Жастар кәсіпкерлігін дамыту – заман талабы
5 Декабря 2017 (09:30) | 4504 | Автор: Нурганым Имашева
Бүгінде аймақ жастары арасында кәсіпкерлікті дамыту өзекті мәселенің бірі болып тұрғаны жасырын емес. Осы мәселенің қалай өз шешімін тауып жатқаны жөнінде Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрдәулетов Аманғали Сүлейменұлымен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
-Өңірдегі жастар саясатының басты мәселесінің бірі – жастарды кәсіпкерлікке тарту екені анық. Осы мәселенің шешімін табу үшін өзіңіз басшылық етіп отырған басқарма тарапынан қандай шаралар атқарылуда?
-Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың тапсырмасы аясында аймақта жастардың арасында кәсіпкерлікті дамыту мәселесі ұдайы күн тәртібінен түспейтін мәселе. Аймақ басшысының қолдауымен бұл бағыттағы жобалар бүгінде сәтті жүзеге асырылуда. Сондықтан жастарды кәсіпкерлік негіздеріне үйрету, оқыту, өз ісін ашуға ынталандыру - бүгінгі күннің басты мәселелесінің бірі екені даусыз. Осы бағытта Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы қол қусырып қарап отырған жоқ. Бұл аталған бағытта түрлі шаралар атқарылып, арнайы жобаларды жүзеге асыру арқылы мәселенің шешімін табуға тиісті қадамдар жасалуда. Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік Палатасымен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі таңда қала-аудандарда біршама жастар кәсіпкерлікке бет бұрып, өз кәсіптерін ашты. Облыс көлемінде «Samruk-Kazyna-Trust» жастарға арнап, 500 000 теңгеге ауыл жастарына-жас кәсіпкерлерге қайтарымсыз несие беруді жүзеге асыруда. Сонымен көптеген жастар құрал-жабдықтарды сатып алып, машина жөндеу сияқты істі қолға алып жатыр. Бүгінгі таңда бизнес ашу үшін 500 000 теңге несие беру – бұл пилоттық жоба болып табылады. Келешекте ол сома 1000 000 теңгеге дейін көбейтілуі мүмкін.
-Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін өңірдің аудандары мен қалаларында, шалғай ауылдарында нақты қандай жұмыстар жүргізілуде?
-Аймақтың бес ауданы мен 2 қаласында жастардың проблемаларына ұдайы көңіл бөлініп, олардың арасындағы жұмыссыздық мәселесімен күресу, жастарды өз ісін ашып, бизнеспен айналысуға ынталандыру үшін түрліше шаралар қарастырылуда. Арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мысалы, қараша айының 1 мен 15 – і аралығында өткен «Жастар керуені» құрамында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік Палатасының өкілдері болып, әр ауданның елдімекендеріне жастар керуені барған кезде жастарға кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары жөнінде түсіндіріліп, «Даму» қорының өкілдері жастар кәсіпкерлігін қолдау бағытында мемлекет тарапынан ұсынылатын несие бағдарламалары, жеңілдіктер туралы баяндады. Кәсіпкерлікпен айналысудың артықшылықтарын түсіндірді.
Сонымен қатар жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Басқарма тарапынан «Өңірде жастар кәсіпкерлігін қолдауға және қаржы сауаттылығын дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Оны осы жоба бойынша жарияланған 2017 жылға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс лотын ұтып алған «Безбен» қоғамдық қоры аталғанжобаны жүзеге асырып жатыр.
«Безбен» қоғамдық қоры аталмыш жоба аясында жыл бойына аймақтың аудандары мен қалаларында жастарға арналған кәсіпкерлік негіздеріне үйрететін бизнес-тренингтерді ұйымдастырып келеді. Тренингтерді тәжірибелі бизнес-тренерлер жүргізіп, бизнесті бастаған сәтте оның жүзеге асырылуының сәтті болуы үшін қандай қадамдар жасап, алдымен нені жақсы ойластырып алу керектігін, банкротқа ұшырамау үшін неден сақтану керектігі жөнінде толық түсіндіру жасап, кәсіппен айналысу үшін жобаны неден, қалай бастау, қандай мақсат қойып, оған жету жолындағы кейбір кедергілерді жеңе білудің жолдары туралы жастарға кеңінен әңгімелеп түсіндіріп, үйретіп келеді.
-Биылғы жылы облыста қанша жас бизнес негіздеріне оқытылды?Осы оқытулар нәтижесімен өз істерін ашқан жастардың санына тоқталып өтсеңіз?
-Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 29 жасқа дейінгі347 жас оқытылды. Олар Бейнеу ауданында - 108 жас, Мұнайлы ауданы бойынша - 62 жас, Маңғыстау ауданында – 77 жас және Қарақия ауданы бойынша - 100 жас.
Оқытылған жастардың ішінде бүгінде 9 жастың бизнес жобалары қаржыландырылып, кәсібін бастап кетті. Олар: Маңғыстау ауданында – 2 адам, Мұнайлы ауданы бойынша – 1 адам, Қарақия ауданында – 1 адам, Бейнеу ауданы бойынша – 5 адам.
Суреттерді түсірген автор
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему