Оқушылар қатынап оқу машақатынан құтылды
12 Ноября 2015 (14:46) | 1750 | Автор: Мира Ботабекова
Мұнайлы ауданы Атамекен ауылдық округінің Жалын тұрғын массивінің балалары алысқа қатынап оқу машақатынан түбегейлі құтылды. Ауылда 1200 орынға арналған заман талабына сай жаңа мектеп пайдалануға берілді. 8 жылдан бері бұл ауылдың балалары Ақтаудағы мектептерге қатынап білім алатын еді. №12 орта мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Алик Айдарбаев қатысып, оқушылар мен ұстаздарды жаңа қоныспен құттықтады.
Екінші тоқсанды жаңа мектепте бастаған оқушылардың қуанышында шек жоқ. 11-сынып оқушысы Ақерке Берекетова қиын күндердің артта қалғанын айтады. «Аязды күндері көлік күтіп, тоңатынбыз, ал жаңбырлы күндері батпаққа батып, малмандай су болушы едік. Бұл машақаттан құтылдық-ау әйтеуір. Ауылдан жаңа мектеп ашылып, қуанып тұрмыз»,-дейді мектеп оқушылары.
Ақерке Берекетова, 11 сынып оқушысы:
-Мектепке қатынау өте қиын еді. Ақтаудағы мектепке, сабаққа үлгеру үшін таңертең 6-да тұрып, үйден 7-де шығып кетеміз. Кейде автобустан қалып қойып, сабақтан кешігіп қалатынбыз. Ондайда таксимен баруға тура келетін. Ал, үйдің қасынан жаңа мектептің ашылуы біздерге әрине қолайлы. Биыл біз үшін жауапты жыл, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаламыз. Енді қатынап оқу мәселесі ҰБТ-ға дайындалуға кедергі келтірмейтін болды.
Осыған дейін оншақты шақырым жердегі облыс орталығына қатынап оқып келген екі жарым мың оқушы енді өз ауылында білім алады. № 12 орта мектеп 2015-2016 оқу жылының ІІ тоқсанын 2359 оқушымен бастайды, оның ішінде 130-ы бастауыш буындағы орыс сыныбының оқушылары.
Үш қабатты сәулетті ғимарат құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 1 жарым млд теңге жұмсалған. Мектепте жалпы оқу бөлмесі-84, соның ішінде информатика кабинеті–4, металл өңдеу кабинеті–1, ағаш өңдеу кабинеті–1, тігін шеберханасы–1, спорт зал –1, асхана–1 (асханадағы орын саны–416), лингафонды кабинет–6, кітапхана–1, АКТ зал–1, (орын саны–405), химия кабинеті-2, оның ішінде интер белсенді тақтамен жабдықталған кабинет саны–1, биология кабинеті-2, физика кабинеті-2, алғашқы әскери дайындық кабинеті-1.
Мұндағы интерактивті тақталар, лингафон сыныптары, арнайы зертханалар және металл, ағаш өңдеу, тігін шеберханалары оқушылардың саналы білім алып, олардың қабілеттерін ашуға мүмкіндік бермек.
Білім ордасының ашылуына орай, 200 жергілікті тұрғын жұмысқа орналасты.
Ботагөз Бегленбаева, №12 орта мектептің мұғалімі:
-Бұрын қаладағы №10 мектепте жұмыс жасайтын едім. Қазіргі күнде өзіміздің елді мекенімізден, үйіміздің жанынан мектеп ашылғанына өте қуаныштымыз. Сол себепті мен осы мектепке жұмысқа орналасып жатырмын. Білім сапасының артуына жұмыстанамыз. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы шығамыз деген ниетіміз бар. Әрине біз қазір халықтың баласына сапалы білім беру үшін жұмыстанамыз.
Жаңа мектептегі жалпы мұғалім саны - 152, оның ішінде бастауыш сыныптарда 47 мұғалім, 5-9 сыныптарда 73 мұғалім, 10-11 сыныптарда 32 мұғалім. Олардың 54-інің кәсіптік және техникалық білімі, 98-інің жоғары білім бар.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему