Ақтаулық оқушылар Іле Алатауы баурайында демалды
19 Января 2016 (15:29) | 2529 | Автор: Мира Ботабекова
Ақтаудағы №11 мамандандырылған физика-математикалық мектебінің 4 «в» сыныбы ұйымшылдығымен ерекшеленеді. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап балалар әрбір мерекені бірге өткізіп келеді. Тіпті демалыс күндері мұражай, театр, кино, концерттерге төрт көздері түгел барып, бірге тамашалауды әдетке айналдырған. Бұл сынып жетекшісі Шохарбаева Гаухар Амантайқызының шәкірт тәрбиесіндегі ұстанымы мен ерен еңбегінің жемісі. Бала десе ішкен асын жерге қоятын тәжірибелі ұстаз білім берумен ғана шектелмей, бос уақытын шәкірттеріне арнап, оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына бар күшін салып келеді.
Гаухар Амантайқызы биылғы қысқы демалысты да шәкірттерімен бірге өткізді. Олар Қазақстанның ең көрікті жері Іле Алатауының баурайында демалып, үшінші тоқсан алдында жаңа күш қуат жинап қайтты.
«Маралсай» балалар лагеріндегі бір апта оқушылар үшін естен кетпес қызықтарға толы болды. Балалар тау бөктеріндегі қалың қарға аунап, шанамен сырғанады, аққала жасап, асыр салып ойнады. Осылайша ақтаулық балақайлар таудың таза ауасын жұтып, нағыз қыстың қызықты күндерін бастан өткерді.
«Маралсайдағы» демалыс бағдарламасы бай және әртүрлі. Әр күн, әр сағат, әр минутына дейін есептелген. Балалардың бос уақыты жоқ. Оқушылардың бойындағы өнерлерін шыңдап, таланттарын ашу үшін лагерде түрлі секция жұмыс істеп жатыр. Ал соңғы бес жылда Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясының түлектері актерлік шеберлікке байланысты сабақтар ұйымдастырып келеді. Ақтаулық балалар да кәсіби мамандардың дәрісін тыңдап, қойылым қойды. Осылайша, өздерін нағыз әртіс ретінде сезінуге мүмкіндік алды.
Іле Алатауы Ұлттық табиғи саябағында орналасқан Алматының ең үздік лагерлерінің бірі – «Маралсайда» қысқы демалысты өткізіп келген балалардың қуанышында шек жоқ. Олар лагерден алған әсерлерімен бөлісті.
Сапа Нұрай:
-Лагердегі әр күніміз қызыққа толы болды. «Маралсайда» бізден басқа Қазақстанның өзге де қалаларынан балалар демалды. Біз солармен түрлі жарыстарға қатыстық. Би биледік, ән айттық, қойылым қойдық. Сол байқауларда ақтаулық балалардың өнерлі екенін дәлелдедік.
Абдрашит Дінмұхаммед:
-Мен «Маралсай» лагеріне алғаш рет бардым. Қатты ұнады. Ертегі әлеміне кіріп кеткендей әсерде болдым. Айнала аппақ қар, бір-бірімізге қар лақтырып, армансыз ойнадық. Отряд-отряд болып шанамен сырғанаудан жарысқа түстік. Мен үшінші отрядта болдым. Тәлімгеріміз Сабина апайдың көмегімен флешмоб ұйымдастырдық, түрлі би үйрендік. Соңғы күні «Елге сәлем» әнін орындап, лагермен қимай қоштастым.
Жалғасов Бекжан:
-Екінші тоқсан аяқталған соң, сыныптастарымызбен ақылдасып, бірге демаламыз, деп шештік. Каникулды достарыңмен бірге өткізген қызық қой. Оның үстіне табиғаты көркем «Маралсайда» демалдық. Бір аптаның қалай тез өткіп кеткенін білмей де қалдық. Өте көңілді болды.
Сәрсен Айнара:
-Лагерде күнде кешкісін балалар үшін би кеші ұйымдастырылды. Біз сол би кешін асыға күтетінбіз. Түрлі түсті шамдар жанып, әсем музыка ойнап тұрады. Тәлімгерлерімізбен бірге билеп, би үйреніп, бөлмелерімізге көңілді оралатынбыз.
Тельман Данияр:
-Демалыс кезінде Алматы қаласына арнайы саяхат жасадық. Маған әсіресе «Апорт» кешеніндегі «Гаваи» аквапаркі ұнады. Біз онда достарымызбен армансыз шомылдық. Қыста суға түсіп, шетелде жүргендей сезімде болдық.
Мизанова Айназ:
-Алматы қаласындағы белгілі мемлекеттік табиғи қорығының мұражайына да бардық. Мұражайда Қазақстанда сирек кездесетін түрлі өсімдіктермен және жануарлармен таныстық. Білмейтін көптеген сұрақтарымызға жауап алдық.
Асылбек Бек:
-Лагердегі соңғы күні «Королевская ночь» деп аталатын кеш ұйымдастырылды. Барлығымыз сол түні ұйықтаған жоқпыз. Өте қызықты болды. Балалар мен қыздар тіс пастасымен атыстық. Бұл ойын болған соң ешкім ренжіген жоқ, керісінше мәз болды.
Тарғын Әсем:
-Лагерде бір күнде бес мезгіл тамақтандық. Тамақтанатын мейрамхананың іші әсем безендірілген. Тағамдар дәмді әрі пайдалы болды. Күнде көкөніс, жеміс-жидек пен йогурттың түр-түрін беріп тұрды. Сорпалар мен екінші тамақтарының дәмі әлі күнге аузымнан кетпейді. «Маралсайға» тағы да барғым келеді.
Лагерде балалар тек табиғат аясында демалып қана қоймай, математикалық білімдерін шыңдауға мүмкіндік алды. Сынып жетекшісі Гаухар Амантайқызының айтуынша, демалыс орнында «Innovation» ғылыми-білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Шексіз математика» қысқы турнирі өтті. «Аталмыш турнирге қатысқан оқушыларымның барлығы халықаралық деңгейдегі сертификаттарға ие болды. Ал, бірқатары жүлделі орындарды қанжығасына байлап қайтты. Мәселен, Тельман Данияр 2-ші орын, Мырзағалиева Тоты 3-ші орын, төрт оқушы ынталандыру дипломдарымен марапатталды. Жеткізген Нұрсая, Сапа Нұрай, Абдрашит Дінмұхаммед пен Тарғын Әсем деген шәкірттерім «Математикалық бәйге» сайысының жеңімпаздары атанды. «Innovation» ғылыми-білім беру орталығының директоры А.Е.Искакова халықаралық деңгейдегі сертификаттар мен арнайы дипломдарды салтанатты жиында табыс етті. Оқушылардың барлығы турнирге дейін білікті мамандардан сабақ алды. Түрлі ойындар арқылы логикалық есептерді шығаруға машықтанды. Бұл дәрістер мен сайыстардың балалардың ойлау қабілетін дамытуға әсері мол болды»,-деді Гаухар Шохарбаева.
Жалпы, «Маралсай» балалар демалыс орны 2001 жылдан бері 7 мен 14 жас аралығындағы балаларға тамаша демалыс сыйлап келеді. «Маралсайдың» есігі барлық жыл мезгілінде ашық.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан сынып алдағы демалыстарды да бірге өткізіп, бос уақыттарын пайдалы істерге жұмсауды жоспарлап отыр.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему