Магамед Исмайлов: «Қазақ тілін – өз ана тілімдей көремін»
21 Июня 2018 (19:53) | 3260 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облысының ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері қызмет етеді, солардың бірі – әзірбайжан ұлтының өкілі – Исмайлов Магамед. Соңғы кезде қазақша таза сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастарымыздың қазақ еліне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін біліп қоймай, ұлтымыздың салт-дәстүрлерін де құрметтейді.
Исмайлов Магамед Гашим оглы Маңғыстау облысының Ақтау қаласында 1989 жылы дүниеге келді. Қаладағы №4 орыс мектеп-гимназиясында білім алды. Мектеп қабырғасында жүргеннен–ақ қазақ тілін ерекше меңгеріп, өзі қатарластарынан озық болды. Қазақ тілі сабақтарына белсенді қатысуымен ұстаздарының назарына ілікті. Орта мектепті бітіргеннен кейін ҚР ІІМ жанындағы Алматы Академиясының заң факультетін тәмамдады. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2010 жылдың маусымында Ақтау қаласы Ішкі істер басқармасында тергеуші лауазымынан бастаған жас тәртіп сақшысы қазіргі таңда Ішкі істер департаментінде жедел уәкіл қызметін атқаруда.
Магамед - мемлекеттік тілді жетік меңгерген қызметкер, сонда да болдым-толдым демейді. Ол Ішкі істер департаментінде оқытылатын қазақ тілі курсына қатысып, өзінің жақсы тіл меңгеру деңгейін көрсетіп, курсты үздік бағаға бітіріп шықты.
-Алдағы уақытта да мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тырысамын,- дейді үнемі ізденіс үстінде жүретін жас офицер.
Тәртіп сақшысымен жеке сұхбаттасудың реті келгенде тілді жетік меңгеруінің сырын ұғуға тырыстық.
- Магамед, қазақ тілінде жақсы сөйлейсіз. Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?
- Мен Ақтау қаласында туып-өстім. Орыс тілінде білім беретін гимназияда оқыдым. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілі пәнінен тек бестік бағалар алатынмын. Тілге деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды. Орыс мектептерінің арасында қазақ тілі пәні бойынша өткен қалалық олимпиадада жүлделі екінші орынды иелендім. Қазақ тілін білуім қазақы ортадан жаңа таныстар мен достар табуыма да себепші болды. Қазақ балаларымен ойнап, бірге өстім. Студенттік ортада да жолдастарым қазақ тілді болды.
-Қазақ тілі дос табуыма себепкер болды деп отырсыз, қазақ тілінің қызметте тағы қандай көмегі тиді?
-Күнделікті қызметте біз түрлі ұлттың өкілдерімен кездесеміз, орыс ұлтының өкілімен орысша сөйлессем, қазақпен қазақ тілінде сөйлесуіме тура келеді. Бұл жерде де менің мемлекеттік тілді сауатты меңгергенімнің пайдасы зор. Құқық бұзушылардың құқықтарын, қандай баптар бойынша жаза алатынын қазақ тілінде түсіндіріп беремін.
-Қалай ойлайсың, мемлекеттік тілді дұрыс меңгеру үшін қандай жағдай қажет?
-Қазақ тілін білу – әрбір Қазақстан азаматының міндеті деп білемін. Алдымен қазақ азаматында өзі тұратын елдің тіліне, тарихына деген құрметі болу керек. Әрбір адамда тілді білуге деген қызығушылық болу керек, сондай-ақ қазақ тілін жетік меңгерсем деген ұмтылыс болу керек деп ойлаймын. Өзіммен қатар замандастарыма айтарым, қазақша әдебиетті көп оқу - адамның рухани жан-дүниесін байытады. Абайдың «Қара сөздерін» үнемі қайталап оқып жүремін. Бұл менің қызметте де өмірде де алға басуыма көп септігін тигізеді. Әсіресе Абайдың өлеңдері жаман қасиеттерден алыс жүруге үйретеді,- деген ой-пікірімен бөлісті.
Облыстық Ішкі Істер Департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің мамандары қазақ тілін өз ана тіліндей құрметтейтін тәртіп сақшысы туралы
-2014 жылдың қыркүйек айында Магамед Қазақстан халқының Тілдері күні мерекесіне орай облыстық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тіл-татулық тірегі» атты шараға белсене қатысты. Аталған байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын насихаттау, тіл-татулықтың, достықтың тетігі екендігін жас ұрпаққа жеткізу болды. Байқауда қазақ тілінде өзін таныстырып, халық әні «Үкілім-айды» орындап шықты. Мақал-мәтел айтудан, мәтін құрастырудан Магамед алдына жан салмады. Қазылар алқасы ең жоғары бағаны Магамедке берді.
Біз алдағы уақытта да Магамедтің бұдан биік белестерді бағындырарына кәміл сенеміз,-дейді мақтанышпен.
Мемлекеттік тілдің шын жанашырына айналған тәртіп сақшысының тілге деген құрметі – оның өзге әріптестеріне де үлгі боларлықтай әрекет екені сөзсіз. Тіліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуды міндеті ретінде ұғынатын Магамедтей қызметкерлер барда қазақ тілінің мәртебесі төмендер емес.
23 маусым – ҚР полициясы күні қарсаңында Магамед Исмайлов пен оның әріптестері - барлық маңғыстаулық тәртіп сақшыларын төл мерекелерімен құттықтаймыз. Отан алдындағы борыштарыңызды адал атқарумен, ел тыныштығын күзетуде халықтың алғысына бөленулеріңізге шын жүректен тілектеспіз.
Суретті ұсынған Маңғыстау облысының Ішкі Істер Департаментінің баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему