«Алматы-Маңғышлақ» пойызы апатқа ұшырады
29 Января 2016 (09:30) | 3827 | Автор: Мира Ботабекова
Бүгін 17.10-да «Алматы-Маңғышлақ» жолаушылар пойызы апатқа ұшырады. Алматыдан Ақтауға бағыт алған пойыз «Бейнеу-Сайөтес» стансалары мен №6 разъездің ортасында газ таситын көлікпен соқтығысып қалған. 53 жастағы көлік жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Ал, тепловоз жүргізушісінің көмекшісі жарақат алып, Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілді.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұловтың мәлімдеуінше, «Алматы - Маңғышлақ» жолаушылар пойызы бірден резервтегі тепловоздың көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілген. Ал, жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімдерінің 50 маманы 40-тонналық газ цистернасын суытумен айналысқан. Апаттың алдын алу жұмыстарына өрт сөндіру, қайта қалпына келтіру пойыздары мен бірнеше техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, қоршаған ортаға төнген қауіп жоқ.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары «Бейнеу-Сайөтес» стансаларының аралығындағы жолаушылар қозғалысын бірер сағат ішінде қайта қалпына келтірді. Осылайша, жергілікті уақыт бойынша кешкі 21.00 «Алматы-Маңғышлақ» жолаушылар пойызы сапарын ары қарай жалғастырған, ал жолаушыларға ыстық тамақ беріліп, жылы киімдер жеткізілді.
Жол апатының себебін анықтау мақсатында облыста жедел штаб құрылды.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему