Әрбір тұрғын саналылық танытқанда қаламыз қоқыстан таза болмақ
15 Июня 2015 (10:47) | 1783 | Автор: Нұрганым Имашева
Облыс орталығының тазалығы көңіл көншітерлік жағдайда емес екені жайлы аз айтылып жүрмегені анық. Алайда қаладағы қоқыс контейнерлері маңындағы үйілген қоқыстрдың уақытылы жиналмауы, оларды толтырудағы жақын жерде орналасқан дүкендердің «үлесі» және қоқыс төгуші тұрғындардың санасыз әрекеттері туралы жергілікті БАҚ-та үнемі айтылып келеді. Дегенмен, аталған проблеманы шешу бағытында жасалып жатқан шаралардың нәтиже бермей тұрғаны сөзсіз.
Бұл жөнінде «Ақтау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының» басшысы Назгүл Ермұратқызы Тұрғаналалиевамен жолыққан кезде әңгіме қозғалды.
Басшының айтуынша, «Қазақстан халқы денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесінің Кодексіне» сүйене отырып және Ақтау қаласы әкімдігінің №294 от 18.03.2015 жылғы «Ақтау қаласы және елді мекендердің санитарлық тазартылуы мен аббаттандырылуы, көгалдандырылуы бойынша іс-шаралар және сумен жабдықтау, сауда нысандарының, базарлардың көктемгі-жазғы кезеңдегі жұмысына әзірлігі бойынша шаралар өткізу туралы» қаулысын негізге ала отырып, Ақтау қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының мамандары мен сәуір айында Ақтау қаласының шағын аудандары бойынша қатты-тұрмыстық қалдықтардың уақытылы, дұрыс жиналуына мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Мониторинг жүргізбес бұрын үлкен көлемді тұрмыстық қалдықтарды шығарудың маршруттық кестесі бекітілді. Ірі көлемді тұрмыстық қалдықтарды шығарушы мекеме «РЭП» пен қоқыстарды тасымалдаушы «Каспий Оперейтинг» мекемесімен келісім шарттар жасалды.
Мониторинг кезінде Ақтау қаласының шағын аудандарындағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерінің орналасуы, контейнердің бүтіндігінің бұзылғандығы, сонымен қатар арнайы қақпақтарының жоқ екендігі, яғни санитарлық талаптарға сай келмейтіндігі анықталды. Бұған қоса тұрғын үйлерден шыққан қатты-тұрмыстық қалдықтардың уақытылы және толық алынбайтындығы белгілі болды.
Тексеру барысында анықталған кемшіліктер көрсетіліп, суреттері қосылған хаттар қалалық әкімшілікке, жауапты «РЭП» пен «Каспий Оперейтинг» мекемелеріне жолданды.
Сәуірде жүргізілген мониторингті қорытындылай келе, нәтижесі бойынша Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен бірлесе отырып, қалалық әкімшілікте «Каспий Оперейтинг» мекемесінің, тұрын-үй кооперативтерінің, қатты–тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелердің қатысуымен штаб өткізілді.
Штаб барысында мониторинг кезінде анықталған санитарлық-талаптардың орындалмауы жөніндегі кемшіліктер айтылып, мекемелерге тиісті тапсырмалары берілді. Жақында қалалық әкімшілікте өткен жиналыста шағынаудандарды үш бөлікке бөліп, олардағы қоқысты шығару бойынша маршруттық кестеге сай, қоқыс шығаратын машиналарды көптеп жіберуге, сол жерлерде рейдтер ұйымдастыру туралы қала әкімі бізге тапсырма берді. Соған байланысты бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады».
Осыған дейін анықталған кемшіліктер бойынша кінәлілерге шара қолданылуы туралы Назгүл Ермұратқызы: «Қалалық әкімшіліктің шешімен қоқыстарды тасымалдаушы «Каспий Оперейтинг» мекемесіне әкімшілік шара қолданылып, біздің тарапымыздан ұйғарым беріледі»,-деп мәлімдеді.
«Ақтау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының» басшысының айтуынша, «Облыс орталығына қатысты тағы бір проблема-жаздың басталуына байланысты-тұрғын үйлерде неше түрлі жәндіктер: маса, шыбын, бүргелердің, жертөлелерде тышқандардың пайда болуына байланысты дезинфекция және дератизация шараларын жүргізу жұмыстарының уақытылы жасалуы.
Бұл жөнінде де барлық ПКСК басшыларына хаттар жолдап, қалалық әкімшілікте өткен штабқа қатысып, олардың келісім-шарттары мен жұмыс кестесін талап еттік. Осыдан кейін ол жұмыстар басталып кетті қала бойынша. Енді осы жұмыстар аяқталған соң бір айдың көлемінде әртүрлі әдістер мен құрал-жабдықтарды қолдану арқылы біз сол жұмыстардың сапасын тексереміз. Былтырғы жылы тиімділігін тексергенімізде 1-2 шағынауданда шала жасалған жұмыстар анықталып, оларды қайталап жасаттық.
Қазір де қалада бүрге шығып, тұрғындардан шағым түсіп жатқан жерлер де бар. Ол жөнінде тиісті мекемелермен шаралар алынуда.
Қалалық әкімшілікпен мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген кезде теңіз жағалауында дератизация жұмыстары жасалады».
Назгүл Ермұратқызның мәлімдеуінше «Ақтау қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мамандары ай сайын және әр тоқсан сайын қоршаған ортаның мониторингін жасап отырады. Оның кестесі бекітіліп, Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау Департаментімен келісілген. Соған байланысты біз су, ауа, топырақ, антенналардан бөлінетін электро-магниттік өрістер бар-барлығын қадағалап, санитарлық нормаларға сай келуін бақылап отырамыз.
Барлық мектеп, балабақша, емдеу мекемелерінен су алып, оны зертханаға тапсырып отырамыз, біздің өзімізде бар 9-11 бақылау нүктелеріндегі, санитарлық-қорғау аймақтарындағы өнеркәсіптік нысандардағы ауаның құрамындағы зиянды заттектердің мөлшерін өлшеп отырамыз ай сайын. Әзірге ешбір кемшіліктер анықталған жоқ ол тексерулер бойынша. Бүгінгі таңда бар жағдай бақылауда.
Қазіргі маусымға сай, бассейндер, қаладағы су бұрқақтары, теңіз суын да біз алып, зертханаға тапсырып отырмыз. Себебі ол жерлерде адамдар жаппай суға шомылады, әртүрлі энтеровирустар, аса қауіпті инфекциялар болуы мүмкін».
Сөз соңында айтарымыз, күнделікті өмірде қала тұрғындарының көпшілігі үйден шығарған қоқыстарын контейнерге жетпестен оның жанына лақтыра салып немесе балконынан төменге тастай салып, жүре беретінің, оны көрген балалар да осылай жасайтынының куәсі болып жүргеніміз рас.
Осындай санасыз әрекеттердің салдарынан ақмаржан қаламыздың күннен-күнге қоқысқа белшесінен батып, сұрықсыз күйге енуіне өзіміз себепші болып отырғанымыз қынжылтады.
Әрбір көшеге бейберекет тасталған қоқыс-бұл өзіміз тыныс алып отырған ауаны, қоршаған ортамызды өз қолымызбен ластау екенін бір сәт ойлансақ артық етпесі анық. Ендеше, өзімізге-өзіміз қастық жасағанмен бірдей әрекеттерден аулақ болып, тазалықты сақтау-ортақ іс екенін ұғынар кез жетті, ағайын! Осыны естен шығармайық!
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему
отмена