-деп мәлімдеді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему

Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz



