Бакуден төрт жүлдемен оралды
18 Апреля 2016 (09:41) | 1820 | Автор: Нурганым Имашева
Әзірбайжан республикасының астанасы Бакуде дзюдодан өткен халықаралық турнирде жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Дүбірлі додада маңғыстаулық 4 балуан топ жарып, түбекке жеңіспен оралды.
Жарысқа Әзірбайжан, Қазақстан, Грузия мемлекеттерінің «мен мықтымын» деген 400-ге жуық балуаны қатысты. Халықаралық турнирде 46 келі салмақта күрескен маңғыстаулық балуан Нұртілек Атшыбай мен 50 келі салмақта белдескен Мейрамбек Алдаберген жеңімпаздар атанып, алтын медальды иеленді.
- Менің дзюдомен айналысып жүргеніме 1 жылға жуық уақыт болды. Бұл жолы жарыста үш белдесуді де таза жеңіспен аяқтадым. Ақтық сында 1 минут ішінде әзірбайжандық балуанды «иппон» бағасымен тізе бүктіріп, өз салмағымда үздік атандым.
Халықаралық турнирде алтыннан алқа тағып, жарыс жеңімпазы атанғаным үшін өте қуаныштымын. Мені жарысқа дайындаған бапкерлеріме алғыс айтамын, - дейдіМейрамбек Алдаберген.
Сондай-ақ, боз кілемде 46 келі салмақта белдескен Төрекен Қобыланов күміс жүлдені қанжығасына байласа, 60 келі салмақта Жандос Сағынғалиев үшінші орынды олжалап, қола медальды кеудесіне тақты.
- Бұл турнир 2000-2002 және 2003-2005 жылы туған балалар арасында өтті. Жарысқа балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінен 12 балуан қатысты, оның 4-уі жүлделі орынды иеленді. Халықаралық деңгейде өткен жарыста мұндай көрсеткіш көрсетудің өзі үлкен мәртебе. Жарыстан бөлек спортшыларымыз оқу-жаттығу жиынына қатысып, білікті бапкерлерден дәріс алып, шеберліктерін шыңдады,-дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері Асхат Хапанов.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему