Мейірімбек Тиыл жеңіспен оралды
27 Января 2016 (11:17) | 2002 | Автор: Мира Ботабекова
Маңғыстаулық өрен республикалық сайыстан жеңіспен оралды. Алматыда өткен «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз!» атты республикалық байқауда түпқарағандық Мейірімбек Тиыл ІІІ орынға ие болды. Фариза Оңғарсынова шығармашылығын насихаттап, ақын рухын асқақтату мақсатында ұйымдастырылған алғашқы сайыста жерлесіміз ел аймақтарынан келген 300 қатысушының ішінен оза шауып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған.
Мейірімбек Тиыл – Түпқараған ауданына қарасты Баутин елді мекеніндегі Жалау Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясының 3-сынып оқушысы. Өнерлі өрен сабақты жақсы оқып қана қоймай, кішкенесінен қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқығанды жақсы көреді екен.
Қазақ поэзиясының белді өкілі, аяулы ақын Фариза Оңғарсынова шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 7-15 жас аралығындағы 300-ден астам өнерлі жасөспірім қатысқан. Фариза оқулары өте тартысты өткен. Мейрімбек көркем сөз оқу аталымына қатысып, ақынның «Болдың ба, достым, Каспийде?» атты өлеңін оқыған.
«Фариза оқулары өте қызықты әрі күрделі болды. Сайыскерлердің барлығы осал емес, бәрі де жыр оқуда алдарына жан салмайтын нағыз көркем сөз шеберлері екен. Менің жасымдағы топта шамамен 80-дей үміткер болды. Мен өлеңді барынша жүрекпен сезініп, мәнерлеп оқуға тырыстым. Қазылар алқасы сондықтан жоғары бағалады деп есептеймін»,-дейді М.Тиыл.
Алғаш рет Қазақстан бойынша көркем сөз шеберлерін жинаған Фариза оқуларынан абыроймен оралған жас өрен тек өлең оқумен ғана емес, ғылым саласында еңбектеніп жүр екен. Жақында өткен облыстық ғылыми жобалар байқауында да бағы жаныпты.
«Мейірімбек Тиыл – гимназия сыныбында үздік оқиды, сыныбымыздың мақтанышы, үлгілі оқушы. Биылғы жылы бастауыш сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған «Зерде» ғылыми жобалар аудандық байқауға қатысып, І орынды жеңіп алған болатын. Жеңімпаз бала осыдан соң «Байырғы логика әлемі» тақырыбында облыстық байқауға барып, одан ІІ орын алды. Алда республикалық сайысқа аттанатын болады»,-дейді Ж.Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Г.Ноғаева.
«Өзгелерге үлгі боларлық өнерімен өрге жүзіп жүрген Мейірімбек Тиыл болашақта ғарышкер болсам деп армандайды. Қазақ арманын көкке ұшыруды ойлаған жас өреннің болашағына сәттілік тілеймін»,-дейді қуанышты жаңалықпен бөліскен белгілі журналист Анар Шамшадинова.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему