Жаңаөзендіктерге мерекелік тарту жасалды
14 Декабря 2015 (17:44) | 1602 | Автор: Мира Ботабекова
Жаңаөзен кәсіпкерлері Тәуелсіздік күні қарсаңында жерлестеріне тамаша тарту жасады. Мұнайшылар қаласында алғаш рет халыққа қызмет көрсететін көп мақсатты кешен ашылып, 21 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Астана» атауын иеленген кешенде заман талабына сай химиялық тазалау, кір және көлік жуу қызметтері көрсетіледі. Бірегей кешеннің ашылу салтанатына Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов қатысып, қала халқы үшін маңызды нысанның болашағына ұзақ ғұмыр тіледі.
«Астана» көп мақсатты заманауи кешенін өңірдің өзге елді-мекендерінде кездеспейтін бірегей қызмет көрсету орталығы деп атауға болады.
Бұдан былай шаһардағы мұнайшылар мен өзге де кәсіпорын жұмысшыларының киімдері осында жуып, тазаланатын болады. Химиялық тазалау мен кір жуу цехына жоғары сапалы қызмет түрін көрсететін соңғы заманауи жабдықтар әкелінді. «Тұтынушы тапсырысы жылдам орындалады. Бір тәулік ішінде кіршіксіз таза затыңызды қолға аласыз.
Электр қуатын барынша үнемдейтін қондырғылармен жабдықталған кешен бір күнде 200 келіге дейінгі киімді тазалауға қауқарлы. Мұндай қызмет Жаңаөзен қаласында тұңғыш рет ашылып отыр»,-деді кешен директоры Ернұр Ибраев.
Кешенде ашылған көлікк жуу қызметі де озық технологияға негізделген. Бір көлікті жуып шығуға небәрі 10-15 литр ғана су жұмсалады екен. Барлық жұмыс автоматтың көмегімен атқарылады. Жылдам әрі сапалы. Бұл жерде сондай-ақ тұтынушының автокөлігінің нөмірін танығыш қондырғы орнатылған. Бұл жиі келетін көлік иесін тану үшін, осылайша тұрақты клиент атанғандарға ерекше ілтипат көрсетуге бағытталған бағдарлама. Осындай қондырғы аймақта «Астана» кешенінде ғана іске қосылып отыр.
Көлігі жуылып болғанша оның иесі жылдам қызмет көрсету дәмханасында күтіп, демала алады. Мұнда орналасқан теледидар арқылы көлік жуу процесін тұтынушының өзі бақылай алады. Қызмет көрсетудің сапасы жағынан да аталған фаст-фуд қалада үздік болып тұр. Кафеде тегін интернет желісі жұмыс істейді.
«Астана» кешені бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды басты мақсат етіп қойған. Кешеннің ашылуына орай 21 тұрғын тұрақты жұмысқа қабылданды. Екі қолға бір күрек тапқандардың барлығы жергілікті әкімдікте жұмыссыздар тіркеуінде тұрған азаматтар.
Ернұр Ибраев, «Астана» халыққа қызмет көрсету кешенінің директоры:
- Кешенге қызметке қабылданғандардың басым бөлігі жастар. Барлығы Астана мен Алматы қалаларына арнайы оқуға жіберіліп, жаңа үлгідегі жабдықтарда жұмыс істеуді үйреніп келді. Алдағы уақыта қызмет аясын кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыруды көздеп отырмыз. Енді жұмысқа қабылданатын жас жұмыскерлерді Астана және Алматыда жаңа кәсіптерге маманданған қызметкерлеріміз үйретпек. Яғни, «Астана» көп мақсатты кешенінде мамандар сабақтастығы қалыптаса бастайды.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему