Мейірімді жан - мейірбике
12 Мая 2018 (18:22) | 2890 | Автор: Нурганым Имашева
Ақтау қалалық №1 емханасының мейірбикесі Ермишева Тлектес Құбашқызы 1959 жылдың 27 желтоқсанда Атырау облысы, Жылой ауданының Қосшағыл мұнайшылар поселкесінде дүниеге келген.
Әкесі Ермишев Құбаш ел басына күн туған жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, жерін неміс басқыншыларынан сақтап қалу үшін қолына қару алған Ұлы Отан соғысынын ардагері.
Майданнан аман оралған соң күйреп қалған ел экономикасын қалпына келтіруге атсалысып, кейінірек саналы ғұмырын мұнай саласына арнаған жан. Анасы Қарабасова Ғазиза жанұяның жарасымы мен ұйытқысы болып, білім беру саласында еңбек еткен - қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.
Отбасындағы 10 баланың бірі – Тілектес орта мектепті бітірген соң, ата-анасына қолғабыс етіп, балабақшада жұмыс жасаған. 1979 жылы Гурьев қаласында медицина училищесіне оқуға түсіп, 1982 жылы оқу орнын үздік дипломмен бітіріп шығады.
Қолына диплом алып, кеудесі арман-тілекке толы жас мейірбике сол жылы жолдамамен Ақтау қаласына жіберіледі. Жас маманның еңбек жолы осылайша облыс орталығындағы балалар емхасында учаскелік мейірбикеліктен басталады.
Қиын да жауапты қызметті абыройлы атқаруға бел буған Тлектес Құбашқызы 1984 жылы мектеп мейірбикесі, 1986 жылы МСО-102 АТЗ заводында фельдшер, 1998 жылы аға мейірбике жұмысына ауыстырылады. Көп ұзамай Ақтау қалалық №1 емханасының аға мейірбикесі лауазымына ұсынылады.
Міне, биыл 20 жылға жуық уақыттан бері өз ісіне антынан айнымаған медицина қызметкері жұмысын жанындай сүйіп, зор сүйіспеншілікпен атқарып келеді.
- Өмір жолдарында мейірбике мамандығын таңдап, жас кезімнен бері тұрғындар денсаулығын жақсарту саласында тер төгіп келе жатқаныма аз уақыт болған жоқ.
Қиындықтар көп болды, қиналған сәттерім де жоқ емес. Бірақ, мен ешқашан өз қызметімнен бас тартып, мамандығымнан көңілімді суытқан жоқпын. Мамандығымды мейлінше сүйемін,-дейді Ақтау қалалық №1 емханасының мейірбикесі Тілектес Ермишева.
Тілектес Құбашқызы негізгі жұмысынан қолы қалт еткенде қоғамдық жұмыстармен айналысады. «НұрОтан» партиясының мүшесі, медициналық мекемеде кәсіподақ комитетінің төрайымы міндетін қоса атқарып жүр.
-Жұмыс бабы қиын да кызықты. Әр науқастың бабын тауып, жағдайын жасауға тырысамын. Қазір цифровизацияға көшуге байланысты көп жұмыс жасауға тура келіп тұр. Оны халыққа түсіндіріп, жеткізе білу керек,- дейді ол.
Бақытты жанұяның ұйытқысы Тілектес мейірбикенің қызы Светлана, ұлы Жамбыл жоғары білімді мамандар. Олардан өрген Айдана, Айдын және Айқынға адамгершілік пен имандылықты үйретуден жалықпай, болашақтарынан көп үміт күтеді.
Тілектес Құбашқызының еткен еңбегі еленіп, халыққа көрсеткен қызметі үшін бірқатар марапаттарға ұсынылған. 2017 жылы «Нұр Отан» партиясының, Ақтау қаласы әкімінің Құрмет Грамотасын иеленіп, 2016 жылы «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен «Адамдарға деген шынайы мейірімділігі мен қамқорлығы үшін» медалін лайықты түрде кеудесіне тағады.
Әлемдік медицина атасы – Гиппократтың «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген сөзі бар.
Нағыз дәрігер өзінің кәсіби қабілетіне қоса, ең басты ерекшелік – мейірімділік қасиетіне ие болуы тиіс.
Тілектес Ермишова кәсіби шеберлігіне қоса, қарапайымдылығы мен жұмсақ мінезімен көптің жүрегін жаулап, алғысын алып, мамандығының мерейін асырған медбике.
Ұзақ жылдарғы еңбектің бейнетін емес, зейнетін көріп отырған ақ халатты абзал жан кәсіби мерекесін зор абыроймен қарсы алуда. Мереке құтты болсын, мейірімді мейірбике!
Анар Шамшадинова, ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Суретті түсірген автор
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему