Дзюдошылар Қазақстан чемпионатына дайындық үстінде
25 Января 2016 (13:58) | 2481 | Автор: Нурганым Имашева
Бүгінде балуандар Ақтау қаласындағы «Жастар» спорт мектебінде бекітілген кестеге сай қызу дайындыққа кіріскен. Спорт залда 4-8 ақпанда Ақтөбеде дзюдодан жасөспірімдер арасында және 18-21 ақпан аралығында Өскеменде дзюдодан жастар арасында өтетін ҚР чемпионатында облыс намысын қорғайтын балуандар бас қосып, белсенді жаттығуда. Аймақтың атынан талай дүбірлі додаларға қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүрген өңір балуандарын Талғат Есекенов, Жомарт Қобыланов, Асхат Хапанов және Ерлан Серіков сынды өлкеге танымал жаттықтырушылар баптауда.
- Бұл жерде желтоқсан айының соңғы аптасында ҚР-ның чемпионатына облыстық іріктеуден үздік шыққан дзюдошылар дайындалуда. Залда түске дейін 20 балуан, түстен кейін 30-35 балуан жаттығуда. Дайындықты екі кезеңге бөлдік. Сол бойынша спортшыларымызды жаттықтырып жатырмыз. Бірінші кезеңде екі апта бойы дзюдошылардың физикалық формасын қалыпқа келтіру бағытында жұмыстанамыз, екінші кезеңде жарыс алдындағы дайындықты пысықтаймыз. Бұйыртса, бұл жолы ел Біріншілігінде облыс қоржынын 4 балуанымыз алтын жүлдемен толықтырады деген үміттеміз. ҚР Чемпионатында топ жарған балуандар Әлем, Азия Біріншіліктеріне қатысып, ел намысын қорғайтын болады,-деді біздің біздің басылымға берген сұхбатында облыс жасөспірімдерін дайындап жүрген белгілі бапкер Жомарт Қобыланов.
Талғат Есекенов-10 жылдан бері толықтай бапкерлікке бет бұрған. Бүгінгі күні бапкер аймақ жастарын алдағы додаға дайындауда. Оның айтуынша, өңірде дзюдо күресімен айналысатын балуандардың саны жыл санап артып келеді. Сондықтан да бұл жолғы жарыста аймақ намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрінетін спортшыларымыздың қатары көп.
- Бұл жолы ҚР чемпионатына облыстан 28 ұл мен 10 қыз қатысады деп күтілуде. Балуандарымыз Руслан Мұсаев, Рамазан Мамаев, Сұңғат Жұбатқан, Бауыржан Сағынғалиұлы, Кәмшат Қарасайқызынан үлкен үміт күтеміз. Оларды өзге мемлекеттерде өткізілетін дайындықтарда көрген әдіс-тәсілдерді және көп жылғы тәжіриемізді қолданып, дайындаудамыз.Бізді қуантатыны, өңірде дзюдо күресі жақсы дамып келеді. Әсіресе, Ақтау қаласының және Шетпе ауылы балуандарының белсенділігін ерекше атап өткім келеді,-дейді дзюдо күресінен облыстың жастарын жаттықтырып жүрген бапкер Талғат Есекенов.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему