Тәртіп сақшысы «Тіл- татулық тірегі» атты облыстық байқауының жеңімпазы атанды
23 Февраля 2017 (17:53) | 3348 | Автор: Мира Ботабекова
Халықаралық Ана тілі күніне орай, Маңғыстау облысының Тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастырумен өзге ұлт өкілдері арасында «Тіл – татулық тірегі» облыстық байқауы өтті.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңыздылығын насихаттау, жастар арасында қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру, сөйлесу мәдениетін және ана тілін білу арқылы басқа тілдерді құрметтеуді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға Ақтау қаласы Ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Гадиров Эльмар Этибароглы қатысты.
Алдымен байқауға қатысушылар «Тіл- татулық тірегі» бейнероликтер конкурсы бойынша сайысқа түсті. «Бүгінгі таңда қазақ тілін білу не үшін маңызды?», «Мен не үшін қазақ тілін үйренгім келеді?», «Менің интернационалдық отбасым – біз үйде қазақша қалай сөйлесеміз», «Тіл бірлігі» атты бейнероликтерді көрсету арқылы олар мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын ашып, тілдің қоғамдағы ролін көрсетіп, өзге ұлт өкілдерінің отбасында мемлекеттік тілді қолданылуы туралы, тіл білгендігінің нәтижесінде жеткен жетістіктері туралы көркемдеп жеткізе білді.
Полиция қызметкері Эльмар Этибароглы «Бүгінгі таңда қазақ тілін білу не үшін маңызды?» тақырыбында өзінің мемлекеттік тілді дамыту бағытында атқарған жұмыстары туралы ұзақтығы 3-4 минутты қамтитын бейнесюжетін ұсынды. Бұл бейнекөрсетілімде Эльмардың Ішкі істер департаментінде өткізілетін қазақ тілі курсының қатысушысы екендігі және атаулы шараларға белсенді атсалысатындығы, сонымен қатар мектептегі жасы кәмелетке толмағандармен күнделікті жұмысы баяндалды. Эльмар қызмет бабында кәмелетке толмағандармен олардың құқық бұзушылықтары жөнінде мемлекеттік тілде түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысы көрсетілді.
Байқаудың екінші кезеңінде Эльмар «Мемлекеттік тілдің қоғамдағы ролі» тақырыбына эссе жазу конкурсында өзінің жазу шеберлігі мен білімінің тереңдігін байқатты, сонымен қатар шығарманы орындау барысында грамматикалық сауаттылығын танытты.
Үшінші кезең «Ой жарыс» конкурсына ұласты. Аталған сайыста қатысушылар атаулы даталар мен ұлы тұлғалардың өміріне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Байқау қорытындысы бойынша Эльмар Этимароглы жүлделі үшінші орынды иеленді»,-деп хабарлайды ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің қызметкері Нәубет Ардақхан.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему