Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің 1-ші пәнаралық эндохирургиялық Конгрессі басталды
16 Сентября 2019 (12:23) | 2269 | Автор: Нурганым Имашева
Конгресс жұмысына Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан, Франция, Италия, Украина, Грузия, Оңтүстік Кореяның жетекші хирургтері қатысуда. Шара 4 күнге жалғасады. Конгресс бағдарламасы кеңейтілген, басқосуда халықаралық сарапшылар сөз сөйлейді, дөңгелек үстелдер, баяндамалар және пікірталастар ұйымдастырылады. Конгресс аясында Ресей, Әзірбайжан, Франция және Қазақстанның жетекші эндоскопиялық хирургтердің қатысуымен шеберлік-класстар өткізіледі.
Бұл туралы біздің басылымға Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстау өңірінде өтіп жатқан Конгресс - хирургияның, гинекологияның, онкологияның, балалар хирургиясының, әсіресе әртүрлі аурулардың хирургиялық емдеудің өзекті мәселелерін талқылау үшін тамаша мүмкіндік. Сонымен қатар, Конгресс Каспий маңы елдерінің хирургиялық қауымдастығы өкілдерінің ынтымақтастығын нығайтуда маңызы зор.
Алдымен сөз алған Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев, аймақта жасалатын оталардың 70% астамы қазіргі заманғы эндохирургиялық технологияларды пайдаланумен өткізілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, маңғыстаулық хирургтер елде алғашқылардың бірі болып жетекші шетелдік клиникаларда эндоскопиялық хирургия бойынша тағылымдамадан өткен. Ведомство басшысы келер 2020 жылдан бастап елімізде жүзеге асырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы да айтып өтті.
Шарада сөз алғандар қатарында Конгрестің құрметті төрағасы Серік Тоқпанов, еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев бар. Конгрестің алғашқы күнінде колоректалды хирургияның болашағы, онкологиядағы лапароскопия, балалардағы қолқа және оның тамырларындағы эндохирургиялы оталар, қазіргі замандағы эндоскопиялық хирургия, қателер мен асқынулардың алдын-алу, еліміздегі транспланттауды үйлестіру қызметі, ұйқыбезінің жылауық неоплазиясын оптималды емдеу, егіздерге трансфузия синдромын фетоскопиялық емдеу мәселелері талқыланды.
Төрт клиникалық базада, атап айтқанда Маңғыстау облыстық ауруханасы, перинаталдық орталық, балалар ауруханасы және онкологиялық диспансерде отандық және шетелдік жетекші эндоскопиялық хирургтер қазіргі заманғы эндохирургиялық жабдықта құрсақ қуысы, кіші жамбас және ішперде артындағы кеңістік ағзаларында 3D, HD, ICG, 4K форматтарында визуалдаумен жоғары технологиялық операциялар жасау жоспарланған.
Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының директоры Жамал Жаманбаеваның айтуынша, ғылыми – практикалық сессия барысында жатыр мойыны обыры хирургиясындағы лапароскопияның мүмкіндіктері мен шектеулері, онкогинекологиядағы инновацияларға көбірек көңіл бөлінбек.
-Гинекология саласындағы лапароскопиялық операциялар жасауда әр дәрігердің өз тәжірибесі болады. Ал операцияларды трансляциялау кезінде аналық безі обырының таралған түрі кезіндегі лапароскопиялық толық бірінші циторедукцияның дүниежүзіндегі алғашқы тәжірибесі, лапароскопиялық жамбастың лимфодиссекциясы және енгізу кезеңдеріне мән беріледі.
Сонымен қатар электрохирургияның физикалық негіздері, репродуктивтік жастағы әйелдерге жатыр мойыны патологиясын емдеудің қазіргі заманғы әдістері, бастауыш эндоскописттің дағдыларын дамытудағы Wetlab рөліне де ерекше мән берілмек, - дейді ол.
Конгресс қорытындысы бойынша ғылыми материалдар жинағы шығарылмақ. Шара аяқталған соң, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табысталатын болады.
Айта кету керек, аталмыш шараны өткізу туралы шешім Маңғыстау облысының әкімдігі, Қазақстан эндоскопиялық хирургтері қауымдастығы, Астана медициналық университеті, Қазақстан гинеколог-эндоскопистері қоғамдық бірлестігі және Маңғыстау облыстық ауруханасы тарапынан қолдау тапты.
Суреттерді түсірген Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему