Бейнеуде Ауған соғысының жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды
15 Февраля 2023 (17:08) | 2043 | Автор: Нурбол Шалабаев
Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 34 жыл толуына орай Бейнеу ауылында интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімі өтті.
Шараға Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Көңілімқосұлы, 99116 әскери бөлімінің командирі подполковник Ерғали Буриев мен Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Шайхы Азанов және басқа да Ауған соғысының ардагерлері мен соғыста опат болған жауынгерлердің ата-аналары, 99116 әскери бөлімінің жеке құрамы, жас сарбаздықтар мен ауыл тұрғындары қатысты.
– Бүгін біз Ауған соғысында опат болған жауынгерлеріміз бен ардагерлеріміздің ерлігін еске алуға жиналып тұрмыз. Сол бір қатыгез соғыстың аяқталғанына биыл 34 жыл толып отыр. Бұл – біздің тарихымыздағы елеулі оқиғалардың бірі. Қаншама жауынгер бүгінде ортамызда жоқ. Алайда олардың жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Көңілімқосұлы.
Сонымен қатар, аудан әкімі жастарға патриоттық тәрбие беруде еңбек етіп жүрген интернационалист-жауынгерлерге ризашылығын білдіріп, дендеріне саулық тіледі. Өз кезегінде 99116 әскери бөлімінің командирі подполковник Ерғали Буриев бүгінгі жастар тарихпен мақтануы керектігін, ел үшін ерлік көрсеткен, жанын қиған жауынгерлерді әрдайым есте сақтау керектігін атап өтті және Ауған соғысының ардагерлеріне зор ризашылығын білдірді.Ауған соғысына қатысқан азаматтар – ерекше азаматтар. Сіздерге құрметім зор. Жасаған ерліктеріңіз үшін сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Сіздер жастарға үлгісіздер, – деді подполковник Ерғали Буриев.
Жиналғандар ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, ерлікпен опат болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему