Әсем ән қалықтаған кеш
Курс валют в Актау
на 26/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
26 Апреля, 14:33
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Әсем ән қалықтаған кеш

21 Декабря 2015 (11:34) | 3247 | Автор: Нурганым Имашева

 

Жұма күні М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның концерт залында Маңғыстаудың академиялық мәнердегі алғашқы кәсіби лирикалық сопрано дауысты әншісі, Республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері, үздік ұстаз Нұрияш Оспанованың «Өнерім - еліме» атты ән кеші өтті.

 

Концертте қазақтың, Ресейдің, шетелдің танымал әуендері, классикалық шығармалар орындалып, көрермен қауымның назарына Абайдың, М.Төлебаевтың, М.Ержанов, Л.Хамиди, А.Рахманинов, П.Чайковский, В.Кьяров, А.Вивальди, Дж.Пуччини, Л.Делибтің шығармалары ұсынылды.

 

Кеште өнерсүйер көрерменге арнап 20-дан аса әсем әнді шырқаған әнші Н.Оспановамен бірге Нұргүл Бекібаева, Бауыржан Ысқақов сынды шәкірттері де өнер көрсетті. Сонымен қатар Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің солисі, республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаты, ұлы күйші Ықыластың бесінші ұрпағы, қобызшы Ақнұр Шәріпбаеваның орындауындағы Ықыластың күйлері кеш қонақтарының көңілінен шықты.

 

Мектеп қабырғасында жүріп Нұрияш Мәскеу университетінің психология факультетінің дайындық бөліміне түседі. Алайда мектепті аяқтаған соң Алматыға жол тартқан ол, ҚазМУ-дің заң факультетінің дайындық бөліміне түсіп, жарты жылдан соң оны тастап кетеді. Келесі жылы Республикалық медициналық колледждің сан-фельдшер бөліміне оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп шығады. Елге оралып, екі жылдай Жаңаөзен қаласында қызмет ете жүріп, түрлі мерекелік шараларға қатысады. Өзінің бойындағы дарынды сезінген ол оңтүстік астанаға оқуға аттанады.

 

Табиғи таланты анасы Алтынайдан дарыған Нұрияш Алматы ұлттық консерваториясында қазақтың ұлы тұлғалары КСРО халық әртістері Б.Төлегенова, М.Төлегенова, Б.Жылысбаев сынды ұлағатты ұстаздардан вокал мамандығы бойынша дәріс алып, 1996 жылы Маңғыстау облыстық филармониясына жолдамамен келген. Содан бері әншілік қызметін жалғастырып келе жатқан ол облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі мерекелік шараларға белсенді араласып келеді. Осы жылдары біліктілігін жетілдіре отырып, облыс көлемінде, Ақтөбе, Шымкент, Астана, Алматы қалаларында Украина, Франция, Италия елдерінде өнер көрсетті.

 

Әншілік өнерімен бірге ұстаздықты да қатар алып жүрген Нұрияш Кеңесқызы өзінің тәжірибесін шәкірттеріне үйретуден жалықпайды. Ұстаздан дәріс алған шәкірттері республикалық өнер ордаларында қызмет етуде.

 

Н.Оспанова камералық ансамбльдің әншісі ретінде облыстық, аудандық білім ордаларында рухани, эстетикалық мәні бар лекция-концерттер ұйымдастырып, жас ұрпақтың бойына өнерге, мәдениетке деген сүйіспеншілікті сіңіруде. Осы жылдарда әнші Астана, Алматыдағы өнер ошақтарында біліктілігін жетілдіріп отырды.

 

 

Әнші Нұряш Оспанова әрдайым ізденіс үстінде. Осының айғағы ретінде ол биыл Италияға барып вокал мамандығы бойынша біліктілігін жоғарылатып келді.

 

- Бүгінгі күн - мен үшін ерекше күн. Шығармашылық кешімді ұйымдастырып, Маңғыстау халқына өз өнерімді ұсынып отырмын. Осы кешті өткізуге үлкен қолдау көрсеткен облыстық филармонияның басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Мені сүйемелдейтін симфониялық оркестрге, дирижері Әділ Бестембеков пен көркемдік жетекшісі Анар Жаңбырбаеваға да рахмет айтамын.

Атыраудан арнайы мені қолдау үшін келген өнердегі құрбым Ақнұр Шәріпбаеваға және концертімде ән айтатын өзімнің шәкіртеріме де алғысым шексіз. Абай атамыз: «Әнді сүйсең – менше сүй!» - дегендей, өнерді сүйгендіктен сахнада жүрміз. Мен үшін өнер – Алла сыйлаған сый, себебі маған осындай дауысты Алла берді және өз шешемнің дауысы керемет болған еді, сол кісіден де маған өнер дарыған болуы керек.

Маңғыстаулық өнер сүйер қауымға жақсылық тілеймін. Осындай ән кештеріне келіп тұрыңыздар, - деді әнші концерт басталардан бұрын тілішілерге берген сұхбатында.

 

Н.Оспанованың өнердегі құрбысы Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің солисі, қобызшы Ақнұр Шәріпбаева:

- Осы концертке Атырау қаласынан арнайы шақырумен келдім. Нұрияш Оспанова – менің өнердегі досым. Нұрияш менің әндерімді орындайды. Бүгінгі кеште де «Аппақ, асыл арманым» және «Абылай хан» атты екі әнімді орындайтын болады,-деді.

 

Ән кешінен жақсы әсерге бөленіп, ризашылықпен тарасқан көрермендер де өз пікірін білдіруге құлшынды. Солардың бір-екеуін сөзге тарттық.

 

Ақтау қаласының тұрғыны, көрермен Ағила Азбергенова:

-Н.Оспанованың өнерін жоғары бағалаймын. Ол талантты, жезтаңдай әнші. Оның әрбір ән кешінен қалмаймын. Бүгінгі концертінде жанды дауыста ән шырқап, көрермендеріне үлкен ләззат сыйлады. Өзінің талантымен әнсүйер қауымның ықыласына бөленіп жүрген өнерпаз.

 

Ақзия Мұқанова есімді көрермен:

- Мен Нұрияш Кеңесқызының өнеріне тәнтімін. Осы әншінің кеші болатынын естісем, облыстық филармонияға қарай жүгірем. Әнші концертте бастан аяқ жанды дауыста ән шырқады. Қазіргі кейбір әншілер сияқты ешбір фонограммаға сүйенбей, таза өз дауысымен әсем әндерін шырқап, көрермендеріне зор қуаныш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сүйікті әншіме: «Өнерің өркендей берсін!»,-деймін.

Өз өнерін өрістетіп, өлке мәдениетін көтеруге қосқан зор үлесі үшін әнші Н.Оспанова ҚР Президентінің, Маңғыстау облысы әкімінің, аймақтық мәдениет басқармасының Алғыс хаттарымен, «ҚР Тәуелсіздігіне-10 жыл», «Маңғыстау облысының құрылғанына-40 жыл», «ҚР мәдениет қайраткері» медальдарымен марапатталған.

Түбектің өркендеуіне өнерімен, жемісті еңбегімен атсалысып келе жатқан әнші аймақтың мәдениетін, өнерін дамытуға бұдан әрі де мол үлесін қосары анық.

 

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему