«Жастар үйінде» аруларға арналған басқосу өтті
31 Января 2018 (23:04) | 2656 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бүгін «Жастар үйінде» колледждердің студент-қыздарына арналған «Қыз – ұлт болашағы» атты психолог, гинеколог, дерматовенеролог және АИТВ облыстық орталығының мамандарымен кездесу өтті.
Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының «Консультациялық қызмет көрсету» бөлімінің басшысы Меруерт Қонақбаева:
-«Қыз – ұлт болашағы» атты қыздарға арналған кеңестің мақсаты- болашақта ана болатын қыздарды өз денсаулығы мен келешегіне жауапты болуға баулып, көкейінде жүрген сұрақтарына білікті медицина мамандарынан жауап алу арқылы өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру.
Психолог маманның көмегімен рухани азықтандырып, кеңес беру. Шараға Маңғыстау гуманитарлық техникалық университеті, Мұрын жырау Сеңгірбайұлы атындағы гуманитарлық колледжі, «Болашақ» колледжі, «Келешек» колледжі, Ақтау медицина колледжі, Маңғыстау энергетикалық колледжі, КазАтк оқу орындарының студент қыздары атсалысты, - деп мәлімдеді
Басқосу кезінде студент-қыздар дәрігер-мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, оларға тұщымды жауап алды.
Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің дерматовенеролог дәрігері Шамилова Әлия Жұбановна:
-Қыздар көбіне бет күтіміне қатысты сауалдар қойды. Бетке шыққан безеуді қалай емдеу керектігі туралы сұрағандарға маман ретінде айтарым: ол үшін дәрігерге келіп, көрініп, тиісті анализдерді тапсырып, денсаулықтың жағдайын тексеру керек. Кез-келген крем, әртүрлі дәрілерді қолданғанмен оңайлықпен безеу кете қоймайды. Оны маманға көрініп, дұрыстап емдеу керек. Сондықтан дәрігердің жеке қабылдауына келу қажет, - дейді.
АИТВ облыстық орталығының «Сенім пунктінің» медбикесі Батырқұлова Гүлнәр Абжалбекқызының айтуынша, «Шара барысында 12 қыз бала өз еркімен талдау тапсыруға шешім қабылдап, АИТВ - ны анықтау мақсатында саусақтан қан тапсырды. 15 минут ішінде экспресс-әдіспен талдаудың нәтижесі дайын болды.
АИТВ облыстық орталығына кез-келген адам келіп, ақысыз түрде осындай анализ тапсыруына мүмкіндік бар. Орталықта дерматолог, венеролог, педагог, психолог мамандарының кеңесін алуға болады».
Көпсалалы «Келешек» колледжінің ІІ курс студенті Ханшаева Әйгерім:
-Біз бүгінгі кездесу барысында психолог, гинеколог мамандардың кеңестерін алдық. Әсіресе психологпен жиі кездессек деген тілегіміз бар. Өйткені ол маманмен кездескен кезде кез-келген адам өзін толғандырған мәселесіне қатысты кеңес алуына мүмкіндік туады. Бүгін бізге осындай мүмкіндік ұсынған осы шараны ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, - деген пікірін білдірді.
-Бүгінгі басқосу барысында маған кеңес алуға 20 шақты қыз бала келді. Сұрақтары әртүрлі. Мен маман ретінде қыздарға 19-20 жасқа толып, мамандық алған соң, сөйтіп аяққа тұрғаннан кейін ғана тұрмысқа шығып, балалы болу керектігі туралы кеңес бердім. Әрнәрсенің өз уақыты болатынын айттым.
Қандай жағдай болғанда да ең алдымен қыз бала өз анасымен кеңесуі қажет екенін түсіндірдім,-деді АИТВ облыстық орталығының гинеколог дәрігері Қуанышева Шолпан Ақымханқызы.
«Болашақ» колледжінің 4 курс студенті, келешекте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болатын Тобышева Жанна:
-Бүгінгі кездесу біз үшін сәтті өтті. Мұндай шаралардың бізге тигізер пайдасы зор, себебі кез-келген қыз бала түрлі мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға тиісті жауаптарын алды.
Сондықтан да осы кездесуді ұйымдастырған Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз,-деп ризашылығын білдірді.
Суреттерді түсірген Бегей Камидоллаев
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему