ҰЛТТЫҚ ҰЛАНДА «ӘСКЕР – АНАЛАР КӨЗІМЕН» АКЦИЯСЫ ӨТТІ
26 Января 2026 (12:49) | 530
|
Автор: Редакция
Ұлттық ұлан қатарында ата-аналар мен әскери бөлім арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған «Әскер – аналар көзімен» атты акция ұйымдастырылды. Іс-шара барысында сарбаздардың аналары мен жақындары әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, ұлдарының қызмет өткеру жағдайын өз көздерімен көрді.
Акция аясында ата-аналар казармаларды, оқу сыныптарын, асхана мен монша-кір жуатын бөлмелерді аралап, сарбаздардың тұрмыстық жағдайымен танысты. Сондай-ақ әскери қызметтегі қауіпсіздік талаптарының қалай сақталатыны жөнінде толық мәлімет алды. Офицерлер мен сарбаздармен еркін форматта әңгімелесуге мүмкіндік жасалды.
Мерзімді қызмет әскери қызметшісінің әжесі Күләш Болатбекова көрген-түйгенімен бөлісті. — Аналар қашанда үйден тыс жүрген балаларын уайымдайды. Бүгін әскери бөлімдегі жағдайды өз көзімізбен көрдік. Казармалар таза, оқу сыныптары жабдықталған, асханадағы тағамдар да көңілден шығады. Сарбаздардың жеке шкафтары бар екен. Ең бастысы – балаларымыз тоқ, көңіл-күйлері жақсы, – деді ол.
Ата-аналардың балаларымен жүздесуі Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655 әскери бөлімінің басшылығы мен сарбаздар аналары комитетінің қолдауымен жүзеге асты.
Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Төрехан Тортбаев бұл кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. — Ата-аналардың алаңдаушылығын азайту мақсатында «Әскер – аналар көзімен» бағдарламасы аясында мұндай іс-шараларды тұрақты өткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгін ата-аналарға сарбаздардың тұратын казармалары, қысқы және жазғы киім үлгілері, асхана мен монша көрсетілді, – деді ол.
Әскери бөлімді аралау аяқталған соң бөлім басшылығы ата-аналарға арнап дастархан жайып, сарбаздардың күнделікті ас мәзірінен дәм ұсынды. Ал түрлі себептермен келе алмаған ата-аналар балалары мен туыстарымен бейнеқоңырау арқылы тілдесті.
Айта кету керек, мұндай ашық форматтағы кездесулер әскери қызметтің ашықтығын арттырып, ата-аналар мен әскери ұжым арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему

Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz








