Кішкентай пациенттер, үлкен үміт: Есік дәрігерлеріне жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтауға арналған жаңа жабдықтар табысталды
11 Сентября 2026 (11:54) | 1
|
Автор: Редакция

Жаңа туған нәрестелердің көпшілігі өмірінің алғашқы секундтарында-ақ өздігінен тыныс ала бастайды. Алайда мерзімінен бұрын немесе ауыр асқынулармен дүниеге келген сәбилердің өздігінен тыныс алуы әрдайым мүмкін бола бермейді. Дәл осы алғашқы сындарлы минуттарда дәрігерлерге тәжірибе мен білім ғана емес, кішкентай пациенттің өмірі үшін күресте аса маңызды уақытты ұтуға мүмкіндік беретін заманауи жабдық та қажет.
Алматы облысы Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталық дәрігерлерінің мұндай мүмкіндіктері енді арта түсті.
Halyk Bank-тің қолдауымен AYALA қайырымдылық қоры медициналық мекемеге жалпы жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия жүргізуге арналған заманауи жабдықтарды табыстады.
Орталық өкпені жасанды желдету аппаратын, жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық жүйені, фототерапияға арналған үш шамды және екі инфузиялық сорғыны алды. Медициналық мекеме үшін бұл жай ғана жаңа жабдық емес. Бұл – дәрігерлерге күн сайын ең кішкентай әрі осал пациенттерді күтіп-баптауға көмектесетін құрал-жабдық.
Бастапқыда жоба Еңбекшіқазақ көпсалалы аудандық ауруханасы үшін әзірленген болатын. Алайда 2026 жылдың ақпан айында босандыру блогы жаңа ғимаратқа көшіп, Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталық мәртебесіне ие болды. Бұл бүкіл ауданның жүкті әйелдері мен жаңа туған нәрестелеріне мамандандырылған көмекті осы жерде шоғырландыруға мүмкіндік берді.
«Жыл сайын біз шамамен 4000 босануды қабылдаймыз. Жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімінде 14 төсек-орын бар. Мұнда тұрақты мониторинг пен мамандандырылған күтімді қажет ететін шала туған нәрестелер күн сайын емделіп, күтімге алынады. Тек 2026 жылдың алғашқы алты айында біздің перинаталдық орталықта 1190-нан астам босану қабылданды. 135 шала туған сәби дүниеге келді, оларға өмірінің алғашқы минуттарынан бастап шұғыл медициналық көмек, ал кейбір жағдайларда реанимациялық көмек қажет болды. Берілген жабдық үшін алғысымызды білдіреміз. Оның арқасында дәрігерлердің қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге және балалардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндігі арта түседі», – деп түсіндірді Есік қаласындағы облыстық перинаталдық орталықтың директоры Дәурен Иманалиев.
2024 жылғы деректер бойынша Алматы облысы нәрестелер өлімінің деңгейі ең жоғары өңірлердің қатарында болды – тірі туған әрбір 1000 нәрестеге шаққанда 8,38 жағдай. Сондықтан өңірде перинаталдық көмекті дамыту және медициналық мекемелерді заманауи техникамен жабдықтау ерекше маңызға ие.
Табысталған жабдық дәрігерлерге жаңа туған нәрестелердің жағдайын тезірек тұрақтандыруға, респираторлық қолдау көрсетуге, неонаталдық сарғаюды емдеуге және өмірлік маңызы бар дәрілік препараттарды жоғары дәлдікпен мөлшерлеуге мүмкіндік береді.
AYALA қайырымдылық қоры үшін бұл жоба жиырма жылға жуық уақыт бойы Қазақстанның мемлекеттік медициналық мекемелеріне шала туған және ауыр науқас жаңа туған нәрестелерді күтіп-баптауға заманауи жағдай жасауға көмектесіп келе жатқан республикалық «Өмір сыйлайық» бағдарламасының жалғасы болды.
Қордың Halyk-пен ынтымақтастығы 2010 жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде банк AYALA қорының жаңа туған нәрестелердің денсаулығын қорғауға бағытталған қайырымдылық жобаларына шамамен 850 млн теңге бөлді.
«Біз мемлекетпен, дәрігерлермен және серіктестерімізбен бірге Қазақстандағы заманауи неонаталдық көмек жүйесін дәйекті түрде қалыптастырып, жетілдіріп келдік. Бүгінде осы ауқымды бірлескен жұмыстың тамаша нәтижелерін көріп отырмыз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы неонаталдық өлім-жітімнің ең төмен деңгейіне қол жеткізді, ал дене салмағы экстремалды төмен балалардың өміршеңдігі төрт есе артты. Біз үшін Halyk Bank-тің он бес жылдан астам уақыт бойы осы өзгерістердің бір бөлігі болып, мемлекеттің Орталық Азия елдері арасында неонаталдық көмектің сапасы бойынша көшбасшы болуына қолдау көрсетіп келе жатқаны ерекше маңызды», – деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Halyk денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, экология және халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау салаларындағы қайырымдылық және қоғамдық маңызы бар жобаларға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
Банктің атап өтуінше, әлеуметтік жауапкершілік стратегиясын іске асыруда ұзақ мерзімді әсері бар жобалар ерекше маңызды. Перинаталдық орталықтарды қолдау – дәл осындай бастамалардың бірі: бүгін табысталған жабдық дәрігерлер мен кішкентай пациенттерге әлі талай жыл қызмет етеді.
«AYALA қорымен бізді көп жылғы сенім мен бірлескен жұмыс байланыстырады. Біз Қорды құрылған алғашқы күндерінен бастап дерлік қолдап келеміз, өйткені мұнда әрбір жобаға, әрбір шешімге және ең бастысы, әрбір баланың өміріне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын білеміз. Осы жылдардың артында жай ғана сандар мен есептер тұрған жоқ – бұл дер кезінде көмек алған ондаған мың бала және сол көмек үміт сыйлаған мыңдаған отбасы. Halyk үшін қайырымдылық туралы жай ғана айтып қоймай, оны күн сайын нақты нәтижеге айналдыратын серіктестің жанында болу ерекше маңызды. Біз үшін бұл ынтымақтастық – ең алдымен сенімнің, жауапкершіліктің және құтқарылған баланың өмірінен қымбат ештеңе жоқ деген ортақ сенімнің тарихы», – деп түсіндірді Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.
Табысталған әрбір аппарат қайта-қайта пайдаланылып, дәрігерлерге жүздеген жаңа туған нәрестенің өмірін сақтап, оларды күтіп-баптауға көмектеседі. Медициналық орталық үшін бұл – маңызды жабдық, ал дәрігерлер үшін – ең жауапты сәттердегі қосымша мүмкіндік.
Ал әрбір отбасы үшін бұл аппараттардың артында өзіне ғана тән, жалғыз әрі ең маңызды оқиға тұрады: алғашқы тынысын алуға көмектескен, күш жинап, өмір жолын бастаған сәби туралы оқиға.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему

Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz





