2020-2021 оқу жылының 4 тоқсанында оқу процесін ұйымдастыру бойынша ақпарат
31 Марта 2021 (16:42) | 4597 | Автор: Редакция
Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты енгізілген карантиндік шараларға сәйкес, облыс мектептерінде осы оқу жылының үш тоқсанында оқыту 3 форматта жүргізілді: қашықтан, штаттық режимде және кезекші сыныптарда.
2021 жылдың 1 сәуірінен бастап жалпы білім беретін мектептерде барлық сыныптардың оқушылары үшін сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқыту ұйымдастырылады.
Осы бағытта ҚР Үкіметінің ведомствоаралық комиссиясының 10.03.2021 жылғы хаттамалық тапсырмасы, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің, Маңғыстау облысы Бас санитариялық дәрігерінің қаулысы шықты.
Штаттық режимге барлық білім беру мекемелері көшеді.
158 876 оқушы қамтылған 158 мектепте 1-11 сыныптар үшін оқыту аралас форматта өтеді (70% пән – оффлайн, 30 % пән – онлайн форматта).
Әр мектеп оқыту кезеңдерінің сыныптар санын және онлайн оқытылатын пәндер тізімін жеке анықтайды.
Сыныптың толымдылығы - 25 бала, сабақтың ұзақтығы - 40 м.
Оқушылар үшін мектеп формасын сақтау талап етілмейді.
Жекелеген жағдайларда (ауырған немесе ауырғандармен байланыста болғандар) ата-аналардың өтінішімен балаларды қашықтан оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі.
Мектеп асханаларының жұмысы Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің келісімімен барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылады.
Мектептерде күнделікті желдету, ағымдағы дезинфекциялық жұмыстар күшейтіліп, дератизация, дезинсекция және дезинфекция жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.
Барлық 158 білім беру ұйымдары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді (тепловизор, санитайзер, кварц лампалары).
1 сыныпқа қабылдау бойынша:
Бірінші сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады.
Бұл – білім беру процесіне қатысушыларға ыңғайлы болу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің тарапынан қабылданған шешім.
Ата-аналар мектепті алдын-ала анықтап, оқуға қажетті құжаттарды уақытылы тапсырады, сондай-ақ балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етеді.
Мектеп басшылығы сыныптарды жинақтап, қажетті оқулықтарды алдын ала сатып алады. Сонымен қатар педагогтер құрамын анықтап, сағат санын бөледі.
Ата-аналар өтінішті egov.kz электронды үкіметі арқылы беруге болады.
Анықтама үшін: 2020-2021 оқу жылында 1 сыныпта 18600 оқушы қабылданды. 2021-2022 оқу жылына 19 мыңға жуық оқушы келеді деп болжамдалды.
Қажетті құжаттар тізімі:
- Ата-ананың өтініші (немесе оларды алмастыратын тұлғалар);
- Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 3х4 көлеміндегі 2 фото. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қарастырылады.
Білім беру ұйымдарының бірінші сыныптарына алты жасқа толған балалар және ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толатын балалар қабылданады, яғни, қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар бірінші сыныпқа бара алады. Себебі күнтізбелік жылдың соңына дейін олар толық алты жасқа толады және мектепке қабылдануға құқығы бар.
Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау кезінде оқу орнының басшылығы түсушілер мен олардың ата-аналарын қабылдау ережелерімен, жарғы мен оқу үрдісін реттеуші өзге де құжаттармен таныстыруы қажет.
Бірінші сыныпқа қабылдау кезінде (мамандандырылған білім беру ұйымдарынан, гимназиялар мен лицейлерден басқа) емтихан, тестілеу, сынақтар, байқау жүргізілмейді.
Бірінші сыныпқа қабылдау 3:1 принципі бойынша жүргізіледі. Құжаттарды қабылдау кезінде бірінші 3 өтініш беруші мектептің қызмет көрсету территориясынан қабылданады, сосын, қызмет көрсету аймағына жатпайтын территориядан 1 өтініш қабылданады.
Мектепке дейінгі мекемелерге бармаған және мектеп алды дайындықтан өтпеген балалар үшін, оқу жылының басына дейін дайындық курстары ұйымдастырылуы тиіс.
1 тамызға дейін барлық білім беру мекемелері 1 сыныпқа қабылдау бойынша ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізетін болады.
Қорытынды аттестаттау
2020-2021 оқу жылында мектеп бітіруші 9, 11 сыныптар үшін мемлекеттік емтихан – қорытынды аттестаттау жүргізіледі.
Өтетін уақыты шамамен 28.05-10.06. аралығы, нақты уақыты алдағы уақытта белгілі болады (ҚР БжҒМ-ң оқу жылын аяқтау бұйрығымен).
9 сыныптарда 3 емтихан болады (оқыту тілінен эссе, математикадан жазбаша жұмыс, қазақ сыныптарына – орыс тілінен, орыс сыныптарына – қазақ тілінен жазбаша жұмыс).
11 сыныптарда 4 емтихан болады (оқыту тілінен эссе, математикадан жазбаша жұмыс, Қазақстан тарихынан тестілеу, қазақ сыныптарына – орыс тілінен, орыс сыныптарына – қазақ тілінен тестілеу).
Қайталама қорытынды аттестаттау барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, а.ж. 11-20 маусым аралығында өтеді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему