«Ақ шағала» есігін айқара ашты
8 Декабря 2015 (14:15) | 2982 | Автор: Нурганым Имашева
Желтоқсан айының басында елімізде тойланатын басты мерекенің бірі-ҚР-ның Тұңғыш Президенті күніне орай Ақтау қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты облыс орталығының 12-ші шағынауданында орналасқан №32 «Ақ шағала» балабақшасының ашылуы салтанатты түрде аталып өтті.
Бұдан бұрын бұл ғимаратта Маңғыстау облысының Әділет Департаменті жұмыс жасаған болатын, күрделі жөндеуден өткен бөбекжай мемлекетке қайтарылып, балалардың игілігіне жұмсалуда.
Балабақша 2015 жылдың 12 қазанында өз жұмысын бастады. Бақшаның жобалық сыйымдылығы – 280 орын. Оқыту мен тәрбие беру - мемлекеттік тілде.
Балалар мекемесінің директоры Балмағамбетова Тыныштық Қалниязқызы:
- Балабақшамыз 10 топтан тұрады. Оларда 3-4 жастағы сәбилердің 5 тобы, 4-5 жастағы балалардың 4 естияр тобы, 5-6 жастағы балғындардың 1 ересектер тобында бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Қалалық білім бөлімінің жолдамасымен кезектегі балалар қабылдануда.
Бақша ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары 2015 жылдың қаңтарында басталған болатын. Қыркүйек айында жөндеу аяқталып, ғимарат қабылданды.
Мектепке дейінгі тәрбие мамандығы бойынша жоғары және арнайы орта білімі туралы дипломды иеленген мамандар жұмысқа қабылданды, қазір балабақшаның барлық топтары тәрбиеші, күтушілермен толық қамтылған. Бұдан өзге бүлдіршіндерге сурет сабағынан, ағылшын тілі, музыка, дене тәрбиесі және тағы басқа сабақтарды оқытатын мамандарымыз да бар.
Оқу-тәрбие жұмысын мемлекеттік стандартқа сәйкес дұрыс ұйымдастыру үшін ағылшын тілі, орыс тілі, бейнелеу өнері, информатика, психолог кабинеті, ән-саз, дене тәрбиесі және би залдары жабдықталған.
Балабақшаның алға қойған негізгі бағыты, мақсат-міндеттері - бала тәрбиесінде халықтық педагогиканы қолдану арқылы балғындарды байланыстырып сөйлеуге үйрету, тілін дамыту, саламатты өмір салтына тәрбиелеу арқылы бүлдіршіндердің қимыл-қозғалыстарын дамыту. Оқу-тәрбие жұмысында осы аталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі заманға сай жаңа технологиямен жұмыс жасау үшін бақшамыз интерактивті тақталар, электронды қазақ үй, құрастырмалы ағаш үй сияқты материалдармен қамтылған. Мекеменің материалдық базасы жақсы жабдықталған.
№32 «Ақ шағала» балабақшасының күрделі жөндеуін жүргізген «РиГСтрой» ЖШС директоры Нұғыманов Қанат Қанайұлы:
-Балабақшаның жөндеу жұмыстарына 5 ай уақыт кетті. Ғимараттың көп жылдар бойына өзге мақсатта пайдалануына байланысты оның көп бөлігін қайтадан жаңғыртып жөндеуге тура келді. Маңғыстаудың көптеген әлеуметтік нысандарын күрделі жөндеуден өткізіп жүрміз. Мысалы Түпқараған ауданында, Қызыл сайда, Ақтаудағы №34 балабақшаның және т.б. көптеген ғимараттардың күрделі жөндеуін жүргіздік. Он жыл болды компаниямыздың облыстың түрлі ғимараттарын жөндеу, салу бойынша құрылыс саласында қызмет етіп келе жатқанына,-деді.
Жаңадан ашылған балалар мекемесінде балғындарға ағылшын тілін үйрететін оқытушы Майра Майемерова: «Осы балабақшаның ашылғанына қуаныштымын. Өзім Мұнайлы ауданындағы «Химик» елді мекенінен қалаға қатынап жұмыс жасаймын. Ол жақта да осындай үлкен бақшалар ашылса жақсы болар еді. Өзім 10 жылдан бері балаларға тіл үйретіп жүрмін. Балалардың ағылшын тіліне деген қызығушылығы зор. Ән, би арқылы тілді тез үйренеді. Ата-аналар да дән риза. Ашылу салтанатында олар кабинеттерді аралап көрді. Жұмысымыз үшін барлық жағдай жасалып, оқу кабинеттері түрлі қажетті жабдықтармен түгел қамтылған. Бүлдіршіндер «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» арнайы бағдарламалары бойынша тілді үйренеді»,-деген пікірімен бөлісті.
№32 «Ақ шағала» балабақшасының сурет пәнінің мұғалімі, жас маман Исатай Сарсенбаев:
-Бұл бақшаға жақында балаларды бейнелеу өнеріне баулу мақсатымен жұмысқа тұрдым. Бүлдіршіндерді сурет салу, мүсіндеу, қағаздан қиып сурет жапсыру өнеріне үйретемін. Әрі бақшаның безендіру жұмыстарын да атқарамын.
Жалпы, еңбек жолымды балабақшадан бастап жатырмын. Өзім Маңғыстау өнер колледжін бітіргенмін. Сурет өнеріне деген менің де қызығушылығым сәби кезімнен басталған. Енді, міне өзім де балаларды сурет салуға үйретіп жатырмын.
Жаңадан ашылған балабақша ұжымына еңбекте зор табыстар тілеймін,-дейді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему