Қос балуан қоланы еншіледі
8 Декабря 2015 (09:17) | 1535 | Автор: Нурганым Имашева
Талдықорған қаласында самбо күресінен ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 82 келі салмақта белдескен маңғыстаулық балуандар Асхат Хапанов пен Ғайса Қалмұханов (+100 келі салмақта) қола медальді жеңіп ап, жерлестерін қуантты. Дүбірлі додаға еліміздің он төрт облысынан 200-ге жуық балуан қатысқан.
Жарыста аса ауыр салмақта облыс намысын қорғаған Ғайса Қалмұханов павлодарлық және алматылқ балуандардың жауырынын жерге тигізіп, таза жеңіске жетті. Алайда, ақтық сында ақтөбелік балуанға жол беріп, қоланы қанағат тұтты.
-Жарыста менің салмағымда 18 балуан күресті. ҚР чемпионаты болғандықтан әр балуан облысының намысын абыроймен қорғап, туған жеріне жеңіспен оралғысы келеді. Сондықтан да мықтылардың арасынан топ жарып, қоланы иелену де - мен үшін жетістік. Жалпы, мен осы уақытқа дейін бірнеше республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдегер атандым.
2014 жылы Азия чемпионатында топ жарып, қоланы еншіледім. Әрине, мұның барлығы мені жарыстарға дайындаған бапкерімнің еселі еңбегінің жемісі. Сондықтан да Манарбек ағайыма айтар алғысым шексіз, бапкерімнің жолымен мен де чемпиондарды дайындап, еңбек ететін боламын, -дейді Ғайса Қалмұханов.
Аталмыш жарыста тағы бір қоланы еншілеген балуан Асхат Хапанов-бүгінде Ақтау қаласындағы жастар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінде шәкірт тәрбиелеп, бапкерлікпен айналысуда.
Білікті бапкер, білекті балуан Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат- колледжінде білімін шыңдаған.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему