Маңғыстауда «new wave» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда
24 Ноября 2020 (16:54) | 2644 | Автор: Нуркен Тажибай
Жуырда Маңғыстау облысында «New wave» яғни «Жаңа толқын» жобасы жүзеге асуы мүмкін. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабала мәлім етті.
Бұл жоба – өңірдегі барлық федерациялардың көп спорттық шараны ұйымдастыру арқылы қомақты қаражат табуға үйретуге бағытталған жоба.
«Егер біз Еуропа, Батыс елдерін алып қарасақ, спорттық федерациялар өзінің көрсететін эфирлері мен партнерлер арқылы көп қаржы тауып жатыр. Енді біз де осы жобаны іске асыруға жұмыстанамыз», - деді Нұрбек Қарабала.
Оның айтуынша, өңірде 2017 жылдан осы жылға дейін бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 50 мыңға дейін өсті. Бұл - үлкен көрсеткіш. Осы тұрғыда Маңғыстау облысы Қазақстан бойынша 2-орында тұр.
«Жалпы спорт ғимараттарын салу және көбейту мәселесі – біздің маңызды міндеттеріміздің бірі. Маңғыстау облысында спорт нысандары 2017 жылдан бері 45 алаңға көбейді. Бұрын сонды 660 нысан болса, бүгінгі таңда 705 болды. Оның ішінде далада салынған спорт, футбол, воркаут алаңдары мен басқа да спорт кешендері бар», - деді Нұрбек Қарабала.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында облыста 7 спорт нысаны жөндеуден өтті, олардың 3-і Ақтау қаласында, («Волна» каратэ спорт мектебі, Күрес мектебі, «Жас Қанат» спорт кешені), 1 Жаңаөзенде (Спорттық стадион) және тағы 1 Шетпе ауылында (Стадион). Сондай-ақ, жуырда мүгедектер клубының басшылары облыс аймағында 2 спорттық залын ашты.
«Біздің тағы бір мақсатымыз – спортшыларымызға тиесілі еңбекақы төлеу. Осы орайда, облыс әкімдігі тарапынан спортшыларымызға ай сайын төлем беретін қаулы шықты. Бүгінгі таңда олимпиадалық спорт түрлерінен Қазақстан чемпиондары 200 мың теңге көлемінде айлық алса, олимпиада чемпиондары 700 мың теңге көлемінде жалақы алып жүр. Бұрын сонды ақшалай төлем 20-дан аса спортшыға берілсе, бүгінгі таңда 60-тан аса спортшы осындай төлемге ілікті», - деді Нұрбек Қарабала.
Айта кетейік, Ақтау қаласында 2018 жылдан бері «Чемпион нашего двора» жобасы қарқынды жұмыс істеп келе жатыр. Аталған жоба қазіргі таңда 7 мыңға жуық тұрғынды жинап, күнделікті жаттығуды жүргізіп жатыр. Алайда, осы жоба әзірге тек Ақтау қаласын қамтып отыр. Алдағы уақытта Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы «Чемпион нашего двора» жобасын да, «Ақтау Run club» жобасын да облыс бойынша дамытуды көздеп отыр. Бұл жұмыстың бәрі – бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему