БИЗНЕС СЫРЫ - ТӘУЕКЕЛ ЕТУ
23 Августа 2019 (09:12) | 2614 | Автор: Нурганым Имашева
Осыдан 27 жыл бұрын «КЕЗБИ» ЖШС-ін құрып, оны үзбей басқарып келе жатқан ірі кәсіпкер Бітім Кезбаевтың өзіне ғана тән дара жолы бар.
Бітім Тәжіғұлұлы 1946 жылы Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында дүниеге келген.
1963 жылы Форт-Шевченко қаласында политехникалық мектепті бітіріп, 3-дәрежелі бұрғышының көмекшісі деген құжат алып шықты. Осы жылы қатарының бәрі жан-жаққа оқуға аттанып жатқанда, 10 баланың үлкені, үйдің қолғанаты болып отырған Бітім, әкесі соғыс ардагері Тәжіғұлға отбасын асырауға көмектесті. Ол алғаш еңбекке араласқанда әлі 17 жасқа толмаған бозбала еді. Құрық кентіндегі “Маңғышлақмұнайгазбарлау” тресінде бұрғышы көмекшісі қызметін атқарудан бастады. 1965 жылы Алматыда В.И.Ленин атындағы қазақ политехникалық институтына оқуға түсті. Осы оқу ордасында өзінің жары Тойған Наукенқызын кездестіріп, отау құрды. Зайыбы да мұнай саласының маманы. Жоғарғы оқу орнының 2-курсынан бастап 3 айлық жазғы демалыста Қарақия эспедициясында жұмыс істеп, тәжірибе жинап әрі табыс тапқан елгезек жігіт болды. Тау-кен инженері мамандығын абыроймен бітіріп шыққан жас маман туған жерге қызмет етуге оралды. Осы салада табан аудармай 1992 жылға дейін жұмыс істеді. Оның тікелей қатысуымен 1963-1988 жылдар аралығында Қаламқас, Қаражанбас, Жетібай, Комсомол, Қолтық, Елемес, Сазтөбе, Нысановская кенорындарын ашылды.
1992 жылы Бітім Кезбаев Қазақстанда алғашқы болып жеке кәсіп құрды. "Кезби" ЖШС – Маңғыстау және Атырау облыстарының аумағында жұмыс істейтін мұнай-газ компанияларына қызмет көрсететін іргелі кәсіпорынға айналды.
Алғашқы жылдары серіктестік ұңғымаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жасаумен айналысты. 2007 жылдан бастап мұнай бұрғылауды да қолға алады. Отандық компанияға тапсырыс беруші ретінде қазақстандық компаниялар мен шетелдіктер қатысатын бірлескен кәсіпорындар бар. Елімізге танымал «Қарақұдықмұнай», «Қазақтүрікмұнай» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Кен-Сары», «Ақтау-Транзит», «МұнайФилдСервис», «Каспиан Ойл Газ», «Тасболат Ойл Корпорэйшн» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» ӨФ, «Емір Ойл», «Хазармұнай», «Шынжыр» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Каспиан газ Корпорейшн», «Жалғызтөбемұнай» компаниялары Бітім Тәжіғұлұлымен біте қайнасып жұмыс істеген. Осы компаниялардың тапсырыстарымен ұңғыларды күрделі жөндеу мен қалпына келтіру, сондай-ақ бұрғылау жұмыстарын атқарды.
Бітім Кезбаев өз бизнесін «нөлден» бастап құрған кәнігі кәсіпкер. 27 жыл ішінде қарқынды дамып келе жатқан компания, бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласында 1100 адамнан тұратын 35 бригаданы жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын Қазақстандағы ең табысты серіктестіктер қатарына кіреді.
Кәсіпкер жаңа технологиялар мен жұмыс әдістерін қолдануға үлкен мән береді. Ресей, Қытай және Еуропа елдерінің озық техникаларын пайдаланады.
Білікті де білімді мамандар ұйыған ұжымда еңбек етеді.
-Мол жұмыс тәжірибеміз бен техникалық жабдықтарымыз бізге өңірдің мұнай-газ компанияларына қызмет көрсету саласында табысты жұмыс істеуімізге мүмкіндік берді. Жұмысшылардың жалақысын уақытылы төлеу үшін талай тәуекелге бел буып, банктерден ірі қаражат алып, кәсіпті тоқтатпай ұстап қалуға тура келді, - деп атап өтті Бітім Кезбаев.
Кәсіпкердің пікірінше, оның басқа да көптеген бизнесмендерден айырмашылығы - жолға қойылған бизнестің тиімділігін арттырып қана қоймай, жаңашылдық енгізе алуы.
Бітім Кезбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне және білім беруді, медицинаны, азаматтық институттарды, ғылымды, мәдениет пен спортты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бітім Кезбаев көптеген жылдар бойы аз қамтылған азаматтарға, балаларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және Ауған жауынгерлеріне қолдау көрсете отырып, бірқатар қайырымдылық жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларға жетекшілік етеді.
Іргелі компания бүкіләлемдік «Миротворец» қайырымдылық Альянсының «Алтын жұлдызына», халықаралық «Алтын Феникс» жыл жүлдесіне, 2011 жылы Францияда жоғары сапалы қызмет көрсету номинациясы бойынша өткен халықаралық байқауда Жан Антуан Шапталь атындағы «Алтын медаль», «Алтын Ягуар» халықаралық марапаттарына ие.
Мұнай-газ өндіруде қазақстандық үлесті арттыруға қосқан үлесі үшін бірнеше рет Қазақстан Республикасының министрліктері мен ведомстволарының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды.
Бітім Тәжіғұлұлы елге сіңірген еңбегі мен атқарған қызметтері үшін Мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және көптеген түрлі деңгейдегі салалық медальдармен, мақтау қағаздар және төсбелгілермен марапатталды.
«Маңғыстау облысының үздік кәсіпкері», «Жыл адамы» аталымының жеңімпазы, I-II-III-ші дәрежелі “Атамекен” ордендерінің иегері. «Қазақстанның құрметті азаматы», Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы деген атаққа ие.
-Ұзақ жылдар Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесіне мүше болып, кәсіпкерлік саласының дамуына сіңірген еңбегіңіз ұшан теңіз.
Жүйрік уақыт іскердің мағыналы ғұмырының биік бір белесі 73-ші жазына, яғни 6-шы мүшел жасына алып жетті. Осы кемелдікке Бітім аға тың жігер, жарқын көңілмен келіп отыр. Өмір жолында еңбексүйгіштік, адами белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие тұлға екенін дәлелдегелі қашан?
Елу жыл отасып, 4 ұл мен немере-шөберелердің ортасында зайыбы Тойған Наукенқызымен өнегелі өмірінің алтын көпірінде қатар жүріп келеді. Өздерінің «Алтын тойын» кісілік келбет, азаматтық тұлға, адами асқақ қасиетпен қарсы алғалы отыр. Ғұмырыңыз ғасырдан ассын, хас кәсіпкер! - деп түйіндепті осы мақаланы біздің басылымға жолдаған Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің маманы Жазира Әбіл.
Суреттерді ұсынған Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему