Маңғыстаулық үш балуан Әлем кубогының жүлдегері атанды
10 Июля 2017 (18:43) | 1959 | Автор: Нурганым Имашева
Астана күніне орай елордада спорттық және әскери самбодан Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың жүлдесіне арналған әлем кубогі сарапқа салынды. Байрақты бәсекеге 18 мемлекеттен 300-ге жуық спортшы қатысты.
Аталмыш жарыста ел құрамасының сапында болған маңғыстаулық үш балуан жеңіс тұғырына көтерілді. Спортшыларды жарысқа белгілі бапкерлер Берік Жұмағалиев пен Ерлан Серіков дайындады.
Анығын айтсақ, дүбірлі додада 52 келі салмақта белдескен Нұркен Домбаев армениялық, грузиялық, ресейлік, қырғызстандық балуандарды айқын басымдылықпен жеңіп, алтыннан алқа тақты. 57 келі салмақта өнер көрсеткен Руслан Сариев және 100 келі салмақта боз кілемде белдескен Айболат Мұратұлы қола медальдарды иеленіп, бапкерлерінің үмітін ақтады.
Экстра-класс дәрежесіндегі төреші, облыстың самбодан аға бапкері Берік Жұмағалиев:
-Самбодан ҚР Президентінің жүлдесіне арналған Әлем кубогын «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында халықаралық самбо федерациясы ұйымдастырды.
Жарыстың ашылу салтанатына халықаралық самбо федерациясының президенті В. Шестаков қатысып, қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысында жалпы командалық есепте бірінші орынды 13 алтын, 12 күміс және 29 қола медальмен Қазақстан құрамасы еншілеп, Кубок иегері атанды.
Екінші және үшінші орындар Грузия мен Ресей командаларына бұйырды.
Ел намысын абыроймен қорғаған балуандардың қатарында облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Нұркен Домбаев, Руслан Сариев, Айболат Мұратұлының болғаны бізді қуантады.
Халықаралық жарыста Нұркен 4 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетсе, Руслан 5 кездесу өткізіп, жартылай финалда қырғызстандық балуанға есесін жіберді.
Айболат-жапониялық, қазақстандық қарсыластарынан басым түсіп, шешуші сәтте өзбекстандық балуанға жол берді.
Сөз реті келгенде жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасының басшысы Б. Байжанов мырзаға және облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы М. Бисекеновке алғыс айтамыз,-деді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему