Бақыт ұясы
28 Марта 2016 (15:32) | 3373 | Автор: Нурганым Имашева
Әрбір ата-ана үшін өмірінің жалғасы болар ұрпағының болуы - ешнәрсе тең келмейтіндей бақыт екені аян. Өмірге сәби әкеліп, ана атану – әрбір әйел затының бағы десек, нәзік жандылардың сол бақытқа жетуі үшін перзентханада қызмет етуші ақ желеңді абзал жандардың жәрдемі ауадай қажет. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған медициналық мекеме - Облыс орталығының 1-шағынауданында орналасқан Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақтау қалалық перинаталдық орталығы» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Бұл - талай жанұяға сәбилерінің өмір есігін аман-есен ашып, қаншама ата-анаға бала сүюбақытын, әке-шеше атану қуанышын сыйлаған бақыт ұясы.
Сәби сүю мүмкіндігіне ие болған аналардың игілігіне 2009 жылдың 09 қаңтарынан бастап берілген аталмыш перзентханада бүгінгі таңда 220 қызметкер еңбек етуде. Ғимараттың күрделі жөнделуінен кейін 60 керуеттік орынға лайықталып ашылған бұл медицина мекемесі алғашында «Ақтау қалалық перзентханасы» деп аталса, 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақтау қалалық перинаталдық орталығы» Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны деген мәртебеге ие болды және сыйымдылығы 90 керуеттік орынға дейін ұлғайтылды.
Орталықта босанатын аналар, жүкті әйелдер, аналарға және жаңа туылған сәбилерге арналған әрқайсысы бөлек жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелері бар.
«Ақтау қалалық перинаталдық орталығы» директорының орынбасары Балжігітова Ғалия Құдайбергенқызы:
- Біздің Орталық – зерттелген, дені сау әйелдер босанатын перзентхана. Бірінші деңгейдегі мекемелер қатарына ауылдық, учаскелік аудандық аурухана, перзентханалар жататын болса, біздің мекеме екінші деңгейдегі аурухана болып саналады. Біз жүкті әйелдерге арналған көп деңгейдегі медициналық көмекті көрсете аламыз. Алайда, өзіміздің шектелген деңгейіміз бар: 34 аптаға дейін күнінен ерте босанушы әйелдерді қабылдауға біздің құқымыз жоқ. Денсаулығында туа біткен ақаулары бар нәрестелерді, одан жоғары деңгейдегі анықталған сырқаттары бар аналар немесе жаңа туылған сәбилерді облыстық перинаталдық орталыққа жолдаймыз.
Қолдан келетін түрлі жоғары дәрежелі медициналық көмекті өзімізден де көрсете аламыз. Біздің перинаталдық орталықта жоғары санатты дәрігерлер қызмет етеді. Қаламыздың 32 шағынауданында қазір жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Ол осы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде көптеген жаңа бөлімшелер болады. Мерзімінен бұрын босанатын аналарды да қабылдайтын бөлімше де болып қалар, мүмкін.
Біздің Орталықта денсаулығы жөнінен екінші кезеңдегі күтімді қажет ететін нәрестелерге 1 айға дейін күтім жасалады. Денесі сарғайған балалар кездеседі, салмақтары 2 кг 300 гр - 2 кг 500 гр сәбилердің салмақтарын қажетті мөлшерге дейін өсіру үшін. Аналарының дендері сау болып, үйге шығарылғанмен, сәбидің денсаулығында кінарат болса, ол қажетті емін алып, дәрігердің бақылауында бола тұрады,- деп мәлімдеді.
Орталық директоры орынбасарының айтуынша, «Хирургиялық патологиямен туылған нәрестелер, мысалы тік ішектің дұрыс қалыптаспауы, жүрегінде туа біткен ақауы бар сәбилер өзге ауруханалардағы, мысалы облыстық балалар ауруханасы, кардиохирургиялық орталықтағы тиісті маман-дәрігерлерге көрсетіліп, солардың қарауына жолданады, Қалалық перинаталдық орталығының негізгі қызметі – жүкті әйелдерді аман-есен босандыру, ана мен сәбиінің өмірін сақтап қалу болып табылады».
«Ақтау қалалық перинаталдық орталығында» бүгінгі таңда 40 дәрігер қызмет етсе, олардың 22-сі акушер-гинекологтар, 6-уы неонатологтар, 8-і анестезиолог-реаниматологтар, 4-уі өзге мамандар (лаборант, психолог), ал орта буын медицина қызметкерлерінің саны – 116.
Мамандардың санаттылығы: 25 категориялылар арасында 8 дәрігер – жоғары санатты болса, 3-уі – І категориялы, 14-і – ІІ категорияны иеленген. Орта буын медицина қызметкерлерінің категорияға ие болғандарының 26-сының 12-сі - жоғары санатты болса, 8-і - І категориялы, ал 6-уы ІІ категорияны иеленген. Ғалия Құдайбергенқызы бүгінгі таңда орта буын қызметкерлерінің санатын жоғарылату мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
2015 жылғы туу көрсеткіштері туралы сауалға директордың орынбасары: «Өткен жылы біздің Орталықтың қызметкерлері 5118 әйелді босандырды, солардың 4478-і уақытында жеңілденсе, 139 ана – ерте босанды, 501-і күнінен кеш босанып, үйінде босанғандар болған жоқ, 15 егіз сәби дүниеге келді, бір – үшем туылды. Барлық дүние есігін ашқан сәбилердің саны – 5135 болса, солардың 5127 - сі тірі туылғандар, 6 – уы шетінеген (4-уі денсаулығының туа біткен ақауларына байланысты – пневмония, 1 –уі анасының 27-ші аптада қан кетуі салдарынан, 1-уі – жүрек ақауынан), 8 - сәби өлі туылған, олар перзентханаға келген анасының құрсағында өлі күйінде келіп түскен. Ота жолымен босанған аналар саны - 985 – ті құрап, ана өлімі болған емес», - деген мәліметтерді ұсынды.
«Ақтау қалалық перинаталдық орталығы» 2015 жылдың қараша айында облыстың медициналық мекемелерінің арасынан алғашқылардың бірі болып бірінші дәрежелі аккредитациялық сертификатқа ие болған.
Директордың орынбасары Ғалия Балжігітованың айтуынша: «1 наурыздан бастап, Орталықта дәрігерлердің пациенттерге ем-шараларды тағайындауы мен олардың орындалысы толық көрсетілген электрондық жүйе енгізілген. Ол арқылы әрбір ана мен баланың тиісті мөлшерде қабылдауы тиіс ем-домдары, мекемеге келіп түскен ананың анализдерінің нәтижелері, сол бойынша дәрігер тағайындаған емшаралар, босанған аналардың жай-күйін, сәбилерге берілетін тамақтандыру режимінің дұрыс сақталуын бақылап отыру мүмкіндігі пайда болды. Жаңадан енгізілген бұл электрондық жүйенің пайдасы өте зор».
Аталған перзентханада пациенттерді қолдау қызметі жұмыс жасайды. Бұл туралы:
- Оның функцияларына медициналық көмек көрсету тәртібінің бұзылу фактілерін анықтау жатады. Осыған орай, кез-келген пациент көрсетілген медициналық көмектің сапасына қанағаттанбаса, оның тәртібі мен сапасына қатысты өзге де проблемалармен кезіксе, пациенттерді қолдау қызметіне (ішкі бақылау қызметі) жүгінуге құқығы бар.
Пациенттердің құқығын қорғау мақсатында мыналар жұмыс жасайды:
- сенім телефоны: 26-64-42, осы номер бойынша медициналық персоналдың қызметтік этика нормаларын бұзу фактілері жөнінде хабарласуға болады.
- Шағымдар мен ұсыныстар жәшігіне аты-жөніңіз бен байланыс деректеріңізді (телефон, мекен-жай) көрсете отырып, жазбаша өтініш салуға болады.
- Бірінші басшының «блог-платформасы» біздің сайтымызда: р-сеnter.kz.
Пациенттерді қолдау қызметі әрбір өтінішті қарап, қысқа мерзім ішінде немесе бес күнтізбелік күннен кешіктірмей, өтініштің нәтижесі бойынша шағымданушыға ақпарат ұсынады, - деді Ғалия Құдайбергенқызы.
«Ақтау қалалық перинаталдық орталығының» директоры Махимова Ғалия Амангелдіқызы:
- Біздің мекеме пациенттеріміз – әйелдердің құқын қорғауға көп көңіл бөледі, яғни олардың біздің көрсеткен көмегімізге қанағаттануына бар күшімізді саламыз. Олардың біздің перзентханаға келіп, босануға деген ниетінің пайда болуына жұмыстанудамыз. Кез-келген психологиялық қолдау көрсетуге тырысамыз, барлық протоколдарды сақтап, босану кезінде әйелдердің қалауы бойынша қасында серігінің болуына жағдай жасаймыз. Жанында серігі бар әйел ешнәрседен қорықпай, ештеңеге алаңдамай, жақсы босануға бағытталады.
Азғантай шағым болса да біз оған көңіл бөлеміз, ренжіп кеткен аналар болса, тіпті үйінен шақыртып алып та оларға қандай көмек көрсете алатынымызды анықтаймыз. Жалпы біздің мақсатымыз – аналарға сапалы медициналық қызмет көрсету. Перзентханадағы кез-келген жайтқа талдау жасаймыз, дәрігерлер тарапынан қателік кетіп жатса, оны анықтап, келесіде болдырмауға тырысамыз.
Әрбір ай, тоқсан сайын кез-келген бөлімше меңгерушісі қорытынды шығарып, нәтижесін басшылыққа тапсырады. Соған орай аудиттің индикаторларына сай қай бағытта жұмыс жасауымыз керектігін анықтап, жаңадан жоспар құрамыз, оқу өткіземіз. Яғни, жұмысымыздың мониторингін жасап отырамыз,- деп мәлімдеді.
Биылғы жылдың 3 айында және Наурыз мерекесі күндері қалалық перзентханада қанша сәби өмірге келгені жайлы сұрағымызға директордың орынбасары Ғ.Балжігітова: «Жыл басынан бері 1247 туу көрсеткіші тіркелді, ал Наурыз мерекесін тойлау кезінде, яғни 19-23 наурыз аралығында біздің Орталықта 69 сәби дүние есігін ашты. Олардың 38-і ұл болса, 31-і қыз бала»,-деген мәліметті ұсынды.
Сәбидің іңгәлаған дауысын есту - әрбір отбасы үшін зор бақыт екені белгілі. Сол бақытты сезінуге көмектесетін перзентхана дәрігерлерінің еңбегі жемісті болып, халықтың алғысына бөленуіне, өмірге дені сау ұрпақ әкелетін аналардың қуанышына ортақтаса берулеріне тілектестігімізді білдірумен сұхбатымызды аяқтап, Орталықтан ұзай бердік.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему