Қоғамды жайлаған кесел
9 Февраля 2016 (10:40) | 1847 | Автор: Нурганым Имашева
Бүгінгі таңда облыста 1545 нашақор есепке алынған, олардың арасында 18-29 аралығындағы жастардың саны-422. Сол себепті жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мақсатында №21 орта мектепте онлайн конференция өтті. Шараға облыстық білім басқармасының басшылығы мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары, облыстық наркологиялық диспансерінің, ішкі істер саласының қызметкерлері, мектеп оқушылары қатысып, аудан тұрғындары аталмыш жиынды онлайн режимінде тамашалады.
Шарада сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова жастарға есірткіден аулақ болуға, бүгінде қоғам дертінің алдын алу ең басты өткір мәселе екендігіне тоқталып, жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, өз елінің патриоты болып ержетуге үндеді.
- Нашақорлық-әлеуметке ортақ проблема. Жер бетіне миллиондаған өмірлерді қиып жатқан бұл ауру әлемдік трагедия десек те болады. Жыл санап есірткінің де түрлері көбейіп отыр. Бұрынғы кездері қолданатын героин, марихуананың қазіргі таңда синтетикалық, дозасы көбейген түрлері шығып жатыр.
Есірткі пайдалану арқылы адам шынайы қалпын, өз кейпін жоғалтады. Құс болып қалықтап ұшқысы келеді, балық кейпінде суда жүзгісі келеді, құс болып ұшам деп биіктен секіріп немесе балық болып жүземін деп суға тұншығып қаза болып жатқан нашақорлар аз емес.
Нашақордың жолымен кеткен адам біртіндеп өзінің адамгершілік қасиеттерінен айырыла бастайды, психикалық тұрғыдан өзгереді, ми қызметі жұмыс жасауын баяулатады, достарын, кейін отбасын жоғалтады.
Жастардың насыбайды, темекіні, ішімдікті, кальянды пайдалануының соңы көбіне есірткіге деген қызығушылығын тудырады,-деген облыстық наркологиялық диспансерінің нарколог-дәрігері Қорлан Елеуова есірткіні пайдаланудың соңы қатерлі ісікке, құрт ауруына, психикалық дертке әкеліп соғатынын айтты.
Маңғыстау облыстық ІІД есірткі және есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Әмір Досқалиевтың айтуынша, жыл басталғалы облыста есірткі тасымалдауымен 5 адам ұсталған. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, өткен жылы 145 адам есірткі тасымалымен ұсталып, 10-15 жылға бас бостандығынан айырылған.
- Есірткі пайдаланудың алдын алу және олардың заңсыз айналымына қарсы күрес - республикада мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Сондықтан да жыл басталғанда біз арнайы жоспар құрып, сол бойынша білім ордаларында, тұрғындар арасында есірткімен күресу бойынша әр түрлі шаралар ұйымдастырамыз.
Өткен жылы 145 оқиға тіркеліп, 62 дерекпен заңсыз сату бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардан 34 келі есірткі тәркіленді. Есірткіні тасымалдаумен көбіне бұрын сотталған, көп ақша табу мақсатында 25-35 жас шамасындағы ер азаматтар айналысады,-дейді Әмір Досқалиев.
Жиында сала мамандарының оқушыларға арнап дайындаған бейнероликтері көрсетіліп, жастардың қойған сұрақтарына жауаптар берілді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему