Маңғыстауға гастрольдік сапармен М.Әуезов театры келді
Курс валют в Актау
на 30/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Вторник,
30 Апреля, 18:42
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Маңғыстауға гастрольдік сапармен М.Әуезов театры келді

2 Октября 2016 (16:05) | 2408 | Автор: Нурганым Имашева

 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының өңірдегі гастрольдік сапары Жаңаөзен қаласында 22 қыркүйекте басталған болатын.

 

Мұнайшылар қаласының көрермендерін бір аптадай өз өнерлерімен қуантқан еліміздің бас театрының ұжымы 28 қыркүйектен бастап облыс орталығына табан тіреді.

 

Ақтауға келісімен М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл және М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры директорының кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев аймақтық Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті.

 

Баспасөз мәжілісі барысында театр басшылары өнер ордасының бүгінгі тыныс-тірлігі және алдағы шығармашылық жоспарлары туралы ашық-жарқын әңгіме өрбітті. Шығармашылық ұжымның оңтүстік астанадан қияндағы Маңғыстауға ат арытып келуі себебіне тоқталған басшылар еліміздегі ең ірі әрі жетекші театр саналатын, қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының киелі Маңғыстау өңіріндегі гастролдік сапарының мақсаты - Ақтау және Жаңаөзен қалаларының тұрғындарын, театр өнерін жоғары бағалайтын көрерменді деңгейі биік, берері мол қойылымдар арқылы рухани сусындату екендігін атап өтті.

 

- Әрі 90 жылдық тарихы бар театрымыздың Тәуелсіздік жылдарында өсіп, қалыптасқан бай репертуарының ішінен таңдап алынған, көрерменнің патша көңілінің төрінен орын алған спектаклдерді көрсете отырып, Тәуелсіздік жылдарында театр және кино өнерінде өз қолтаңбаларын қалыптастырған театр актерларының өнерімен Маңғыстау халқын қауыштыру, - деді олар.

 

Өнер ошағы жетекшілерінің пайымдауынша, «Ел үшін мерейі биік ел Тәуелсіздігінің ширек ғасыры өнер мен мәдениетте де көптеген жаңа өзгеріс, тың серпін алып келді. Соның ішінде театр өнері де қайта түледі. Қазақ театр өнерінің бастауында тұрған, қазақтың театр және кино өнеріндегі майталмандар өнер көрсетіп, қызмет істеген М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры да Тәуелсіздік жылдары өзінің бай репертуарын жаңа мазмұндағы, жаңа тақырыптағы замана жүгін көтерген тың қойылымдармен толықтырды. Сондай-ақ, театрда Тәуелсіздік жылдары актерлердің жаңа буыны қалыптасты. Қазақ өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығы үйлесім тапқан бірден бір өнер ордасы да - М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры.

 

Сондықтан да театрдың Маңғыстау облысындағы гастролдік сапары аталған аймақтың мәдениеті мен руханиятына жаңа леп беріп, көрермендерді шын өнермен сусындатары сөзсіз».

 

 

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл:

 - Театрымыздың болашақтағы жоспарына тоқталар болсақ, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай гастрольдік сапармен әр өңірде өнер көрсету, Ұлттық мұражайда театрымызға арналған көрме жасақталғалы жатыр, жан-жақты үлкен шаралар ұйымдастырылып жатыр. Енді алдағы қойған мақсаттарымыз - біздің Елбасымыздың ұстанып отырған саясаты - Қазақ халқын, Қазақстан мемлекетін әлемдік деңгейге шығару. Халықаралық дәрежеде өнер көрсету, білімімізді көрсету. Біздің жалпы болмысымызды таныту, табиғатымызды таныту әлемге. Осы тұрғыдан келгенде театр ретінде біздің де үнсіз қалғанымыз болмайды деп есепке аламын өз басым.

Сондықтан біздің бүгінгі ізденісіміз – Халықаралық дәрежеге шығу, қазақтың салт-санасы, болмысы, ұлттық ұстанымы қандай, соларды таныту мақсат-мұраттарын арқалай отырып, біз де өнер ұжымы ретінде халықаралық дәрежеде, әлемдік деңгейде осыларды көрсету мақсаттарын қойып, осы деңгейде біраз жұмыстарды атқарып жатырмыз, - деп мәлімдеді тілшілер тарапынан театрдың алдағы жоспарына қатысты қойылған сауалына жауап бере отырып.

 

Биылғы жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған өнер ордасы тәуелсіздік жылдарында өсіп, репертуарын толықтарған. Соның ішіндегі ең таңдаулы, халықтың көңілінен шыққан қойылымдарын ақтаулықтар да көре алады. Театр ұжымы он күн бойы көрермендерді рухани азықпен сусындатпақ ниетте.

 

Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының Маңғыстауға гатрольдік сапары Жаңаөзен қаласынан басталып, ол жерде театр ұжымы бір апта өнер көрсетсе, енді, ақтаулықтардың да театр актерлерінің шынайы бейнелерін, тірі ойынын көріп, рухани сусындауына мол мүмкіндік туып отыр.

 

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл: «Спектакльдерде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айдос Бектемір, Қазақстанның халық артисі Гүлнар Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Азат Сейтметов, Асылбек Боранбай, Дәрия Жүсіп, Азамат Сатыбалды сынды көрермен қауымға театр және телеэкран арқылы танылып жүрген белді артистер мен қазақ театр өнерінің майталмандары бастаған көшке жаңадан қосылған жас буын өкілдері өнер көрсетеді.

 

Қуанышпен жеткізгіміз келетін жағымды жаңалығымыз да бар. Жақында Корей елінің Пусан қаласында өткен халықаралық кинофестивальде, Қазақстанды әлемге танытып жүрген театр актерлерінің бірі - Азат Сейтметов үздік ерлер рөлі номинациясында, "Азия оскарын" жеңіп алып, бүкіл әлемге қазақ елін танытты. Ол, кино өндірісінде өзіндік қолтаңбасы бар әртіс, - деп мақтанышпен театр ұжымындағы әртістердің щығармашылықта қол жеткізген үлкен жетістіктеріне де тоқталып өтті.

 

 

Есмұхан Обаев – ҚР Халық әртісі, профессор, М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры директорының кеңесшісі:

-         Қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы театр дәстүр бойынша халық алдында есеп беріп отырады. Осы сапарымыз да осындай өлке тұрғындары алдындағы есеп беру болып табылады. Осыдан бұрын бір жеті бойы Жаңаөзен халқы үшін өнер көрсеттік. Зал лық толы болып, көрермендер бізді ерекше құрметпен қарсы алды.

Ұлы Мұқтар Әуезовтың есімін алып жүрген өнер ұжымы – қазақ мәдениетінің, қазақ кино өнерінің, қазақ дубляжінің өздеріңіз күнде көріп жүрген әртістері. Бұл театрда қазір 80-ге таяу әртіс жұмыс істейді, алды жасы 101-ге келген актриса апамыз болса, арты – бүгінгі спектакльде өзімізбен бірге ойнайтын үшінші курс студенті.

Бүгінгі сіздердің назарларыңызға ұсынылғалы отырған өнер туындысы – қазақ театр өнерінің інжу-маржаны, ұлы Мұқтардың «Абай» драмасы. Бұл қойылымға театрдың жас актерлары қатысады. Абайдан бастап, барлық рольдерді сомдайтындар жастар.

Егемендіктің бастауы осыдан басталған екен ғой деген сезіммен осы қойылымды тамашалауыңызға болады, - деді алғашқы спектакльдің басталары алдында Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында көрермен қауымға арнаған сөзінде.

 

Мұхтар Әуезов атындағы театр ұжымы ақтаулықтарға 28 қыркүйек пен қазан айының 7 жұлдызы аралығында он күн бойы өнер көрсетеді. Театр ұжымы Маңғыстауға үздік спектакльдерін алып келіпті. Бұл қойылымдардың тақырыбы да, көтеретін мәселесі де әр алуан.

 

Атап айтқанда, хәкім Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы "Абай" трагедиясы, халқымыздың тектілігі мен намысының символына айналған тұтқындағы ару жайлы "Таңсұлу" драмасы, қатардағы құлдан Мысыр елінің билеушісіне көтерілген Дешті қыпшақ ұланы Сұлтан аз-Захир Бейбарыстың өмірі суреттелетін "Бейбарыс сұлтан" тарихи драмасы, ызғарлы Желтоқсан оқиғасы кезінде қиындық-қорлық көрген қазақ жастарының кешегісі мен бүгінгісі көрініс тапқан "Қыз мұңы" драмасы, бауыр еті баласы үшін құрбан болған ана мен намыстан тентіреп кеткен отағасының жан күйзелісі арқау болған "Тендерге түскен келіншек" драмасы, бақытты кездесулері баянсыз қоштасуларға ұласқалы тұрған жастардың сезімдері туралы сыр шертетін "Қоштасқым келмейді..." драмасы, Түркі дүниесінің ортақ қазынасы Қожанасыр жайлы "Қожанасыр тірі екен..." музыкалық комедиясы.

 

Қойылымдар Ақтау қаласында Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының ғимаратында қойылады.

 

Келіңіздер, ағайын, М.Әуезов атындағы бас театр - майталман өнер ордасының артистері ойнайтын тамаша қойылымдарды көріп, тамашалауға асығыңыз!

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему