Өркениетке құлаш жаяр құжат
23 Августа 2018 (10:34) | 3233 | Автор: Нурганым Имашева
Биыл ел тарихында елеулі орын алған, жарқын болашаққа бастау болған Ата Заңымыз - Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 23 жыл толып отыр.
Қазақ елі екі ғасыр тоғысында егемендік алып, дүрбелеңге түсіп, үлкен өзгерістерге ұшырады. Ата-баба арманы орындалып, ақ түйенің қарны жарылып, азаттыққа қол жеткізген 1991 жыл шынтуайтына келгенде ауырлық пен қиындыққа толы болды. Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қаржылық-экономикалық дағдарысты еңсеріп, аз уақытта еңсемізді тіктедік. Дағдарыстан дамуға бет алдық. Өз Ата Заңымызды, одан бастау алатын қылмыстық, азаматтық, әкімшілік заңнамалар мен нормативтік актілер, даму стратегиялары қабылдана бастады. Тәуелсіздіктің жемісі мен жеңісі болған игі бастамалар Қазақстанды әлемдік кеңістікке шығарды.
Қиын-қыстау заманда елдің бағыт-бағдары мен тыныс-тіршілігіне жол сілтейтін Ата Заңды қабылдау қажеттігі кезек күттірмейтін мәселе еді. Сондықтан 1993 жылы дала заңы аталып кеткен «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» негізінде, сонымен бірге халықаралық құқықтық нормалар ескеріле отырып, тәуелсіз елдің алғашқы Ата Заңы қабылданған еді.
Тұңғыш Конституцияның тарихи маңызы өте зор болды. Онда Қазақстан демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп жарияланды. Дегенмен, нарықтық экономика, жаңа стратегиялық бағыт, ғаламдық талап республика қызметінің түбегейлі принциптері мен елдің статусын айқындауды қажет етті. Тәуелсіздіктің тұғырын нығайта түсуде еліміздің бас құжатына айналған Конституцияның маңызы зор. Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға бірден бір кепілдік беретін Конституциядан барлық заң тамыр жаяды. Сондықтан да Конституция мінсіз, заманауи әрі барлық талапқа сай болуы керек еді. Осылайша арада екі жыл өткен соң, жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерге негізделген, толықтырылып, негізгі принциптері айқындалған жаңа нұсқадағы конституция қабылданды.
Жаңа Конституцияда азаматтардың құқығы нақты және айқын көрсетіліп, халықаралық нормаларға сай келетін ережелер белгіленді. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заң бүгінге дейін ел игілігіне мүлтіксіз қызмет етіп келеді.
Конституцияда Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп көрсетіліп, билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі боп үш тармаққа бөлінді. Халықаралық нормаларға сай жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бөлімі енгізіліп, азаматтарға еркін ойлауға, өз мүмкіндіктерін дамытуға, қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар, Ата Заң сот жүйесін қалыптастырудың ережелерін айқындап, соттар мен судьялардың мәртебесі заңнама тұрғысында анықталды. 1995 жылғы жаңа Конституция қабылданған соң, жергілікті жерлердегі соттарды сайлау тоқтатылып, оларды Президент тағайындайтын болды. Құқықтық кепілдіктері нығая түскен соттар елімізде қарқынды түрде реформаны қолға алды. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң қабылданып, судьялардың кадрлық және әлеуметтік мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттан бастап тергеу сотына дейін мамандандырылып, судьялардың біліктіліктеріне назар аударылды. Сот реформасының нәтижесінде жұмыс жүйесін реттейтін негізгі және қосымша заңнамалар уақыт талабына сай жаңартылып, толықтырылуда. Қылмыстық процесс ізгілендіріліп, түрме халқының санын азайту, қоғамда қылмысты болдырмау, дауласушыларды бітістіру мәселелеріне көп көңіл бөлуде.
Сот саласында елеулі өзгерістердің жүргізілуі – алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заман талабына сай қорғау, екіншіден ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ете отырып, қағазбастылық пен тәуелділіктен арылу. Реформаның басты нәтижесі - халықтың сотқа сенімінің артуы болмақ.
Бүгінде тәуелсіз қазақ елінің сот төрелігін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі толық қалыптасты. Ата Заңымыз Конституция тәуелсіздігімізді нығайтып, тұрмысымызды жақсартып, жарқын болашағымызға сенімді арттырып отыр. Ата Заңның қағидаларын бұзбай, құндылықтарын қорғау әрбіріміздің парызымыз. Себебі, Ата Заң – әлеуметтік теңдік пен татулықты орнықтырып, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға үлес қосады, өркениетке құлаш жаяды.
Гүлфайруз Қойбағарова,
Ақтау қалалық сотының судьясы
Сурет ALLART.KZ
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему