Маңғыстау қолөнер шеберлерінің одағы құрылды
25 Июля 2017 (15:00) | 3059 | Автор: Нурганым Имашева
Биылғы жылдың мамыр айында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының (ӨКП) Іскер әйелдер кеңесінің мұрындық болуымен «Маңғыстау облысының қолөнер шеберлері одағы» құрылған болатын. Оның президенті болып ҚР Мәдениет қайраткері, «Хас Шебер» атағын иеленген Қазақстандағы жалғыз әйел, қолөнерші Әуес Сағынаева тағайындалды. Осыған орай, өткен аптада ӨКП алаңында жаңадан құрылған қауымдастықтың қызметі, жоспарлары жөнінде қолөнершілер мен жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Басқосуға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы міндетін атқарушы Хайруллаев Нұржігіт Нұрболатұлы, «Іскер әйелдер кеңесінің» төрайымы Сәуле Халелқызы Салихова, облыстық туризм және білім беру басқармаларының өкілдері, Іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшелері жеке кәсіпкерлер Пугачева Татьяна Викторовна мен Демеубаева Ырыскүл, «ҰрпақNext» ҚБ басшысы Гүлжанат Мқратбай, сонымен қатар БАҚ өкілдері және аудандардан арнайы келген біраз қолөнер шеберлері қатысты.
Шараны ашқан Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы міндетін атқарушы Нұржігіт Хайруллаев жиналғандарға арналған сөзінде:
-Ұлттық дәстүрдің қаймағы болған біздің Маңғыстау өңірінде қолөнердің қайтадан жаңғыртылып, қолға алынуы қуантарлық жайт. Халқымыздың ұлттық өнерін дамытып, шетелдерге танытуға мүмкіндік туып отыр. Бизнеске айналдыру арқылы қолөнерді дамыту, одан табыс таба білуді өз басым өте керемет деп еептеймін.
Құрылып отырған «Маңғыстау облысының қолөнер шеберлері одағының» басшысына «Хас Шебер» атағын иеленген қолөнерші Әуес Сағынаеваның тағайындалғаны қуантады. Апайға жұмысына жеміс тілеймін. Қазақ әйелдерінің басын қосып, ұлттық өнерімізді дамыту, жаңғырту бойынша қолға алған істеріңізге сәттілік,- деді.
«Іскер әйелдер кеңесінің» төрайымы Сәуле Халелқызы Салихова, Кеңестің жұмысына тоқтала отырып, қолөнерші Әуес Сағынаеваның жұмысында жеткен жетістіктері туралы баяндады. Ол кісінің 20 жылдан астам уақыт облыстық мұражайда реставратор болып қызмет еткені жайлы айтып өтті. Ассоциацияны құруға зор үлес қосқан іскер әйелдер қатарында кәсіпкерлер Пугачева Татьяна Викторовна мен Демеубаева Ырыскүлдің ролі зор болғанын тілге тиек ете келе, болашақта қолөнеріміздің Европада, Ресейде, Азияда танымал болуына ықпал етуді көздейтінін айтты.
-Аталмыш Ассоциацианың ашылуы облысымыздың этно-туризмінің дамуына өзіндік үлесін қосады. Халқымыздың ежелгі киіз басу, зергерлік бұйым жасау, кілем тоқу, ұлттық музыкалық аспаптар дайындау т.б. өнерін қолөнер шеберлері Одағы жаңғыртатын болады. Олардың өз елімізде ғана емес, халықаралық деңгейге шығуына ықпал ететін болады. Тамыз айында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне жиырма шақты шебердің аттанып, бұйымдарын ұсынуын осының бастамасы деуге болады ,- деген «Іскер әйелдер кеңесінің» төрайымы Сәуле Салихова қолөнершілерге барлық қолайлы жағдай жасалатынын да айта кетті.
«Маңғыстау облысының қолөнер шеберлері одағының» президенті Әуес Сағынаева:
-Бізде, негізінен, Қазақстан қолөнер шеберлерінің Одағы бар, алайда ол бізге аздық етуде, сондықтан өзіміздің аймақтық Одағымызды құру қажет деген шешімге келдік. Ондағы мақсатымыз – жұмыс жасауға, түрлі ұлттық бұйымдарды дайындауға талпынып жүрген қолөнер шеберлерін қолдау. Жергілікті басқарушы әкімшілкпен, Қазақстан қолөнер шеберлерінің Одағымен тығыз байланыс жасап, шеберлерімізге ұлттық бұйымдар өндіруге жағдай жасау. Қолөнер шеберлерінің мәртебесін көтеру, олардың жақсы жұмыс ітеуіне ықпал ету.
Шеберлерге ешкім көмек көрсетіп, қолдау жасап жатқан жоқ бүгінде. Біздің тіліміз, діліміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміздің бір бөлшегі сияқты, қолөнер де бізді халық, ел ретінде шетелдіктерге танытатын құрал. Сондықтан біз оны дамытуды өз қолымызға алып, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуды мақсат тұтып отырмыз.
Менің осы қолөнер саласында жүргеніме біраз жылдар болды. Шетелдерге де барып көріп жүрмін, сол сапарларымда өзіміздің қолөнерімізді көкке көтерсек деген мақсат туды. Алағы уақытта көрме, жәрмеңкелерді көбірек ұйымдастырып, шеберлік сыныптарын, тренингтерді өткізсек, шеберлерге шетелді көрсету, тәжірибе алмасу деген жоспарларымыз бар, - деген пікірімен, жоспарларымен бөлісті.
Кездесу барысында әртүрлі саладан келген өкілдер (туризм, білім беру басқармасынан) өз ойларын ортаға салып, қолөнерді дамыту бағытында мектептегі технология пәнін оқыту үрдісіне балаларға қолөнер бұйымдарын дайындау әдістеріне үйретуді енгізу қажет екенін және туризм бағытында да қолөнершілердің шығармашылығын паш етуге күш салудың қажеттігін атап өтті.
Одаққа мүше болатын қолөнершілердің кіру және жылдық жарналары, Одақтың алдағы жоспарлары жайлы қозғалған әңгіме барысында қолөнершілер өздерінің түйткілді мәселелерін ортағасалып, егжей-тегжейлі талқылады.
Ұлттық өнердің жаңғыруын, дамуын көздейтін аталмыш Одақтың жұмысы келешекте алға басып, ойға алған жоспарлардың орындалуына осы маңызды істі қолға алған жандардың күш-жігері, мүмкіндіктері мол болып, айқын мақсаттарының орындалып, үміттерінің ақталарына деген сенім бар.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему