Ақтауда «Ел Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Болашағымыз - бірлікте» облыстық Азаматтық форумы өтті
3 Ноября 2016 (16:52) | 3157 | Автор: Нурганым Имашева
Ақтауда «Азаматтық Альянс» ЗТБ бастамасын Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен 7-ші облыстық Азаматтық форум өтті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған ауқымды шараның мақсаты – үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың бірлесіп әрекеттесуін дамыта түсуге деген ұмтылыс.
Жиынға аймақтың аудан, қалаларының әкімдері, мемлекеттік органдар басшылары, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, ҮЕҰ мен кәсіподақ жетекшілері, саяси партиялардың, БАҚ-тың, діни ұйымдардың, бизнестің өкілдері қатысты.
2 жылда бір рет өтетін форум аясында үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Аймақ басшысы Алик Айдарбаев 35 тың жобаның әр қайсысымен жеке танысып, оң бағасын берді.
Көрмеден кейін форумның пленарлық отырысы басталды. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы табысты қарым-қатынастың белгісі ретінде, өңір басшысы аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың жүзеге асырып жатқан жобаларының маңыздылығына тоқталды.
Аймақ басшысы осы жылы Маңғыстау облысында бастау алған "ҮЕҰ- ғы мененджмент " оқу бағдарламасын атап өтті. Сондай- ақ, Алик Айдарбаев мемлекеттік әлеуметтік жобалардың өңірде қарқынды дамуына ұйым мүшелерінің қосқан үлесі зор екенін айтып, осы салада еңбек етіп жүргендерге алғыс білдірді.
Алик Айдарбаев - Маңғыстау облысының әкімі:
- ҮЕҰ-дарды қоғамдық маңызды шешімдер қабылдайтын сарапшылық жұмыстарға кеңінен тарту қажет. Аудан мен қала әкімдері ҮЕҰ-дардың қолдауымен жергілікті деңгейде шаралар кешенін дайындап, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы қарастыру қажет. Бұл орайда ҮЕҰ-дардың қатысуымен Қоғамдық кеңестердің мүмкіншіліктерін жоғары тұрғыда пайдалану керек.
Мемлекетті бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы мен оның пайдаланылуы алаңдатады. Сондықтан біздің тарапымыздан іске асырылатын әлеуметтік жобалардың сапасы тұрғысынан ҮЕҰ-дарға деген талап күшейтіледі.
Әртүрлі мәселелер бойынша тұрақты диалогқа негізделген бірлескен жұмыс қана алдымызға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысында 500-ден аса үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бүгінде олардың арасынан 382 ұйым қызмет етіп, 90-ны белсенді жұмыс істейді. Олардың40%-ы әлеуметтік қорғау саласында, 20%-ы жастар саясаты, 9 %-ы азаматтардың құқығын қорғау бағытында және өзге де бірнеше салада қызмет етіп жүр.
2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға 240 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыға 40 үкіметтік емес ұйым 18 жергілікті атқарушы органмен бірлесе 87 әлеуметтік маңызды жобаны қолға алған.
Форумға қатысушылар "Үкіметтік емес ұйымдардың аймақтық дамуы мен жергілікті өзін-өзі басқару", "Мемелекеттік әлеуметтік тапсырыстың жүзеге асырылуы" тақырыптарында дискуссиялық алаңда сөз қозғады. Әр ұйым өз жобасына сараптама жасады.
Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы ЗТБ президенті Жібек Ахметова:
-ҮЕҰ белсенділігін арттыруға және жергілікті биліктің қарым қатынасын нығайтуда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың рөлі ерекше.
Егер 2006 жылы облыстық бюджеттен коммерциялық емес салаға барлығы 14 млн.теңге қарастырылса, 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың көлемі 240 млн.теңгені құрады. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға аймақта1,5 мың адам қатысуда.
Облыс әкімі Алик Айдарбаев өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге ат салысып, тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетіп жүрген ҮЕҰ басшыларын марапаттады.
3:28 Сонымен қатар, "Маңғыстау облысы Азаматтық Альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Жібек Ахметова ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, тәуелсіздік жылдарында бой көтерген үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жұртшылыққа кеңінен таныстырып, белсенділік танытқаны үшін бірқатар БАҚ өкілдеріне Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему