Ақтауда дзюдодан халықаралық турнир мәресіне жетті
21 Мая 2017 (10:37) | 2144 | Автор: Нурганым Имашева
Дәстүрлі түрде дзюдодан тоғызыншы рет ұйымдастырылған халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир аяқталды.
Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Ресей мемлекеттерінен арнайы ат терлетіп келген балуандардың басын қосқан дүбірлі доданың қорытындысында 2002-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында командалық есепте бірінші орынға Ақтау қаласындағы «Жас батыр» спорт мектебінің дзюдошылары ие болды. Жеңімпаздар қоржынында - 4 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль.
Екінші және үшінші орынды Атырау облысы (3 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль) мен Оңтүстік Қазақстан облысының командалары (3 алтын және 3 қола медаль) өзара бөлісті.
Жарыстың екінші күні 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында бірінші орынға «Жас батыр» спорт мектебінің балуандары көтерілді. Олардың олжалары - 4 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль болды.
Екінші орынға Қызылорда облысының командасы (3 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль) және үшінші орынға ақтаулық «Шоғы батыр» спорт мектебі (3 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен) тұрақтады.
-Осыдан 9 жыл бұрын қолға алынған халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» жүлдесіне арналған турниріміз бүгінде тәуелсіз еліміздегі дзюдо жарыстары арасында географиялық жағынан алда келеді.
Елімізде 100 мыңнан астам жасөспірім дзюдо күресімен шұғылданады. Олардың қатарында Маңғыстау топырағынан шығып, талай жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық Жастар құрам командасының сапында біздің спорт мектебінің бес бірдей дзюдошысы Рамазан Мамаев, Бауыржан Нарбаев, Сұңғат Жұбатқан, Бауыржан Сағынғалиұлы, Ақниет Тұрдан өнер көрсетіп жүр. Бұл шәкірттеріміз биыл өтетін Әлем, Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайтын болады.
16-17 мамыр күндері өткен халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирге 600 балуан қатысты. Облыс намысын 67 ұл мен 25 қыз бала қорғады. Барлығы да бабында тұрған балуандар.
Халықаралық деңгейде мұндай жарыстар өткізу арқылы спортшылардың біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдаймыз. Бір жағынан маусым айында Қарағандыда дзюдодан кіші жасөспірімдер арасында өтетін ҚР чемпионатына дайындық десек те болады.
Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға, демеушілерге алғыс айтамыз. Аталмыш жарыстан топ жарып, 1,2,3 орынды иеленген жеңімпаз балуандарға «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ беріледі,-деді облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
Аталмыш турнир екі күн бойы «Теннис орталығында» жанкүйерлерге лық толы залда өтті. Жарыстың алғашқы күні 2002-2004 жылы туған
жасөспірімдер арасында 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы («Жас батыр» спорт мектебі), 50 келі салмақта Азамат Ақылбаев («Жас батыр» спорт мектебі), 66 келі салмақта Рысбек Базарбай («Шоғы батыр» спорт мектебі), +81 келі салмақта Жандос Қыдырбаев («Шоғы батыр» спорт мектебі), 44 келі салмақта Айгерім Еламанова («Жас батыр» спорт мектебі), 57 келі салмақта Маржан Каналиева (Жаңаөзен қаласы) алтын медальдің иесі атанып, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Одан бөлек маңғыстаулық 7 балуан күміс және 15 қола медальдің иесі атанды.
-Бұл жарысқа алғаш рет қатысып отырмыз. Халықаралық турнирге 6 спортшы алып келдік. Екі күнге созылған жарыстың қорытындысында 42 келі салмақта Т. Мариазшвили, 32 келі салмақта Р. Имердишвили, 46 келі салмақта Н. Морбедадзе чемпион атанды.
Жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары екеніндігіне тоқталып кеткім келеді. Маңғыстаулық спортшылармен көршілес мемлекеттерде өтетін жарыстарда жиі кездесеміз. Расында да, Маңғыстауда дзюдо, самбо күресі қарқынды дамып келеді. Облыстарыңызда мықты балуандар, білікті бапкерлер көп,-деді грузиялық мейман Гоча Гуташвили.
Дүбірлі дода екінші күні 2005-2007 жылы туған балуандар арасында жалғасты. Аймақ намысын 26 келі салмақта Рамазан Нұрмамед («Жас батыр» спорт мектебі), 29 келі салмақта Ерлан Әділ («Шоғы батыр» спорт мектебі), 35 келі салмақта Диас Әділханов (Мұнайлы ауданы), 38 келі салмақта Ерасыл Машырық («Шоғы батыр» спорт мектебі), 42 келі салмақта Ринат Жаңбырбаев (Мұнайлы ауданы), 50 келі салмақта Мейрамбек Алдабергенов («Жас батыр» спорт мектебі), +50 келі салмақта Нұрдәулет Ерболұлы (Бейнеу ауданы), 35 келі салмақта Анар Жұмағалиева («Шоғы батыр» спорт мектебі), 42 келі салмақта Ақмарал Абышева («Жас батыр» спорт мектебі) абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп, халықаралық жарыс чемпионы атанды. Маңғыстаулық 6 балуан күміс медальді иеленсе, 17 спортшы қола медальді ұтып алды.
-Менің дзюдомен айналысып жүргеніме үш ай уақыт болды. Осымен екінші рет облыста ұйымдастырылған халықаралық жарысқа қатысып отырмын.
Самбодан өткен «Ақтау кубогында» үшінші орынды еншілеп, ұнжырғам түсіп еді. Бұл жолы алтын медальға қол жеткізуім үшін барымды салып күрестім.
Халықаралық жарыстың чемпионы атанғаныма өте қуаныштымын. Жарысқа дайындап, маған сенім артқан Ерлан ағайыма алғыс айтамын. Болашақта Жазира Жаппарқұл сияқты Олимпиада төрінде өнер көрсетіп, қазақ елінің әнұранын асқақтатқым келеді,-дейді жүлдегер спортшы Ақмарал Абышева.
Суреттерді түсірген Ақерке Гагаринқызы.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему