Маңғыстаулық 10 үздік спортшы марапатталды
11 Января 2016 (11:16) | 3674 | Автор: Нурганым Имашева
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында халықаралық, әлемдік жарыстарда облыстың атын шығарып, ел үмітін ақтаған 2015 жылдың саңлақтары облыстық спорт басқармасының басшысы Сергей Пахомовтың арнайы марапаттауына ие болды. Басшы үздік спортшыларды жаңа жылымен құттықтап, алғысхат пен қаржылай сыйлықтарды табыс етті. Құттықтау кезінде басқарма басшысы жыл өткен сайын спорт саласын өркендетуге бөлінетін қаржының еселеніп келе жатқанын атап өтті.
-Спорт саласына бөлінген қаржы өткен жылмен саластырғанда 7%-ға көбейіп отыр. Өздеріңіз де білесіздер экономикалық жағдай әлемде тұрақты емес. Алайда мемлекетіміз жыл сайын спортқа көп көңіл бөліп, спортшыларымызға жағдай жасап отыр. Өз кезегінде спортшыларымыз да ел үмітін ақтап, халықаралық, әлемдік жарыстарда топ жарып, елге жеңіспен оралуда. Келер жылдан да үлкен үміт күтеміз. Облыста чемпиондардың қатары көбейеді деген ойдамын,-деген облыстық спорт басқармасының басшысы Сергей Пахомов, 2015 жылдың үздіктерін марапаттады.
Облыстық спорт басқармасының шешімімен «Жыл бапкері» атағы белгілі бапкер Марат Джакиевке, «Жыл спортшысы» атағы бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Берік Әбдірахмановқа берілді. Сондай-ақ, «Олимпиада үміті» аталымына дзюдо мен самбодан ҚР-ның спорт шебері, дзюдодан Азия чемпионы Сұңғат Жұбатқан, «Жыл жаңалығы» аталымына жүзуден ҚР спорт шеберіне үміткер Андрей Агуцков пен полиатлоннан ҚР спорт шеберіне үміткер Арина Мишеева, «Тұрақты спортшы» аталымына қазақша күрес пен самбодан талай республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген Мейрамбек Жаңабай лайық деп танылды.
«Паралимпиадалық спорт түрі бойынша жыл спортшысы» аталымы бойынша жеңіл атлетика мен жүзуден ҚР спорт шебері атанған Асқар Қуаныш және «Паралимпиадалық спорт бойынша жыл бапкері» аталымы бойынша жастарды республикалық, халықаралық жарыстарға тоғызқұмалақтан дайындап жүрген белгілі бапкер Бақыт Құдайбергенова марапатталса, «Болашағынан үміт күттіретін спортшы» аталымы каратэ-додан ҚР спорт шебері Ермек Айназаровқа, «Ардагер спортшы» аталымы Ресейде 70 жастан асқан ардагер спортшылар арасында өткен ашық чемпионатта топ жарған Вячеслав Чехоевқа табысталды.
-Бүгін 13 жастағы немерем Арина Мишеева «Жыл жаңалығы» аталымымен марапатталып, бәрімізді қуантты. Немерем биыл Сочида полиатлоннан өткен Әлем чемпионатына қатысып, үмітімізді ақтап, 1-орынды иеленіп, чемпион атанды.
Одан бөлек Шымкент қаласында өткен ҚР чемпионатынан да 1-орынды еншіледі. Арина 2010 жылдан бері полиатлонмен айналысады және жеңіл атлетикаға қатысады.
Өзім Ақтау қаласындағы жастар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінде жұмыс жасағандықтан, немеремнің де спортпен айналысып, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленгенін қаладым.
Арина болашақта жеңіл атлетикадан белгілі бапкер болғысы келеді және мен оның арманының орындалатынына сенемін,-дейді Аринаның спортшы әжесі Марина.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему