Қызылтөбе ауылында жаңа мешіт ашылды
14 Декабря 2015 (12:47) | 3825 | Автор: Мира Ботабекова
Тәуелсіздік күні қарсаңында Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылында жаңа мешіт ғимараты пайдалануға берілді. Бұрынғы жүз адамдық ескі мешіт ауласынан жаңадан бой көтерген имандылық үйінің ашылу салтанатына Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев пен облыс имамы С.Сейтбеков қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
Жаңа мешіттің тұсауын кесу мәртебесі Сейсен Боқыбаев ақсақалға бұйырды. Оның өзіндік себебі де бар. Қария осы Қызылтөбенің ескі мешітінің жер орнын Кеңес үкіметі кезінде Москваға барып рұқсат сұрап алған екен. Дінге тосқауыл қойылған тұста имандылық ісін дәріптеген ақсақал бүгінде 80 жаста. Өзінің бір кездегі еңбегі еш кетпей, сол орыннан бүгінде жаңа мешіттің жаңа күмбезі жарқырап тұрғанына дән риза.
Құрылысы 2013 жылдың аяғында басталған жаңа ғимарат 2 жылда салынып бітті. Мұнда бір мезгілде 400 адам Аллаға құлшылық ете алады. Мешіттің 2 мұнаралы, ерлер және әйелдердің намаз оқитын бөлек залы, кітапханасы бар. Жаңа мешіттің бойын тіктеуіне мешіт имамы Айғабыл Шаденовтің жұмсаған еңбегі өте зор. Имамның сауапты іске кәсіпкерлерді тартып, олармен қоян қолтық жұмыс істеуінің нәтижесінде жаңа мешіт бой көтеріп, қызылтөбеліктер жайлы жерде намаз оқуға мүмкіндік алып отыр.
Салтанатты шараға жиналған жұртшылықпен бірге аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев пен облыс имамы С.Сейтбеков мешіт ауласына көшет екті. Мұнан соң жаңа мешіт алдында Әли Қазақ қасиетті Құран аяттарын оқыды. Аудан әкімі Н. Тәжібаев өзінің құттықтауын арнап, мешітке сый жасады.
Облыс имамы С.Сейтбеков болса, демеушілерге Алғыс хат беріп, олардың көмек қолын созған ынталы көңілдеріне ризалығын білдірді. Мешіт ішіне енген халық Аллаға шүкіршілік білдіріп, жамағат болып намаз оқыды. Жұма күнге тұспа тұс келгендіктен өкіл имам жиналған жұртшылыққа ел тыныштығы мен ынтымағы туралы, егемендікті сақтау жайында уағыз айтты. Бұл күні жаңа мешітте ел тәуелсіздігі үшін құрбан болған боздақтарға Құран бағышталды.
«Жыл басынан бері Маңғыстау өңірінде мешіттердің жаңартылып, үлкейтілуі қолға алынып келеді. Барлық имандылық үйлері исламның қанат жаюына үлесін қосып жүрген еріктілердің көмегімен салынып жатыр»,-деп хабарлайды Маңғыстау облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему
отмена