Анттарына адалдық танытуда
Курс валют в Актау
на 21/11/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
21 Ноября, 19:06
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Анттарына адалдық танытуда

5 Октября 2020 (14:58) | 3528 | Автор: Нурганым Имашева

Биыл төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің құрылғанына 25 жыл. Осы уақыт аралығында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, дәрігерлер мен ұшқыштар, психологтар мен кинологтар төтенше жағдай кезінде өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

 

 

Бұлардан өзге аталған саланың қалыпты қызмет атқаруы жолында ұзақ жылдар бойына жемісті қызмет етумен өз үлесін қосып жүрген өзге де біраз мамандар бар. Солардың бірі – Ақмарал Садуақасова. Ол жасы 18-ге жаңа толғанда 1996 жылдың жазында ІІБ мемлекеттік өртсөндіру қызмет басқармасының №3 мамандандырылған-әскерилендірілген өрт сөндіру жасағына қарасты №187 мамандандырылған-әскерилендірілген өрт сөндіру бөліміне радиотелефонист болып қызметке орналасқан.

 

Жастығына қарамай, қағілездік пен қырағылықты, тез шешім қабылдай алатын шапшаңдықты, мұқияттылық пен жоғары жауапкершілік сынды бұдан да өзге толып жатқан қасиеттерді талап ететін қызметтің тізгінін ұстаған ол осы лауазымда 8 жыл қызмет етті. Өрт оқиғалары кезінде түрліше құтқару жұмыстарын талап ететін төтенше жағдайлар туралы қоңырауларды қабылдау арқылы оларға көмек күшін жұмылдыру бағытында тез әрекет етіп, түрліше қызметтердің жұмыстарын үйлестіру сынды жауапты қызметті мінсіз атқарды.

 

Осыдан соң 2004 жылы жауапкершілік жүгі бұдан да зор болып саналатын Ақтау қаласындағы өрттен құтқару қызметіне қойма меңгерушісі лауазымына ауысқан Ақмарал Орынғалиқызы аталған саланың материалдық тұрғыда қамтылуына бар күш-жігерін арнап, ұзақ 16 жыл бойы еңбек етумен келеді.

 

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар саласында 24 жыл табан аудармастан қызмет етумен келе жатқан А.Садуақасова осы жылдар аралығында 3 бірдей оқу орнын тәмамдап, екі арнайы орта оқу орнымен қатар жоғары экономикалық білім алып, қызметіне сай лейтенант шеніне дейін әскери атаққа ие болған жан.

 

Қазіргі қызметі 760-тан аса адамды әкери киім үлгісімен қамтудан бастап, бүкіл бір қызметті өрт сөндіру техникасы, құрал-жабдықтарға дейін түгел қамтамасыз ету сияқты жауапкершілігі жоғары, материалдық жауаптылықтан өзге де толып жатқан талаптарға сай болуын қажет етеді. Соған қарамастан тек қызметтік міндеттерін орындаумен ғана шектеліп қалмайтын, табиғатынан пысық Ақмарал Орынғалиқызының керемет ұйымдастырушылық қабілеттен де құр алақан еместігін, кез-келген мерекелік шарада үлкен ұжымды ұйыстыра білетін маман ретінде әріптестері арасында абыройлы екенін қызметтестері жарыса айтып отырғанының куәсі болудың сәті түсті.

 

Өскен ортасы, отбасында ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесі жөнінде сұхбаттасу арқылы жанұяда 4 қыз, екі ұл болып өсіп, әке-шешенің үлгілі тәлім-тәрбиесін алған перзенттері бүгінде әр саланың маманы болып еңбек етумен, әрқайсысы өз шаңырағының түтінін түтетіп отырғаны туралы білдік.

 

Өртсөндіру қызметінде 2006 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан бас маман-психолог, азаматтық қорғау майоры Жолдыбаева Дариға Ақмарал әріптесі туралы:

-Ақмарал Орынғалиқызы - ортаның адамы, ұжымда өте сыйлы, абыройлы, беделді маман. Оның ұйымдастырушылық қабілеті зор, ер адамдармен қатар жүріп, қызмет барысындағы әртүрлі шаруаларды шешуге келгенде табандылық танытумен талай істерді дөңгелетіп әкететінің куәсі болып жүрміз. Өткен жылы мемлекеттік органдар қатысқан әйелдер арасындағы жарыста үздік атанды.

Ана ретінде де өнегесін танытып, өзі ұзақ жыл қызмет етіп келе жатқан салаға ұлының да келуіне ықпал етіп, балаларына да өнегелі тәрбие берумен жақсы, үлгілі ана болып, тұрмыста да әйел адам ретіндегі өз міндеттеріне мығым, ас үйде керемет аспаз, Маңғыстаудың қызы ретінде ұлттық салт-дәстүрді ұстану жөнінен де көбімізге үлгі болумен ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын жан,- деген өз пікірін білдірді.

 

АНАНЫҢ ЫҚПАЛЫ

 

Өзі өмір сыйлаған қос перзенті – 22 жасар ұлы мен сегізінші сыныпта оқитын 14 жасар қызына үлгілі ана атанып, өнегелі тәлім-тәрбие беріп отырған анасы Ақмаралдың өнегесін алған ұлы Наурызбек те әскердегі борышын өтеп келісімен 2018 жылдың мамыр айынан бастап Ақтау қаласындағы «№1 Мамандандырылған өртсөндіру бөліміне» өртсөндіруші болып қызметке орналасқан.

 

2020 жылдың сәуірінде аға өртсөндіруші-құтқарушы лауазымына көтерілген ол бүгінде сырттай Орал қаласындағы жоғарғы оқу орнында оқи жүріп, білімін шыңдап, келешекте офицерлік шенді иеленуге талпынуда.

 

Аталған қызметке қатардағы жауынгер болып келген Наурызбек бүгінде сержант шенін иеленген. Өртке қарсы қызметте өтетін түрліше шаралардың үнемі белсенді қатысушысы болатын ол көңілділер мен тапқырлар клубының мүшесі ретінде сайыстардың қызықты өтуіне өз үлесін қосуға әркез дайын. Спорттық жағынан да өзінің физикалық тұрғыда мықты болуына мән беруден жалықпайды.

 

Бөлім басшысы Демешев Бекен Балтабайұлы басшылық ететін «№1 Мамандандырылған өртсөндіру бөлімінде» қызмет ететін өртсөндіруші сарбаздар туралы әңгімелеуді өтінгенде жас құтқарушы-сарбаз Меңдібаев Наурызбек Ерланұлы өзінің атқарып жүрген қызметі туралы ерекше құлшыныспен айтып берді. Оны тыңдап отырып, қызметіне адал болуға тырысатын жас өртсөндірушінің өз міндеттерін атқарудағы жауапкершілігі, ең басты құндылық-адам өмірін құтқарудағы басты мақсат-мүдделері, өмірдегі өзі ұстанатын принциптері туралы біраз сырға қанықтық.

 

-Менің осы қызметпен тағдырымды байланыстыруыма анамның ықпалы зор болды, өйткені мен кішкентай кезімнен анамның қызмет орнына жиі келіп, осы саланың қызметін көріп өстім, ержүрек өртсөндіруші сарбаздардың шапшаң қимылына, батылдығына сырттай қарап тұрып, қызығатынмын. Сөйтіп, мамандық таңдауда басқа кәсіпті қаламадым. Өзімді қызықтырған құтқарушының қызметіне кірісіп кеттім.

Біздің ұжым өте ұйымшыл, тату. Адам өмірін құтқару жолында өртпен бетпе-бет кездескен кезде алдымен бойыңда психологиялық дайындықтың болуы өте маңызды. Кейде өмір үшін жанталас сәт туғанда өзіңнен салмағы үлкен жандарды да қалай арқалап тез арада қауіпсіз жерге алып шыққаныңды өзің де білмей қалатын кездер болады.

Өрсөндіруші-құтқарушы берген сертіне адал болып, қиын сәттерде мойымайтындай, психологиялық тұрғыда мықты болумен өз қызметін мінсіз атқаруға талпынуы тиіс деп санаймын,- деген ойымен бөлісті.

 

Анасы Ақмарал Орынғалиқызы мен баласы Наурызбек Ерланұлы қатар қызмет етіп жүрген Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар саласына қарасты «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде қиындығы жеткілікті болса да одан тайсалмай адал қызмет етуге ұмтылған осындай жандардың қатары жеткілікті. Олар ұрпақтар сабақтастығын жалғаумен қатар өздерінің Отан алдында берген анттарына адал болуды ешқашан жадынан шығарған емес.

 

 

 

 

 

 

Суреттер Рукья Сычевадан және кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему