Маңғыстауда алғаш рет жұмсақ ойыншықтар тігіле бастады
26 Ноября 2015 (10:00) | 2616 | Автор: Мира Ботабекова
Маңғыстау облысында алғаш рет жұмсақ ойыншықтар тігіле бастады. Жаңаөзен қаласының тұрғыны Толқын Үсенова мемлекеттің қолдауымен отандық ойыншық тігетін цех ашты. Шетелдің сапасыз ойыншықтарынан көрі баланың санасына да, ағзасына да залалы жоқ жергілікті ойыншықтарға деген сұраныс арта түскен. Тұрғындар дүкен сөрелеріне жеткізбей-ақ цех басынан сатып алып кетуде.
Толқын Үсенова бала күнінен ойыншық жасап, қуыршақ тігуге құмартып өсті. Бертін келе қолынан іс келетін ол үйде отырып, түйе, қоржын сияқты шағын кәдесыйлар тігетін болды. Бірде сүйікті ісін неге табыс көзіне айналдырмасқа, деген ой туады. Толқын Үсенова бизнес-жоспар құрып, Жаңаөзен қалалық әкімдігіне барады. Жобасы сәтті шыққан Толқын кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантқа ие болады. 3 млн теңгеге қол жеткізіп, бұл қаржыға тігін машиналарын, құрал-жабдықтар мен мата, жіп сатып алады.
Толқын Үсенова, жеке кәсіпкер:
-Осы жылдың шілде айында аштым. Қалалық жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған 3 қыз-келіншекті жұмысқа қабылдадым. Барлығының қолынан іс келеді. Жұмысты тез-ақ меңгеріп алды. Мұндай жұмсақ ойыншық тігетін өндіріс аймақта болмағандықтан барлығын жаңадан бастауымызға, өзіміздің үйренуімізге тура келді. Ойыншықтардың дизайнын өзіміз сызамыз.
Қазір мұнайшылар қаласында орналасқан шағын цехта жұмыс қызу жүріп жатыр. Күніне жұмсақ ойыншықтардың оншақтысын дайындау қажет. «Баланың ағзасына ешқандай зияны жоқ табиғи материалдардан тігілетіндіктен жергілікті ойыншықтарға сұраныс арта түскен. Бағасы да нарықтағыдан анағұрлым арзан, 30-40 пайызға төмен. Сондықтан да тұрғындар дүкен сөрелеріне жеткізбей-ақ цех басынан алып кетуде.
Толқын Үсенова, жеке кәсіпкер:
- Көбнесе балаларына және арнайы туған күн, қуаныш иелеріне тапсырыс беріп жатады. Бірі туған күн иесінің аты мен жасын жаздырса, енді бірі «сүйіктіме», «құрбыма» деген жазу кестелегенімізді қалайды.
Жұмсақ ойыншықтардың арасынан аю дейсіз бе, қоян, қасқыр, ат, түйе дейсіз бе жан-жануар мен аң-құстың барлық түрін таба аласыз. Келе жатқан мешін жылына орай, маймыл ойыншықтарға сұраныс артқан. Ойыншық сатушылар түрлі пішіндегі маймылдарға тапсырыс беріп үлгеріпті. Ойыншық тігуге қажетті шикізатты Алматы қаласынан алдыртады екен, яғни отандық өнімнен тігіледі.
Толқын Үсенова, жеке кәсіпкер:
-Құрамында синтетикасы жоқ, таза мақтадан тігіп жатырмыз. Жұмсақ, балаларға аллергия бермейтін маталарды таңдаймыз. Сосын ішіндегі салатын заты ол синтепух деп аталады. Оның құрамыда ешқандай гель жоқ, балаларға зиян келтіретін қоспасы жоқ, экологиялық таза деп есептеледі. Құрт-құмырсқа жоламайды. «Ал, шетелден келетін жұмсақ ойыншықтардың маталары көбнесе шаң жинайды», деп көп ата-аналар оларды алып бергісі келмейді.
Жаңаөзенде шығып жатқан ойыншықтардың тағы бір ерекшелігі – кірлеп қалған кезде кір жуғыш машинаға жуып алуға болады. Ішіндегі материалдар ылғалды көп сақтамайтындықтан тез кебеді.
Сүйікті ісін табыс көзіне айналдыра білген жас кәсіпкердің ендігі мақсаты – шетелдің сапасыз ойыншықтарын ысырып, қазақ балаларын отандық өніммен қамтамасыз ету. Қазір шағын цехтан шығып жатқан ойыншықтар Жаңаөзен қаласындағы дүкендер мен базар сөрелеріне шығарыла бастады. Алдағы уақытта Ақтауға, одан әрі еліміздің өзге аймақтарына шығару жоспарда бар.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему